Ал былтырғы көрсеткіштерге келетін болсақ, облысымыз өткен жылы қабылдау пункттері орналасқан 17 қала тізімінің бел ортасына жайғасыпты. «Оператор РОП» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірімізде 1930 ескі машина тапсырылған. Естеріңізде болса, сертификат беру бағдарламасы басталған кезде өңіріміз өзгелерден көш ілгері болды. Бір ай ішінде жеңілдікті сертификаттар алушылар саны жағынан бірінші орынға шыққан еді. Бүгінде оңтүстік өңірлердің белсенділігі артқан көрінеді. Әсіресе, Шымкент қаласы жеті мыңға жуық көлік тапсырып, көш басына шығыпты.

Серіктестіктің баспасөз қызметінің өкілі Жомарт Рақымжанның айтуынша, елімізде былтыр жоюға 40 880 ескі автомобиль тапсырылған. Олардың 13 мыңының иесі ескі көлігі үшін сертификат алуды ұйғарған. Яғни, ескі «темір тұлпарларын» тапсырып, есесіне отандық өндірушілердің су жаңа көліктеріне қол жеткізу үшін сертификат алған. Ескі жеңіл және жүк көліктері үшін сертификаттар үлестіруді көздейтін бағдарлама 2017 жылдың маусымында қолға алынғаны белгілі. Содан бері 20 900 автокөлік қабылданыпты. Ал табысталған сертификаттың 19 700 отандық өндірушіден 10 700 автокөлік сатып алуға пайдаланылған көрінеді. Бір жаңа көлік алуға екі сертификатты біріктіруге болатыны белгілі. Жеңілдікті сертификаттың құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында бағалануда.

Бірақ құзырлы министрлік қарастырған сертификаттар саны сұранысты толық қанағаттандыра алмауда. Өйткені, тозған көлігін тапсырып, сертификат алуға ниеттілер қатары аз емес. Әлбетте, көлік иелері ақшалай 150 мың теңге алғанның орнына құны екі еседен асатын сертификатты пайдаланғанның тиімділігін түсінді. Сондықтан, тұрғындар сертификат санын барынша көбейтуді сұрап, өтініш білдіруде. Жуырда бұл жөнінде «Оператор РОП» ЖШС-нің пайдаланудан шыққан көліктер жобасын жүзеге асыру бөлімінің басшысы Алмас Дүйсенбай мәлімдеді. Сондай-ақ, ол көптің пікірі ескеріле, еліміздің Энергетика министрлігі сертификат санын көбейтуді көздеп отырғанын айтты.

Қазақстанда автомобиль паркін ескілерінен тазартуды көздейтін бағдарлама 2016 жылы қолға алынды. Алғашында тозығы жеткен «темір тұлпарын» тапсырғандарға тек қана ақша үлестірілсе, араға жарты жыл салып, ескі көліктер иелеріне жеңілдікті сертификаттар берілді.

Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде еліміз 87 мыңнан астам ескі көліктен құтылған. Жобаның басты мақсаты да – осы, дейді мамандар. Оған қоса, бағдарлама отандық көлік өндірушілерді ынталандыруға да мүмкіндік беруде. Тозығы жеткен көлігін өткізген қазақстандықтарға 10 млрд. 51 млн. 170 мың теңге төленіпті. Жоюға тапсырылған автомобильдердің басым бөлігі - кеңестік кезеңде шығарылған «Жигули», «Москвич», «Волга» және тағы басқа маркалы машиналар. Ең ескісі 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңасы - 2014 жылы құрастырылған «LADA» 21901. Ал жалпы өткізілген көліктердің орташа «жасы» - 20-30 жыл.

Жоюға тапсырылған көліктердің ары қарайғы «тағдырына» тоқталсақ, қабылдау пункттерінде жиналған ескі автомобильдер брикеттеледі. Ауыр техникамен көліктің қаңқасы толығымен шаршы түрінде жапырайтылып, Қарағандыдағы қайта өңдеу зауытына жөнелтіледі. Мұнда пластик бөлшектері одан әрі өңдеуге жіберілсе, металл қайта балқытылады. Қара және түсті металл құймалары жасалады. Бүгінге дейін қарағандылық кәсіпорында 57 785 көлік қайта өңделіпті.

Енді бағдарламаны жүзеге асырушы «Оператор РОП» ЖШС құзырлы министрліктің биылғы жылға бекітетін квотасын күтіп отыр. Құжат дайын болған соң еліміздегі ескі көліктерді жою жалғасын таппақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz