Біздің аймақта қазақ тілін үйрету мақсатында 2016 жылдан бері «Тіл керуені» жобасы жүзеге асырылып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын және Тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары аясында бұл жоба биыл да жалғасын тапты. Оның авторы және қазақ тілі сабағын жүргізуші Шолпан Кинжикова.

Бұл туралы облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ержан Төкенов былай дейді:

- 2016 жылдан бері осы жоба арқылы 400-ге жуық адам мемлекеттік тілді үйренді. Жобаның мақсаты - тіл мәдени-туризм арқылы тілдік ортаға ену және меңгеру, яғни мәдени-туризм арқылы тілдік қарым-қатынас үрдісін жасау болып табылады. Курс тыңдаушылары қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, мәдениетімен танысып, мақал-мәтел, шешендік сөз өрнектерін қазіргі заманға сай рухани сабақтастықта үйренеді.

Ең алғаш 2016 жылы Ақсу қаласында бастау алған жоба нәтижелілігін көрсетті. Содан бері де облысымыздың барлық аудан, қалаларын қамтыды. Тіл үйренушілерге қазіргі заманға сай ерекше сабақ түрлері, атап айтқанда, ойын-сабақтары, флеш-тренингтер, ойынның психологиялық сипаттағы жаңа технологиялары қолданылуда.

- Өткен жылы облыстың қала, аудандарынан 90 адам өз қаражатына оқыды. Биыл жоғарыда аталған әр ауданнан 20 адамды оқыту үшін бюджеттен 2 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұған курс тыңдаушыларының жатын орны, тамағы, жолы, оқуы енгізіледі, - дейді Ержан Төкенов. - Аудандар мен қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері өз есептерінен аталмыш курс бойынша мамандарын оқытуды қарастыруда.

Айта кетейік, тыңдаушылар тек тілді үйреніп қана қоймай, музей, мұражай, театр сынды әлеуметтік мәдени орындарды да аралайды.

Биылғы жылы «Тіл керуені - 2019» жобасы Тереңкөл, Железин, Шарбақты аудандары мен Екібастұз қалаларында ұйымдастырылуда. Оқытылу мерзімі - 40 сағат, яғни 5 күн. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға арнайы сертификат беріледі. Жоба аясында әсіресе балабақша тәрбиешілерінің мемлекеттік тілді үйренулеріне маңыз беріліп отыр. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын аймақтағы балабақшаларды кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру, ол үшін тәрбиешілерді оқыту қажеттілігі туралы мәселе көтерілген болатын. Сондай-ақ, балабақшалар мен мектептерге латын қарпіне толық көшу 2025 жылға дейін жоспарланды. 2020 жылы мектепке баратын бала балабақшадан қазақ тілін білуі және латын қарпін үйренуге дайын болуы тиіс. Бұл жағдай балабақша тәрбиешілеріне зор міндет жүктеп отыр. Сондықтан олардың мемлекеттік тілді үйреніп, еркін сөйлеп, жаза білу, мақал-мәтел, көркем сөздерді қолдана білуі маңызды.

Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты. Елбасы Н.Назарбаев: «...мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 2020 жылға қарай кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деген болатын. Сол айтылған межеге де кеп қалдық. Талай жылдар бойы орыстілді қандастар үшін де, өзге ұлт өкілдері үшін де мемлекеттік тілді үйренулері үшін жағдай жасалып келеді. Әлі де жалғасуда. Ниет оң, ықылас дұрыс болса, алынбайтын асу жоқ. Міне, «Тіл керуені - 2019» жобасы - сол игіліктің жалғасы. Нәтиже болсын деңіз...

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz