Биліктегілер бәрі заң талаптарына сай жүргізіліп жатқанын алға тартса, екі қабатты ескі үйлердің тұрғындары панельді әрі көңілдеріне жақпайтын баспанаға аяқ баспайтындарын айтуда.

Облыс әкімі Болат Бақауов тұрғындардан түскен жазбаша әрбір сұраққа жауап берді. Мәселен, шағын ауданның белсенді тобы №12 және №15 үйлердің жобасы неліктен шағын етіп жасалғанын сұрап отыр. Аймақ басшысы мұнда барлық құрылыс нормалары сақталып, арнайы мемлекеттік сараптамадан өткенін мәлім етті. Тұрғындар «Алюминстройдан» алғашқы болып көшкендерге қазіргілерден жағдайы жақсырақ баспаналар берілгеніне, ал кейінгілеріне шағындарының бұйыратынына наразы. Аймақ басшысы құрылыстың алғашқы кезеңінде айналымда үй болмай, қолда бары үлестірілгенін, панельді үй салатын комбинаттың болмағанын түсіндірді. Тағы бір ескеретіні, сүрілетін үйлер апатты емес ескірген баспаналар санатына жатады, сондықтан, бас жоспарға сәйкес құрылыс жүргізілуде.

Тұрғындар жолдаған сауалдарында қандай үйлер салынатыны ертерек айтылмағанын алға тартқан көрінеді. Болат Бақауов «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатыны әрі макеті 2013 жылдан бері талай таныстырылғанын кесіп айтты. Белсенді топ жобалық құжаттармен алдын ала таныспадық деп те реніш білдіріпті. Аймақ басшысы заңға сәйкес мұндай құжаттарды әзірлеуге тұрғындар тартылмайды, деді. Санитарлық тораптардың біріктіріліп салынғаны да - жаңа үйге көшпейміз деп табандап тұрған тұрғындардың талабының бірі. Мұны да облыс әкімі тиісті құрылыс нормаларына сай жасалғанын жеткізді. Тұрғындарға бұл уәждермен келіспесе, тиісті органдар арқылы арыздануларына әбден болатынына кеңес берді. Көптің көңілінен шықпай жатқан үйлердің құрылысын жүргізуші «ДСК-Монтаж» ЖШС-нің бұған дейін сенімсіз әрі жауапсыз мердігер екені белгілі бола тұра, мемлекеттік сатып алуларға қатысуына неліктен жол беріледі деп аң-таң тұрғындар. Бұл мәселенің де мәнісін облыс әкімі түсіндіріп берді. Яғни, құзырлы органдар тексеріс жүргізген, шалағай жұмыстары анықталған, мердігер кемшіліктерді жоюды мойнына алған. Сондықтан, мемлекеттік сатып алуларға қатысуға шектеу қоюға еш себеп жоқ, деді Б.Бақауов. Шағымданушы азаматтар салынып жатқан үйдің құрылысын қадағалауға құштар көрінеді. Бірақ, құрылыс алаңына тапсырыс беруші, техникалық қадағалау сынды құзырлы орган өкілдерінен өзгелердің кіруіне рұқсат жоқ.

Кездесуде әкімдік айтарлықтай табанды шешім қабылдағаны белгілі болды. Нақтысы, «Сарыарқа» шағын ауданында салынуы тиіс №29 үйге былтыр 19 желтоқсанда жарияланған конкурсты болдырмау жөнінде шешім қабылдаған. Мемлекеттік сатып алулар басқармасына хат түсірілмек. Осылайша, мемлекеттік сатып алулар порталындағы екі подъезді 9 қабатты үйге конкурс жойылмақ. Бұл үй орналасуы тиіс орындағы ескі үйдің бірнеше тұрғыны ұсынылып отырған баспанадан бас тартып отыр. Енді бұл үйдің құрылысы «Достық» шағын ауданына көшірілмек. Облыс әкімі «Сарыарқа» шағын ауданынан бірнеше күннің ішінде 20 шақты хат келгенін айтты. Онда бірі мынандайды, екіншісі тағы басқасын қалаймыз деген сипаттағы өтініштер білдірілген. Аймақ басшысы дауласып отыруға уақыттың жоқтығын, бәріне қала билігі жазбаша жауап беретінін мәлім етті.

Бұл тектес талап-тілектер аймақ басшысымен тікелей кездесу кезінде де жалғасын тапты. Нақты мысалдар да келтірілді. Тез жанатын құрылыс материалдары қолданылғанын айтып, наразылық білдірді. Облыс әкімі құрылыс жұмыстары әлем кеңінен пайдаланатын фин технологиясы бойынша жүргізілгенін жеткізді. Көбіне пәтерлер төбесінің биіктігі көңілдеріне жақпауда, ескі үйде 2,8 метр болса, жаңаларында 2,5 метр. 9 шаршы метрлік ас бөлмені аздық етуде, бөлмелердің орналастырылуын да ұнатпаған. Белсенділер қазіргі баспаналарына сай келетіні ұсынылғанға дейін ешқайда көшпейтіндерін айтты. Тіпті, ескі үйлердің бірінен бірнеше пәтер иесі көшіп кетсе де, қалғаны ары қарай тұра беруге әзірміз, дейді. Тағы айта кетерлігі, жаңа үй салынғанша жалдамалы пәтерлерде тұрған азаматтардың пәтерақысын мемлекет төлеп келгені белгілі. Енді билік ұсынған баспанадан бас тартқандар ары қарай жалдамалы пәтерінің ақысын өзі төлейтін болады. Бүгінде осы бағыттағы қаржыландыру тоқтатылған.

Биліктегілер өз ұстанымдарын білдірді. Бас тартылған пәтерлерді үш жолмен үлестіру жағы қарастырылатынын атап өтті аймақ басшысы. Мемлекеттік қызмет-шілерге, бюджеттік қызметкерлерге беру, «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылымға шығару немесе аталмыш ауданда ескі үйлерден көшуге әзір тұрғындарды қоныс-тандыру жайы қарастырылады. Енді тұрғындардың қандай тоқтамға келетінін уақыт көрсетер.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz