Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиеселі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылықпен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқанын, көшпелілер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі деді. Мәдени кодтың бір нышаны жас баланы қамшы ұстатып «ашамайға мінгізуден» басталуы тегін болмаса керек. Жерде жүрген жас бала үшін үзеңгіге аяғын салып, биікке ұмтылуда алған әсерін ғарышқа ұшқан ұшқышпен теңеуге ғана болатын шығар. Ат әбзелі - үзеңгі мен киіз үй жабдығының бірі - үзікшығу тегі қаншалықты ұқсас болса, қазақ мәдениетінің соншалықты мазмұнды, терең екендігін көрсетеді. Ат әбзелдерін: ер-тұрман, айыл, жүген, көпшік, қанжыға, терлік, құйысқан, ноқта, өмілдірік, тебінгі, шеттік, шылбыр, айылбас, ауыздық, кісен, таға, үзеңгі т.б. атап өтуге болады. Осы орайда, қамшы және қамыт сөздерінің де өзара мәндес екендігі байқалады. Мақалада атты әскердің дамуы біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпелілердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңғы болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі - айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал еткенін тарихи мәліметтерге сүйене отырып пайымдаған. Орта ғасырда Қазақстан аумағын мекендеген халықтар «Ұлы Жібек жолымен» әлемдік саудаға асыл тұқымды жылқы шығарумен әйгілі болған. Сол себепті ертедегі деректерде Түркі қағанаттарын солтүстіктегі «сәйгүліктер патшасы» деп атаған, ал дамыған орта ғасырда қыпшақ жылқылары Орта Азия базарларында аса қымбат бағаға бағаланған.

Есте жоқ ескі заманда пайда болған «Керқұла атты Кендебай», «Ер Төстік» ертегілеріндегі Кендебай, Шойынқұлақ, Темір хан, т.б. металл кендеріне байланысты аттары қойылған. Жер астының еліне түсіп, небір қиыншылықты жеңген Ер Төстіктің кен өндірген алғашқы шахтердан несі кем. Ертегідегі металдан жасалған кейбір заттарды: тоғыз қабат кетпен, темір таяқ, темір етік, мосы, бақыр, сырға, ақсырмалы сауыт, болат кездік, садағының ұшын шығаратын егеу, кісе, қазан, т.б. атап өтуді жөн санадық. Металл өңдеуде қолданылатын құрал-жабдықтарды да ішінара атап өтейік: атауыз, балға, безеу- бас, егеу, кемпірауыз, кескіш, көрік, қадаубас, қашау, қорам, қырғы, шымшуыр, түрпі, шапқы, шарық, шаттауық, т.б. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді деген еді Елбасы өзінің мақаласында.

Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті «Аң стилі өнерінен» байқалады. Егеменді Қазақстанның символдарының бірі - жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпатты текті қар барысы екендігін атап өткен. Көне дәуірдегі шеберлер аңның қиялдағы немесе шынайы бейнелерінен сан түрлі мүсін жасаған. Сақ қолөнершісі көбінесе аңның, құстың, жан-жануарлардың мүйізін спираль тәрізді дөңгелетіп, ою-өрнекке айналдырып отырған. Ал мысық тобына жататын жолбарыс, барыс т.б. аңдардың тек бас мүсіндерін жасаған, олардың ауыздарын арандай аштырып, тістерін ақситып көрсеткен, деп жазады жылнамада. Скифтік «аң стилін» үш кезеңге бөліп: архаикалық кезең, өрлеу кезеңі, көне скиф «аң стилі» деп қарастыруға болады. Скифтер архаикалық «аң стиліне» аңдар мен жан-жануарлар қарапайым шынайы бейнеленсе, өрлеу кезеңінде арыстанның, жан-жануарлардың мүсіндерін жасады.

Есік көлі маңынан табылған «Алтын адам» Геродоттың алтынды ел дегенін тағы да әлем алдында дәлелдеп берді. Жауынгердің алтынмен қапталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген мақалды да осы «алтынды ел» шығарды. Зергерлік бұйымдарды барынша әсем, сәнді табиғатпен үйлесімді жасауды үйреніп алды. Алқа, балдақ, белбеу, білезік, жүзік, алтын-күміс оймақ, қапсырма, қолтықша, құлақ тазалағыш, тіс тазалағыш, түйреуіш, өңіржиек, сақина, сәукеле, сырға, тана, тұмарша, түйме, шашбау, шекелік, шолпы - алтыннан соғылған. Мысалы, осы бұйымдарды тағып шыққан ару Қыз Жібек - жинақтап айтқанда, қазақ қыздарының сұлулық символы.

Біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталғанын, орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауда-ның орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашқанын да нақты жәдігерлерге сүйеніп, терең талдау жасап берген. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздің қазақ ұлтының игілігіне айналып кеткелі қашан?! Түркі тектес халықтарға ортақ «Түркі әлемінің бесігі» деген жаңа ұғым пайда болды. Мына жайтқа көңіл аудармаса болмайды. Платон жетінші кітабында: «... младенцев следует часто качать, ибо это возбуждает в душе различные эмоции, умиротворяет и успокаевает душу», - дейді. Түркі халқы сәбиді бесікке бөлеген, бесікті әлсін-әлсін тербетіп, жас баланың жүйкесі тынышталып, орнығуына, қан тамырларының дұрыс жұмыс жасауына қатты мән берген, жағымды ән айтып, сөзді тиянақты тыңдауға дағдыландырған, есте сақтау жады қалыптасқан (ұзақ жырларды жатқа білген), ана тілін құлағына сіңіріп, құйып отырған.

Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыс-тардың трансконтинетальды желісіне - Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. Осының өзі-ақ Ұлы Жібек жолының бойындағы эконо-микалық, рухани байланыстың жанданып, мәдениеттер тоғысының нәтижесінде жаңа бағыттағы әдебиеттер дамып, адамдардың жан-жақты өркениетке қарай бет алғанын көрсетеді. Медицина, астрономия, химия, математика, философия, т.б. ғылымдар саласы осы сауда-саттың нәтижесінде өсті. Керуен жолдарының қауіпсіздігін мінсіз қамтамасыз еткен дала жауынгерлері сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ. Басқа елдің де озық тәжірибесімен алмасып отырды. Елбасы мақаласында былай жазды: Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәде-ниетті дамытуға септігін тигізді, - дейді.

Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденгені айтылды. Алма атаулының арғы атасы - Сиверс алмасы да осы жерден тамыр алғаны, еліміздің оңтүстігіндегі әсем қала да Алматы деп аталады дейді. «Сиверс алмасын» о баста бiрiншi тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте керемет өсiп тұрған алмаларды көрiп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестiрген емеспiн» деп жазып, дүниежүзiне мәлiм еткен. Қазiргi Қазақстан жерiнде керемет алмалардың өсетiндiгiн қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Ал бiздегi жабайы алмалар осыдан 50 миллион жылдай бұрын да осында өскен, жер жүзiне осы өңiрден тараған. Жабайы алманы ешкiм қолдап, қорғап отырмайды, ол өзi дарвинизмнiң эволюциялық даму заңдылығындағыдай, өзiн-өзi сақтап, табиғи сұрыпталып, дамып жетiлiп, таралып отырғанын әлемдiк деңгейде зерттеп, дәлелдеп бердi, – дейді академик А.Жанғалиев.

«Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылғанын бәріміз білеміз. Бабалары-мыздың тарихы жөніндегі құжаттар шетелдердің архивінде жатыр. Оларды зерттеу, ғылыми айналымға түсіру - кезек күттірмейтін үлкен жұмыс. Елбасы Н.Назарбаев: ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беру керектігін айтты. Демек, барлық тарихи құжаттарды цифрлық форматқа түсіру, көшіру жұмыстарын жергілікті жерлерде де қолға алу керек. Айталық, мектептер мен өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды және әкімшіліктің тарапынан бақылау жасалуы да құптарлық.

Жергілікті жерлерде, өңірлерде соғыс ардагерлері, еңбек ардагерлері, кезінде атағы шыққан шопандар, жылқышылар, тың игеруге еңбегі сіңген адамдар, алғашқы трактористер, шығармашылық жұмыспен айналысқан ұстаздар, елге қадірлі есімдерін ел ұмытпаған басшылар, әдебиетшілер, әншілер, ақындар, алғашқы ауылды, мектепті ашқан кісілер аз емес. Олардың халық үшін жасаған жұмыстарын насихаттау, ескі кітаптарды, құжаттар мен фотосуреттерді, ескі бұйымдар мен заттарды да жинап (шантас, соқа, диірменнің тасы, көрік т.б.) мұражайға тапсырған дұрыс. «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру да қазіргі уақытта керек.

Қазақстан - күллі түркі халықтарының қасиетті қарашаңырағы. Демек, Қазақстан - тарыдай шашырап, бытырап кеткен түркі тектес бауырлардың шыққан тарихи жері.

«Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі» - деген бөлімдерде айтылған мәселелердің материалды айғақтары музейге жүйеленіп, «Ұлы даланың ұлы өркениеті» атты жалпыұлттық тарихи реконструкция-лар клубын құру, жоғарыда айтылған ежелгі Отырар қаласының нысандарын ашық аспан астындағы туристік кешенге айналдыру жобасы өте қажетті.

«Дала фольклорының антологиясы» (халық ауыз әдебиетінің өткен мыңжылдығындағы таңдаулы үлгілері), «Ұлы даланың көне сарындары» (қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай, т.б.) дәстүрлі музыкалық аспаптармен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын қамтиды. Осы жобаны қазіргі озық технологиялармен: аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға, музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы шығару керектігі нақты айтылды.

Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериялар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу, жобаны жүзеге асыруда отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актер-лерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту көзделген. Кино өндірісінде Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану керектігі жақсы айтылған. Сол сияқты, Ұлы қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыру үшін сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды шығаруда өскелең ұрпақтың да талғамын ескеру керек деген мазмұндағы ой айтылды.

Ұлы Дала күллі дүниежүзіне мақтана алатын айшықты жеті ерекшелігімен танылды. Бұл мақала - тек қана біздің ғана емес, барша түркі тектес тайпалар мен халықтар бас алмай оқитын, мақтаныш сезімін оятатын өте зор құндылық. Ұлы даланың жеті қырын, ішкі мәні мен мазмұнын ашу, жан-жақты зерттеу, халыққа түсіндіру, насихаттау сияқты келелі жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан өзінің бай тарихымен, құндылықтарымен әлем алдындағы беделі күн сайын асқақтап, жоғарылай берері сөзсіз.

 

Айтмұхамет ТҰРЫШЕВ.
С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ф.ғ.д.

saryarka-samaly.kz