Күретамыр

– Оңдасын Елубайұлы, канал осы күні қаншалықты табыс тауып отыр? Шығыны көп пе?

– Бұл – өзін-өзі ақтайтын жоба. Каналға үкімет тарапынан дотация, субсидия берілмейді. Өз күшімен жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да осылай жұмыс істей бермек. Соңғы төрт жылды табысты аяқтадық. Канал жылына 10 млрд. теңге көлемінде табыс табады. Оның 5 млрд. теңгесі электр энергиясының шығындарына жұмсалады. Бұдан бөлек, жұмысшылардың еңбекақысы, салық және басқа да төлемдер бар. 1-2 млрд. теңге артылып қалады. Оны инвестициялық жобаларға жұмсаймыз.

– Каналдың суын қазір кімдер тұтынып отыр?

– Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстары пайдалануда. ГРЭС-1, ГРЭС-2, KAZ Minerals Bozshakol, Арселор Миттал Теміртау секілді ірі кәсіпорындар каналдың арқасында жұмыс істеп тұр. Екібастұз, Ақсу, Қарағанды қаласының тұрғындары оның суын ішіп отыр. Әсіресе, Қарағанды халқы көп игілігін көруде. Өйткені, Орталық Қазақстан жері қазба байлыққа толы болғандықтан, оны тиімді игеруге жерасты суы жеткіліксіз. Каналды салудағы негізгі мақсат та осы Орталық Қазақстан аумағын сумен қамтамасыз ету еді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатына да пайдаланылуда. Канал күретамыр секілді. Үш бірдей өңірдің тіршілігіне қан жүгіртіп отыр.

– Бүгінде канал жалпы қуаттылығының қаншасын пайдалануда?

– Әу бастағы есеп бойынша каналдың 1 млрд. 200 млн. текше метр су беруге мүмкіндігі бар. Бірақ ешқашан толық қуаттылықпен жұмыс істеген емес. Судың ең көп қолданылған мерзімі – 1988-90 жылдар. Аталған кезеңде жылына 880 млн. текше метрге дейін су пайдаланылған. Қазір бар-жоғы 440 млн. текше метр су ғана беріп отырмыз. Канал өз мүмкіндігінің үштен бірін ғана пайдалануда.

– Жүктемені арттыруға болмай ма?

– Әрине, болады. Өндіріске де, ауыл шаруашылығына да, халықтың тұтынуына да қажетті судың көлемін арттыра аламыз. Бірақ, қазір өндіріс те, қалалар да ұлғайып жатқан жоқ. Сондықтан жүктемені арттырудың бір ғана жолы бар. Ол – ауыл шаруашылығы саласындағы суармалы алқаптарды көбейту.

Жер жоқ

– Қазір суармалы егіншілікке қанша көлемде су беріліп отыр?

– Өте аз. Осы күні каналдың суын пайдаланатын суармалы алқаптың көлемі небары 8 234,5 гектар жер ғана. Оның 6 844,9 гектары Павлодар облысына, 1 389,6 гектары Қарағанды облысына тиесілі. Ал қаналдың мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары.

«Союзгипрорис» ғылыми-зерттеу институтының 1974 жылғы есебіне сәйкес, канал 107,5 мың гектар жерді сумен қамти алады. Оның ішінде Павлодар облысының үлесі 53 мың гектарды, Қарағанды облысының үлесі 35,6 мың гектарды құраған. Канал суының бұл мақсатқа ең көп қолданылған уақыты 1990 жыл екен. Дәл осы жылы суармалы егістік алқабының көлемі 79,5 мың гектарға жеткен. Бұл ретте, Павлодар облысының 41,7 мың гектар жері, Қарағанды облысының 37,8 мың гектар жері суландырылған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына арналған қуаттылықтың тек 10 пайызын ғана пайдаланып отырмыз.

– Демек, шаруалар ынталы емес болғаны ғой...

– Өз басым олай демес едім. Шаруа- лар қайта суармалы егістік көлемін көбейткісі келеді. Бірақ, соған қажетті жер жоқ. Жер жеткілікті ғой, әрине. Алайда, пайдаланылмай жатыр. Бос жатса да, әр учаскенің өз иесі бар. Бәрі жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Бұрынғы суармалы алқаптар шабындыққа айналған, басқа да мақсаттарға пайдаланылған. Қолданылмай жатқаны қаншама. Суармалы алқаптарды арттыруға осы жағдай кедергі. Бұл мәселе бойынша Павлодар, Қарағанды облыстарының билігімен кездестік. Талқыладық. Бізде қызық. Мәселен, еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілікпен айналысу үшін су жеткіліксіз. Ал бұл жердегі жағдай мүлдем басқа. Су бар. Бірақ, пайдаланылмайды. Біз каналдың өзіне деп 5-6 мың гектар жер алып, түрлі дақыл егуді жоспарлағанбыз. Алайда, жер таппадық. Заң жүзінде барлық жердің иесі бар. Бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселенің бірі – осы.

– Суармалы алқаптардың көлемі жыл сайын өсіп келе ме? Әлде сол күйі өзгеріссіз тұр ма?

– Шамалы болса да артып келеді. Осыған да шүкір дейміз. Жыл сайын 300-500 гектардан қосылады. Мәселен, былтыр Павлодар облысында 500 гектар, Қарағанды облысында 200 гектар жер қосылды. Биыл Павлодар облысы тағы 3-4 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдырамыз деп отыр. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Әзірше Павлодардың 29 шаруа қожалығы, Қарағандының 9 шаруашылығы суармалы егістікпен айналысып, канал суын тұтынуда. Бұлардың қатары көбейеді деген сенімдеміз. Жалпы біз суды шаруашылықтардың алқабына дейін әкеп беру жайын қарастырғанбыз. Түбі осыған келеміз-ау. Шаруалар суды қайдан аламыз деп бас қатырмауы керек.

– Сорғы станцияларының қазіргі жағдайы қалай? Құрылғылар әбден ескірген шығар?

– Каналда 22 сорғы станциясы бар. Онда су айдайтын 71 үлкен сорғы орнатылған. 50 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Құрылғылардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауға болады. Ескірсе де, қатардан шыққан жоқ. Шыны керек, станциялар біздің білікті мамандардың арқасында тоқтаусыз жұмыс істеуде. Мұны бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Өйткені, қазір станциялардағы кейбір құрылғылардың қосалқы бөлшектері шығарылмайды. Мамандар жоқтан бар жасауға мәжбүр. Құрылғыларды біртіндеп жаңарту керек. 2010-2013 жылдары 71 үлкен сорғының 9-ы ауыстырылды. Енді қалған 62-сін жаңалау қажет.

«Қартайған» кадрлар

– Канал қызметкерлерінің орташа жасы қанша? Кадр тапшылығы бар ма?

– Орташа жасы – 43. Мамандарымыз «қартайып» барады. Оларға зейнетке шыққан соң да бір-екі жыл қызмет ұсынуға мәжбүрміз. Ізбасар дайындау туралы талап та қойылған. Каналға жұмыс істеуге жастар көбірек келсе екен дейміз, әрине. Сондықтан насихат жұмыстарына көңіл бөлінуде. Жастар мүлдем келмейді деп айта алмаймын. Келеді. Бірақ, аса бір қиындықпен келеді. Оларды ұстап қалудың өзі бір бөлек мәселе.

– Жастарға қаншалықты жағдай жасалған?

– Канал жұмысшылары негізінен Павлодардың Шідерті және Қарағандының Молодежный кенттерінде топтасқан. Екі кент тұрғындарының дені әуелден су шаруашылығымен айналысады. Ата-баба жолын жалғастырып келе жатқан еңбек әулеттері де бар.

Жастарға жасалған жағдайға келсек, оларға бір реттік көтермеақы қарастырылған. Баспанамен де қамтимыз. Мәселен, Молодежный кентіндегі көп қабатты «хрущевка» үйлердің бірін жөндеп, 10 пәтер жасақтадық. 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер. Баспаналар жас мамандарға беріледі. Әзірше тек екі отбасы ғана қоныстанды. Қалған пәтерлер бос тұр.

Кент әкімдігімен келісімге отырдық. Елді мекенге келетін мұғалімдер мен дәрігерлер отбасылы жандар болса екен дейміз. Сонда ерлі-зайыптылардың бірі мектепте немесе емханада жұмыс істейді де, екіншісі каналға жұмысқа тұрады. Екі қоянды бір оқпен атамыз. Бастысы, тұратын жер бар.

Сол секілді Шідертіден де екі қабатты үйдің бір подъезін алып, жөндеп, жастарға ұсынбақпыз. Қазір әкімдікпен келіссөздер жүргізілуде.

Сондай-ақ жастарға ермек болсын деген ниетпен Шідертіден шахмат, бильярд ойнайтын орын дайындадық. Елді мекеннің көшелерін асфальттап, жарықтандыруға үлес қосып келеміз. Мұндай жұмыстар Молодежный кентінде де жүргізілуде.

Шетелге оқуға түсу үшін тәжірибе жинақтауға келетін жастар да бар. Оларға да құшағымыз ашық. Өмір өзгеріп тұрады. Каналда жұмыс істеп жүріп, отбасын құрып, біржола қалып қоюы да мүмкін ғой. Сондықтан жастарды қуана-қуана қабылдаймыз.

– Маман даярлауға өздеріңіз кірісіп көрмедіңіздер ме?

– Бұл шаруаны да қолға алғанбыз. Егер жоғары оқу орнын тәмамдап, кейін каналда табан аудармай бес жыл жұмыс істеуге даяр жастар болса, олардың оқу ақысын төлеп беруге әзірміз. Шідерті мен Молодежныйдың әрқайсынан екі-үш баладан оқытайық дегенбіз. Екі кенттен екі адамды зорға таптық. Бірін Павлодардың мемлекеттік университетіне, екіншісін Қазақ ұлттық аграрлық университетіне түсірдік. Былтыр Қазақ ұлттық аграрлық университетімен меморандумға қол қойдық. Меморандумға сәйкес, олар бізге қажетті гидротехниктерді, энергетиктерді даярлайды.

– Каналда барлығы қанша адам жұмыс істейді?

– Қазір 1800-дей адам еңбек етіп отыр. Ертеде мұнда 4 мыңдай адам жұмыс істеген. Біз заман ағымына сай қысқартып, 1800-ге түсірдік. Мұншама адамның қаншалықты қажеті бар деп ойлауыңыз да мүмкін. Бірақ, 22 сорғы станциясының әрқайсысында 10 учаскеден бар. Соның бәрін адамдар күні-түні қадағалап отырады. Олар ауысыммен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, энергетиктер, құрылысшылар, күзетшілер, механизаторлар бар.

– Қызметкерлердің еңбекақысы қанша?

– Әртүрлі. Орташа айлық – 110 мың теңге. 80-90 мың, 120-150 мың теңге алатындар да бар. Қызметкерлердің еңбекақысы жыл сайын 7 пайызға көтеріліп отырады. Биыл да 7 пайызға өсті. Сондай-ақ бір айлық еңбекақы көлемінде материалдық көмек беріледі. Мереке күндері сыйақы беруге тырысамыз.

Картоптан да басқа дақыл бар...

– Тарифтерді өсіру арқылы каналдың «жыртығын» жамауға болмай ма?

– Болады. Инвестициялық жобаларымызды осы тарифтің есебінен жүзеге асырып отырмыз ғой. Бұрын тарифті өзіміз белгілейтінбіз. Қазір «Қазсушар» кәсіпорны бірыңғай тарифтік смета бекітті. Яғни, ауыл шаруашылығына, өндіріске, табиғатты қорғауға жеке-жеке тарифтер бөлінді. Осыдан кейін біздің тарифіміз сәл төмендеді. Бірақ жылдағы инфляцияға сәйкес осы жылдың 1 тамызынан бастап тарифтер 3-4 пайызға көтеріледі. Одан кейінгі жылы да осыншама мөлшерде өседі деп жоспарланған. Осылайша, тариф өскен сайын біздің мүмкіндігіміз де артады.

Жалпы, тарифтер бес жылға бекітіледі. Қазір ауыл шаруашылығы бағытына 1 текше метр суды 11,44 теңгеден босатып отырмыз. Өндіріске арналған тариф 1 текше метр үшін 28,29 теңге. Қаланы қамтамасыз ететін су арналарына 1 текше метр суды 8,97 теңгеден береміз. ГРЭС-1, ГРЭС-2 кәсіпорындары 19,72 теңгеден алады.

Тарифтің есебінен техникалық паркті толықтай жаңаладық. Экскаватор жетіспейтін. Қазір техникаға қатысты проблема жоқ.

– Жоғарыда үкіметтен дотация, субсидия берілмейді дедіңіз. Сонда биліктен мүлдем көмек болмағаны ма?

– Бұлай кесіп айтуға болмайды. Мәселен, Сәтбаев атындағы канал экологиялық мақсатта көктемде Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының жайылымдарына су жібереді. Шідерті арқылы 100 млн. текше метр су, Нұра өзені арқылы Қорғалжыңға 40 млн. текше метр су жайылады. Ол үшін үкімет қаржы қарастырады, әрине. Қорғалжыңның аң-құсы көп ғой. Оған 40 млн. текше метр су аздық етеді. Бұл көлемді 80-90 млн. текше метрге жеткізу керек.

Сонымен қатар, каналдың бойында 13 су бөгеті (плотина) бар. Бөгеттер 50 жылдан бері тексерілмеген. Биыл осы жұмыстарды қолға аламыз. Олардың бүгінгі жағдайын бағамдап, жөндеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Айтпағым, Шідерті кентінің бергі жағында орналасқан төртінші бөгет Көкпекті, Қызылағаш секілді еліміздегі апаттық жағдайдағы платиналардың қатарына енді. Енді оларды жөндеуге үкімет қаржы қарастырады. Осылайша, каналға тиесілі 13 бөгеттің біреуі үкімет қолдауымен жөнделмек. Оған бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы бірнеше жылға бөлініп беріледі. Жалпы, алдағы үш-төрт жылдың ішінде су бөгеттерін толықтай жөндеуге тиіспіз.

– Каналдың өтелмей келе жатқан қарызы бар ма?

– Жоқ. Қайта, шаруашылықтар бізге қарыз болып отыр. Мәселен, Қарағанды облысы 2013 жылға дейін ауызсуға төлем жасамай келді. Миллиардтаған қарызы бар-тын. Қазір бәрі реттелді, әрине. Десе де, Павлодар облысындағы Парамоновка арнасын пайдаланып келген шаруашылықтар бізге 98 млн. теңге қарыз. Басқа қарызымыз жоқ.

– Парамоновка демекші, жыл соңында осы арнаның суына арналған тарифті өсіру туралы бастама көтеріп едіңіздер...

– Иә, өзің де қатыстың ғой сол жиынға. Парамоновка деген үлкен арна кәдімгідей. Ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Кезінде бұл аумаққа картоп егілетін. Өкінішке қарай, арнаның суын пайдаланғандардың біразы 2014, 2015, 2016 жылдары төлем жасамаған. Шаруа- лар көктемде канал суын пайдаланып, күзде жиналған өнімнің есебінен судың ақшасын төлейтін. Осындай келісім бар. Жауапты шаруашылықтар судың ақшасын уақытылы төлейді. Ал кейбірі «Өнім дұрыс шықпады», «Сата алмай жатырмын» деп мың түрлі сылтау айтады. Қазір Парамоновка арнасын небары үш шаруашылық қана пайдалануда. Біз осы үш шаруашылық үшін ғана мол суды сорғы арқылы айдап отырмыз. Мұның бәрі шығын. Ертең «Үш шаруашылыққа бола неліктен шығын шығарып отырсыңдар?» деп бізді де алқымнан алатындар табылуы мүмкін. Парамоновка арнасы бұрын Павлодар облысының әкімдігіне қараған болатын. Енді бізге берілді. Демек, біз оны қадағалап, жөндеу жүргізуіміз қажет. Сол үшін тарифті өсіру туралы бастама көтердік.

– Канал бойындағы шаһар басшыларынан қолдау бар ма?

– Екібастұз бен Ақсу қалаларының билігі суармалы алқаптарды көбейтуге бейілді. Бұл қуанарлық жағдай, әрине. Тек павлодарлықтар картоп қана өсіргісі келеді. Картоптан басқа да дақылдар бар ғой.

Жезқазғанға жетер ме екен...

– Сәтбаев атындағы канал стратегиялық нысанға жата ма?

– Иә. Бұл туралы ел Президентінің 2004 жылы шыққан арнайы қаулысы бар. Стратегиялық нысан болғандықтан, қойылатын талап та жоғары. Міндетті түрде күзет болуы керек. Станциялар биік дуалдармен қоршалуы қажет. Канал стратегиялық нысанға жататындықтан мұнда балық өсіреміз. Кейбірін сатып аламыз. Уақыт өте келе балық түрлерін тек өзімізде өсіретін жағдайда жетеміз. Мұны биологиялық тазалау деп те атайды. Каналдың бойын бей-берекет өскен қамыстан, күл-қоқыстан тазартуға тиіспіз. Су қоймаларын назарда ұстауымыз керек. Қарағанды облысының аумағындағы су қоймаларының бәрі бізге бекітілген. Оған өзіміз қараймыз, балығын өсіріп, жібереміз, бақылау жүргіземіз. Ал Павлодар облысы аумағындағы су қоймалары каналға берілмей келеді. Шешімін таппай отырған мәселенің бірі – осы.

– Сонда Павлодар аумағындағы су қоймалары әкімдікке қарай ма?

– Жоқ, мәселе соның ешкімге қарамайтындығында ғой. Бір кездері әкімдік су қоймаларын тендер арқылы әлдекімдерге берген. Тендерді ұтқандар су қоймасының тазалығын, тыныштығын сақтап, балық өсіруі керек. Бірақ олар жауапсыздық танытып отыр. Тендерді ұтқандар тек балық аулауға лицензия берумен ғана айналысуда. Тазалық деген жайына қалды. Демалушылардан кейін қоқыс үйіліп қалады. Жиналмайды. Осы жұмыстың бәрін біздің міндетімізге жатпаса да, өзіміз істеп отырмыз. Өйткені қорғалатын аймақ, жер, су біздікі. Павлодар облысы әкімдігінің арнайы қаулысы шығып, бұл мәселе шешілгендей болған. Бірақ екі жыл болды, су қоймаларының тендерін ұйымдастыруға ауыл шаруашылығы министрлігі жауаптанды. Негізі бұл – каналдың тікелей жұмысы. Осы мәселе шешілсе деген тілек бар.

– Басқа қандай мәселе бар?

– Жекешелендіру кезінде Қарағанды аумағындағы 20, 21, 22 сорғы станцияларын электр энергиясымен қамтамасыз ететін желіні «Қарағанды Жарық» деген мекеме алған екен. Сондай-ақ №18 қосалқы станция Қарағанды аймақтық энергетика компаниясына (ҚАЭК) өтіп кеткен. Соның салдарынан біз оларға жыл сайын 350-400 млн. теңге қаржы төлеп отырмыз. Қаражатты сыртқа жібермес үшін №18 қосалқы станцияны өзіміз салып жатырмыз. Сонымен қатар 20, 21, 22 сорғы станцияларын электр энергиясымен қамтамасыз ететін 44 шақырымдық желі де жаңадан салынуда. Осылайша электр энергиясын тасымалдау шығынын үнемдейміз.

Жалпы, каналдың негізгі шығынын электр энергиясы құрап отыр. Себебі, канал өздігінен ақпайды. Суды сорғының күшімен айдаймыз. Мұның бәріне электр қуаты керек. Сол себепті біз электр энергиясын барынша үнемдеуге күш саламыз. Барлық станцияға автоматтандыру жүйесін орнатып жатқанымыз да сондықтан. Станцияларға автоматтандыру жүйесін орнату жұмысы бір айдың көлемінде аяқталады. Содан кейін қанша электр энергиясы жұмсалғанын нақты бақылып отыратын боламыз.

– Павлодардан Қарағандыға дейінгі аралық канал құрылысының бірінші кезеңі екенін білеміз. Кеңес үкіметі кезінде оны Қарағандыдан Жезқазғанға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл құрылыстың екінші кезеңі еді ғой. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта канал Жезқазғанға жетуі мүмкін бе?

– Егер Жезқазғанның өндірістік қуаты еселеп өсетін болса, су қажет болады. Міне, сол кезде каналды жалғауға тура келетін шығар. Өйткені, Қарағандыдан Жезқазғанға дейін де канал құрылысы жүргізілген. Негізі қаланған. Бірақ аяқталмай қалған.

– Бұл каналды неліктен әлемде баламасы жоқ жоба дейді?

– Өйткені, Ертіс өзенінен тартылатын каналдың суы 418 метр биіктікке көтеріледі. Өздігінен емес. Электр энергиясының күшімен. Әйтпесе, сулар жоғарыдан төмен қарай ағады ғой. Ал бұл жерде керісінше, суды төменнен жоғарыға қарай ағызған. Жобаның негізгі ерекшелігі де осы.

– Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Фархат ӘМІРЕНОВ, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін Астана қаласынан.

saryarka-samaly.kz