Осы жердегі қызықты дерек болып табылатын жағдай – ол батырдың кенже ұлының атын Батыс Қазақстандағы - Еділ өзенінің атымен атауы, соған қарап батырдың Солтанмәмет сұлтанның осы өңірге жасаған «Шаңды жорыққа» қатысқанын болжауға болады. «Шаңды жорық» - қазақ-қалмақ соғысындағы соңғы шайқастардың бірі. Қазақ әскерлерінің Еділден Жоңғарияға үдере көшкен Еділ қалмақтарын өкшелей қуған жорығы халық арасында осылай аталған. Тілеуқабылдың туған ағасы Тілеуберді - имандарды басқарған атақты би. 1819 жылдары Омбы мұрағатында сақталған құжат бойынша, баласы Боқсары Иман Бәсентиін болысының старшинасы. 1830 жылғы санақ бойынша Боқсары Тілеубердіұлы би ретінде көрсетілген.

1924 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпеев Тілеуқабылдың шөбересі Тұрсынхан Сәрсеновтің шақыруы бойынша марқұм Қазыбек қажының (Тұрсынханның немере ағасы) ауылына келеді. Тұрсынханның әңгімелеуі бойынша, Мәшһүр Бәсентиін – Иман руының шығу тарихы мен Тілеуқабыл батыр туралы ақпарат жазады. Бұл әңгімеге Тілеуқабыл батырдың ұрпағы болып табылатын әрі осы ауылдың құрметті азаматтарының бірі,  болыс мешітінің имамы Хамит молла Молдағалиұлы куәгер болған. Бұл жазба Хамит молланың тірі кезінде 1954 жылы Павлодар мұрағатының қорында сақталған (№1491 оп1. 1954 жыл).

Көпеевтің қолжазбаларында бұл мәлі-меттердің бір ғана бөлігі мен Тілеуқабыл батыр туралы біраз мәлімет сақталған:

«Иманнан Үкей туады, Үкейдің тоқал қатынынан Дәулетбай туады. Дәулетбайдан Тілеуқабыл батыр туады. Тілеуқабыл аты қалып, ол батыр атанып кеткен. Бұл батырдан: Түгелбай, Құндақбай, Серкебай, Еділ, Қабанбай.... Имандағы екі мұртымыз: Тұрсынхан мен Ақсақ Хамитмолда».

Батырдың ұрпақтары

Тілеуқабыл батырда бірнеше әйелден он ұл болды: Ақша, Түгелбай, Құндақбай, Қабанбай, Елемес, Егізек, Табылды, Серкебай, Жайнақ, Еділ.

1821 жылғы құжат бойынша Тілеуқабылдың балалары Қабанбай мен Табылды старшина тізімінде көрсетілген. Табылды 1809 жылы генерал Гланзептен старшина қағазымен бірге мөрімен марапатталған. 1850 жылы санақ бойынша Тілеуқабылдың баласы Табылды  - старшина, қыстауы - Ертістің оң жағында. Кенже баласы - Еділ Ертістің сол жағында, старшина Күсеп Ақшаұлының  қарамағында.

Ғалым Тілеке Жеңістің (Марданов) 1995 жылы шығарған шежіре кітабында батырдың немересі – Сартай туралы мәлі-мет бар. Сартай – Тілеуқабыл батырдың немересі. Руы - иман, шамамен 1820-1880 жылдарда өмір сүрген, Ертіс бойында әйгілі палуан болған. Бірде Көкшетау жақта орманда аюмен алысып, қанжарымен жарып өлтірген дейді.

1878 жылы  Павлодар уезінде Ақсу болысының құрылған жылында Иман ауылының биі болып Тілеуқабылдың шөбересі – Қазыбек Өмірзақов сайланады. 1889-1893 жылдарда ол Иман ауылының биі Ыдырыс Бүркітбаевтың орынбасары болып сайланады. 1901 жылы Иман ауылының биі болып оның ұлы Нұрғали сайланады, бірақ сол жылдың 6 қазанында кенеттен қайтыс болады да, осы лауазымның үшжылдық мерзімін кәрі әкесі өтеп шығады. 1904 жылы аталас-тары би лауазымына Қазыбекті қайта тағайындайды да, ол өзіне орынбасар етіп екінші ұлы Нұрғазыны алады. 1905 жылы Қазыбекке Мекке мен Мәдинаға қажылыққа баруға рұқсат беріледі.

«Семей губернаторының 1905 жылдың 22 қарашасындағы бұйрығы. Ақсу болысының 4 ауылының халық қазысы Қазыбек Өмірзақов Мекке мен Мәдинаға бару үшін 4 айлық демалысқа босатылады. Қазының міндеттері үміткер Нұрғазы Қазыбековке жүктеледі. СОВ, 1905ж, 26 қараша» делінген.

Өкінішке қарай, Қазыбек қажы бұл сапардан оралмайды. Ұрпақтарынан алған ақпаратқа қарағанда қажы сол мұсылмандардың қасиетті жерінде орын тапқан.

Батырдың ұрпақтарының тағы бірі – шөбересі Хамит Молдағалиев туралы да біраз айта кетейік. Хамит 1914 жылы Орынбор уезінің Троицк қаласында медресені бітіреді де, Орынбор рухани мұсылмандар жиналысының куәлігін алу үшін емтиханды сәтті тапсырады. 1916 жылы Ақсу болысының болыстық сайлау шешіміне сәйкес, болыс имамы болып сайланады. Кейіннен Хамит молла бар өмірін қасиетті Құран кәрім жазбаларын тарату мен оны ұлағаттауға арнайды.

1898 жылғы Щербин экспедициясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Тілеуқабыл батырдық ұрпақтары Ертістің жақын маңында Белой (он шақырымдық алқап ) өзенінің солтүстігінде екі ауылда тұрған: Қазыбек Өмірзақовтың ауылы Плотниковтің офицерлік телімінде (картада №156) және Мүжен Сартаевтың ауылы Богдашин телімінде (№155). Ауқаттылау Қазыбек ауылының шаруашылығында – 8 үй, 39 ер адам және 34 әйел, оның ішінде 25 ересек ер адам мен 18 үлкен жастағы әйел. Алты үй жақын туыстар болып табылады, ал екі үй - жалдамалы қызметшілер. 176 жылқысы, 206 сиыры, 16 түйесі мен 123 қойы бар. Мүженнің ауылы туысқандардың 4 үйінен құралған, 4 ересек ер адам мен 7 жасы үлкен әйел, барлығы 11 ер адам мен 14 әйел адам. Шаруашылықта 51 жылқы, 76 сиыр мен 15 қой болған.

1810 жылы Ертістің оң жағалауына қоныс аударған Табылды Тілеуқабыловтың ұрпақтары туралы мәлімет әлі табылған жоқ.

Құлпытас орнатпақ

1878 жылдың картасында ескі жолға жақын жердегі қыратта бір зират анық көрінеді. Бұл жер Хамит Молдағалиевтің ауызша айтып кеткен мәліметіндегі өсиетіне сәйкес келеді: «Шөптікөлдің оңтүстік батысындағы тас жолға жақын жерде Тілеуқабыл, Тілеуберді жерленген төрт бұрышты бейіт бар. Ұрпақтары сол бабаларының басына ескерткіш қойса, бір тарихи белгі болар еді».

Егер негізі зират орындары мен иман ауылдарының қасында тұрып қарасаңыз, Тілеуқабылдың зираты өзеннің оңтүстік-батыс жағында ескі жолға жақын жерде тұр.

Қазіргі картада тек 137.6 қырат қана көрсетілген.

Өмірі мен ерлігі тарихи зерттеулерге әлі де негіз болып табылатын Тілеуқабыл батырдың басына батырдың ұрпақтары биыл құлпытас орнатуды жоспарлап отыр.

 

Дәурен АЯШИНОВ, тарихшы-өлкетанушы.

saryarka-samaly.kz