Павлодар қаласындағы көрікті орындардың бірі – Ертіс өзенінің орталық жағалауы. Аталмыш аймақты көріктендіру, таза ұстау мәселесі үнемі билік назарында. Осыдан бірнеше жыл бұрын жағалау маңында «жабайы» сауда жасауға тыйым салынып, спортпен шұғылдануға мол мүмкіндік жасалғаны мәлім. Ендігі кезекте облыс әкімі Болат Бақауов жағалау аумағын біршама ұзарту қажет екенін айтты. Бұл тұрғындар мен меймандардың алаңсыз демалуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына, салауатты өмір салтын сақтауына жағдай жасамақ.

- Ертіс өзенінің жағалауы – облыс мақтаныштарының бірі. Оның көрікті, таза, адамдардың демалуына қолайлы болуы аса маңызды. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіре түсу қажет, - деді аймақ басшысы.

Алдын ала жоспар бойынша, жағалау маңын «ҚазТрансОйл» АҚ-нан өзен портына дейін абаттандыру ойластырылған. Усолка өзенінің жағалауы да айтарлықтай жұмысты талап етеді. Қазіргі кезде мұнда өзеннің арғы бетіне өтетін көпір салу мәселесі қарастырылуда. Облыс әкімі Болат Бақауов жағалау маңын қоқыстан тазартып, қалпына келтіруді тапсырды. Өз кезегінде Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тиісті шаралар жуық арада атқарылатынын және Усолка өзенінің жағасында орналасқан аялдамалар маңында ағаштар отырғызылатынын айтты.

Көріктендіруді пәтер иелері кооперативтері де мықтап қолға алмақ. Мәселен, Қамзин көшесі, 170-үй ауласында сенбілік аясында көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, аталмыш баспана тұрғын үй–коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, аулаға кіретін жолға асфальт төселді, қоқыс салынатын контейнерлер орнатылған учаскелер абаттандырылды. Атқарылған жұмыстар туралы баяндаған «Гүлдер» Фирма» ЖШС төрайымы Любовь Манторова бағдарламаның тиімділігін баса айтты.

- Жаңғырту бағдарламасы аясында жертөле қалпына келтіріліп, жылу есептеуіштер орнатылды. Ауламыз көркейіп, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қатынауына жақсы жағдай жасалды. Тұрғындар дән риза, - дейді Л.Манторова.

Осы үй қолданысқа берілгелі, яғни 1973 жылдан бері тұратын зейнеткер Нина Заведеева жылдар бойы жөндеу көрмеген бесқабатты тұрғын үйді назарға алып, көмек қолын созған жергілікті билікке алғысын білдірді.

- Мен үш бөлмелі пәтерде тұрамын. Бұған дейін жылуға айына 4 мың теңгеден астам ақы төлесем, жылу есептеуіштер орнатылған соң коммуналдық төлем екі есеге қысқарды. Бұл зейнеткерлер үшін өте тиімді. Сондай-ақ, ауламыздағы жол жақсарып, орындықтар қойылды, бүгін көшеттер отырғызылды. Осындай игі істердің жүзеге асуына атсалысқан облыс және қала басшылығына зор ризашылығымды білдіремін, - деді Н.Заведеева.

Үйдің жағдайымен танысып, тұрғындармен тілдескен Болат Жұмабекұлы бағдарлама аясындағы шаралардың тыңғылықты жүргізілуін қадағалау қажет екенін айтты. Егер мердігер компаниялар жұмысты сапалы әрі уақытынан бұрын аяқтаса, мемлекеттік қазынадан қосымша қаражат қарастырылуы мүмкін. Айта кетелік, облыс орталығында 131 ауланы жөндеу үшін бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Аймақ басшысы спорт саласындағы істерді де назардан тыс қалдырмады. Усолка шағын ауданында 50 метрлік бассейннің құрылысы басталмақ. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Болат Бақауов алаңға арнайы барып, дайындық барысымен танысып қайтты. Айтуынша, тиісті конкурстық жұмыстардың ерте жүргізілуі айтарлықтай оң әсерін берді. Себебі екінші рет су жіберілген кезде бұл аймақтың кей бөлігін су басып қалуы әбден мүмкін еді. Ал бұған дейін аумақ құрылыс компаниясына тапсырылған соң олар тиісті бөгеттер қойып, төтенше жағдайдың алдын алды.

Усолка шағын ауданында тағы бір спорт нысаны – футбол алаңы қолданысқа берілмек. Бұл алаң «Монолит» жанар-жағармай бекетінің қаржысы есебінен, дәлірек айтқанда, 4 млн. теңгеге, бекеттің іргесінде орналасқан жабық ғимаратта салынды. Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Андрей Тарасовтың айтуынша, қазіргі кезде жастар мен балалар орталығы және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің аталмыш алаңда 1-2 сағат тегін жаттығуына қатысты келіссөздер жүргізілуде. Ал қалған уақытта мұнда ақылы қызмет көрсетілетін болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz