...Қорғату сағат онда бастала-тындықтан, біз – Бекмұрат жұбайы Дыбыспен, мен Зарямен: «Ертерек барып, орын қамдап, отырғыштарды жайғап, президиум столын сәнден-діріп, жамылтқы жауып, үстіне гүл-дер, ішетін сусындар қояйық», - деп сағат сегізде бас корпусқа шуласып келе жатсақ, фойеде Мұхтар аға жүр. Ой үстінде болар, бізді ол әуелде, шамасы аңдаған жоқ. Төмен қараған күйі өзімен-өзі бола берді. Бекмұрат – аспиранты әрі «бес минутсіз ғалым» атанайын деп тұрған адам. Сондықтан «Сөз баста!» деген ым білдіріп, алға соны салып, бүйірінен түрттім. Фойедегі қассаға кіретін есік жаққа беттей берген жетекшісінің артына бір адымдай тақап барып: «Салаумағалейкум, Мұхтар аға», - деді.

- Ә, ә, Мұратпысың? Сау бармы-сың? – деді ол, аспирантына қол берместен, арқасынан қағып.

...Лезде кеңес мүшелері отыра-тын президиум столы біздің екі келіншектің тез қимылымен, сәнді қалыпқа келтірілді. Сол президиум столына гүл қойылып, сусын қойылып әлек-шәлегі шығып жүрген Дикесті әзірше қорғау басталғанша мәжіліс залының алдыңғы кресло-ларының біріне жайғасқан Мұхтар аға өзіне шақырып, сыбырласып бірдеңе сұрап жатыр. Мен жуу орнын Мұхтар ағадан біліп беруді Дикеске де айтып қойғам. Мұхтар аға оған бірдеңе айтқанда, Дикес маған жымың етті. «Үйге шақырыңдар» деген көрінеді ұстаз. Осы хабарды маған жеткізді де, Дикес Заряны ертіп: «Біз үй жабдығын әзірлей берейік» деп асығыс жөнеп берді. Мен өз шаруама – шақыру билетіне шақыру орнын жазуға кірістім.

Осындай қарбалас шаруа үстінде мен ғылыми кеңестің жұмысты қалай бағалағанын аңғармай да қалдым. Тек бір көз тастағанда байқағаным – мінберде шегедей боп шешіліп сөйлеп тұрған шәкірті Уахатовқа еңсеріле бұрылып, разы боп қарап отырған өзгелерден ерекше еңселі Сократ басты Мұхтар аға. Ол басын қайта-қайта ие изеп: «Солай! Солай айт!» дейтін сияқты.

- Қорғаушыға сұрақ бар ма? – деді. Сөйтсем, мен билет толтырып жанта-ласып отырғанда досым негізгі «қор-ғауын» да, қойылған сұрақтарға жауа-бын да тәмамдап тастаған екен. Оны председатель сұрағынан білдім.

Президиум столының басында нақ ортада отырған Мұхтар Омарханұлы:

- Қарсылық болмаса, мен мін-берге көтеріліп жатпай-ақ Бекмұрат Уахатовтың диссертациясы жайлы осы арада отырып-ақ айта берейін,-деді. – Мен зерттеушім жайында қысқа сөйлеп, бір ауыз түйін айтпақ-шымын. Ол мынау: диссертант осы шағын зерттеу жұмысымен-ақ, қазақ совет прозасындағы характер жасау шеберлігі жайында әлі көпке белгісіз де беймәлім, ғылымда айтылып, ауызға алынбаған мол-мол сырлар ашты. Сонымен, осы бір зерттеуін алдымызға жаю арқылы, арамызға болашағынан үлкен күттірер екпіні бар, есі бар жас ғалым аяқ аттап отыр. Тұсауын кесейік! Қазақ Совет прозасындағы характер жасау шеберлігінің ауыр жүгін жалықпай арқаласып көр деп оған тілек тілейік. Залдағылар ырзашылықпен қол соқты. Оппоненттері М.Сармурзина мен Темірғали Нұртазин ағамыз да қысқа-қысқа сөйлеп, Мұхтар аға пікірін қостады. Дауыс беруге үзіліс жарияланды.

Үйге жетсек, екі келіншек, көмек-ші достары бар бәрі жабылып той дастарханын екі бөлмеге сыңсытып-ақ жасап тастапты. Сағат үштің шамасында Мұхтар аға келді. Бөлмелерді аралап, жайылып қойылған той дастархандарын көрді. Дикестің анасын қуанышымен құттықтап:

- Бәйбіше! Бәрі ойдағыдай екен! Үлкеннің жүрген жері осылай құт-береке ғой, - деп шығып бара жатып, киім ілуге әзірленген қағылған шегелерді көріп тұра қалды:

- Пәлі, мыналарың не, достарым? Келетін қонақтарың - кілең ығай мен сығайлар. Мына шегелерің олардың киімінің бір жерін іліп кетсе, ертең олардан: «Әуезовтің шәкіртінің тойында боламыз деп жағамызды жыртқыздық» деген масқара сөз естімейміз бе?! Ол болмайды. Мұрат, Әбілфайыз екеуің менімен бірге машинаға отырыңдар да, дереу біздің үйден киім ілгіш әкеліп қағып, үстінен жамылтқы жабатын болыңдар. Жүріңдер, кеттік. Киім ілгішті Ахмет тауып береді. Жамылтқыны Валентина Николаевнадан алыңдар. Мен телефон шаламын оған, - деді ол нақ өз шаруасына «ауырғандай» табанда әбігерге түсіп, «Ұлылық – кішілік» деген осы да.

Бекең екеуіміз ұстаздың айтқа-нын тас түйін орындадық. Сағат беске тақағанда қара «Волгамен» қасында Лиунова мен Қарашева бар Мұхтар аға келді. Уақыт сағат алтыға тақағанда қонақтар тегіс жиналып, олар өз жөндеріне қарай екі бөлмеге әзірленген дастарқан басына жайғасты. Той басталып жүре берді. Бастау сөзді, әрине, Мұхтар ағаның өзі айтты:

– Ал, зиялы азамат, ағайын! Қазақ әдебиеті ғылымы үшін біразы іс тындырған менің жақсы шәкіртім – Мұраттың дастарханы басында бас қосып отырмыз. Күні бүгіннен бастап бәріміз көтеріп келе жатқан қазақ филологиясының ауыр жүгін бірге арқаласатын, ортамызға қоше-метпен кіріп отырған жас ғалым – Мұрат Уахатов үшін, оның достары үшін, оның Қазбек баба аруағы араласқан жанұясы үшін мол-мол бақыт, табыс, шат тұрмыс тілеп алып қояйық.

Ұстаз жазушы сөзінен кейін Таумал Салықбайұлы тойағалық өз қызметіне белсене кірісіп, одан әрі қарай шақырылған қонақтарға сөз бере бастады.

Бұл жерде ұстаз бейне бір Мұхтар Әуезов емес, қатардағы қонақтардың бірі сияқты. «Бұл да оның ұлылығының белгісі ғой!» деп ойлаймын мен. Бір кезде Тауман Салықбайұлы:

- Ал, Мұха, жұрт тояттады... Енді думанды сауық жағына қарай ауыс-тырам. Ән-күйсіз той сәні бола ма! Соған жол беремін. Уахатовтың тойын-да Сізден бастап, жұрттың бәріне ән салдырамын. Би билетемін.

...Қонақтарының өнерін «түгендеп» біткен Тауман Салықбайұлы бізге назар аударды.

- Мұха! – деді ол Заря екеуі-мізді көріп, бізді ымдап, төргі бөлме есігіне тақау шақырып. – Мен шын өнер «қорыма» қол саламын. Заря, Әбілфайыз, бері келіңдер. Бұлар бергісі – «Жиырма бесті», арғысы – «Қыз-Жібек» операсына басады... Енді осы жастарға жол береміз... Сіз үшін мүмкін «ауылдың алты ауызын» да осылар айтар.

Біз, жүрегіміз алып-ұшып, толқып есікке тақадық. Әдетте, әнді Заря бастайды да, мен соның ән-үн, күш-ырғағына орай, қолпаш жасап, қосыламын. Сөйтіп, нар тәуекел, - деп «Жиырма бесті» бастап кеттік.

Біз сол «шабытты» күйде, ән ырқы-на беріліп, шын жүректен тебіреніп, бір-біріміздің қолымызды қатты қыса түсіп: «Жиырма бес, қайта айналып, дүние-ай, келмес саған!»... – деп аяқтағанда, күллі қонақ ду қол соқты. Ал Мұхтар аға болса, өңі ерекше алабұртып, күлімсіреп басын қоса изеп, қол соғып отыр екен... «Ұнаған екен ғой!» деген оймен төбеміз көкке жеткендей болдық. Ұлы ұстаз қолын соғып отырып:

- Ән, міне, енді басталды! Біздің Тауман бастық та біледі-ау! Ал, шырақтарым, бастық жаңа атаған әндерді сала беріңдер! Айтқандайын, Тауман Салықбаевич, қызымның атын кім дедің? – деп сұрады.

- Заря, Мұқа!...

- Ә, ә. Заря. Таң!.. деген сөз бұл. – Таң! Ата-аналары атын да лайық қойған екен қызыма! Рахмет, қалқам! Енді әлгі айтқан Қыз Жібек пен Төлеген арияларын орындаңдар! Қалаған әнімізді сосын сұрай жатармыз.

Мұхтар аға ырза боп құптаған соң, не жорық! Арқаланып та кеттік. Шабыт та келді. Қысылуды да ұмыттық.

«Операмыз» сәтті орындалды. Сол сәт Зарямның құлағына: «Мұхтар аға құрметі үшін Еңліктің қоштасу әнін салып бер!» - деп сыбырладым. Ән басталғалы өзімен-өзі қалып, шалқалап, көз жұмып, басын әрлі-берлі ырғап, іштей өзі де сазға қосылып отырған кейіп танытқан Мұхтар аға тағы да орнынан тұрып, Заряны өзіне шақырды: - Көп жаса, қызым! Еңліктің өз аузынан шыққан зарды естігендей күйге келтірдің, қарағым! Бақытты бол, қосағыңмен қоса ағар!... Енді, қызым, Заряжан, шаршамасаң, Біржан салдың «Жонып алдысын» салып бер. Сал әнін естіп, әлгі бір шерлі күйден арылайық...

Заря Мұхтар ағаның бұл өтінішін де күткендегідей дәрежеде орындады.

Мұхтар аға орнынан тұрып, ырза-шылықпен қолын соғып, рахметін жаудырып жатқан қонақтарды тыныштыққа шақырып, менің жарыма арнап қысқа сөз айтты:

- Заря, қызым! Мына үлкендердің бәрінің атынан мың да бір рахмет, қалқам! Атыңды «Таң!» деп тегін қоймаған екен. Бәріміздің де жанымызды тебіренттің. Әніңмен мас қып елттің. «Әннің де естісі бар, есері бар!» деп Абай дана тегін айтпаған ғой. Сен сондай есті әннің бірі емес, бірнешеуін айтып, рақатқа батырдың тыңдаушыңды! – осыны айтып, ол ойланды да:

- Елтиміз, есті әнді естігенде, - деп аяқтады сөзін. Менің басыма, неге екенін білмеймін, Мұхтар ағаның әлгі сөзі маған: «Елтірсің, есті әнді естігенде» деген өлең жолы болып естілді.

Жалған-ай! Неткен алдамшы ең! Біз естен кетпес қуанышқа бөленген сол бір бақытты кешіміз өткеніне аттай төрт ай толуға екі күн қалғанда, сонда қарап көзіміз тоймаған асыл Мұхтар ағамызды арамыздан алып кетуге дайын тұр екенсің-ау! Неткен қатыгез ең!

Сол қатал тағдыр, 23 жыл өткен соң ұлы Әуезовтің соңғы диссертация қорғатқан шәкірті Бекмұрат Уахатовқа да қол салды. Ол да дүние салды.

Бірақ Мұхтар аға неткен әулие десеңші! Шәкірті жайында, оның диссертация қорғауы үстінде, той дастарқаны үстінде айтқандарының бәрі келді. Әуезовтің Мұраты мәңгіге ерекше, жас та болса, қазақ филология жүгін, оның ғұламаларымен бірге көтерісті.

Ол әдебиет процесіне белсене араласып, сыншы ғалымдарымыздың бірінен саналды. Бұған оның 1969 жылы шыққан «Таланттар, туындылар» атты сын мақалалар жинағы дәлел. Бекмұрат Уахатов 20 жылдан астам уақыт қазақтың көне асыл қазынасы – ауыз әдебиетін зерттеуге, жарыққа шығаруға аса мол еңбек сіңірді. Ғалымның соңғы жылдарда аса ден қойып зерттеп жүрген тақырыбы қазақтың халық өлеңдері еді. 1974 жылы «Ғылым» баспасынан оның осы аттас көлемді монографиялық еңбегі жеке кітап болып шықты. Осы еңбегінің негізінде ол 1975 жылы «Қазақтың халық өлеңдері» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады. М.О.Әуезовтің он екі томдық шығармалар жинағын құрастырып, баспаға дайындауға қатысты, оның 20 томдығын әзірлеушілердің қатарында оның түсініктерін жазып, текстологиялық жұмысымен шұғылданды. «Қазақ тұрмыс-салт жырларының типологиясы» атты көп жылдық зерттеу еңбегін шығарды (1983ж.).

Ғалым-сыншы Б.Уахатов сонымен бірге көптеген халықаралық және республикалық симпозиумдар мен ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, күрделі тақырыпта баяндамалар жасап, сөз сөйледі. Олардың ішінде Москвада өткен шығыс халықтарының этнографиясы мен фольклорына арналған симпозиумға 1960 жылы М.О.Әуезовпен бірге барды. Сөйтіп, менің Бекмұрат Уахатов досым өзінің ұстазы Мұхтар аға болжағандай: қазақ фольклористика ғылымының түпқазығын қалаушылардың бірі болып өтті бұл дүниден.

 

Профессор-журналист Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВТЫҢ «Әуезовке іңкәрлік немесе ұлылықтан үзік сыр» кітабынан әзірлеген - Сағынбай БОРАНБАЕВ, ардагер ұстаз, Кенжекөл ауылы, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz