Шағын шаһардағы осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өткен Ақсу қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі барысында белгілі болды. Айта кету керек, Балғабай Жұмағұлұлы бұл лауазымға 2018 жылдың 31 қазанында тағайындалған болатын.

Алдымен Балғабай Ыбыраев өткен жылды қорытындылап, атқарылған істерге тоқталды. Барлық дерлік салада өсімнің барын, жаңа нысандардың ашылғанын атап өтті. Айталық, өткен жылы аталмыш өңірдегі өндіріс орындары жалпы құны 529 млрд. теңге болатын өнім шығарған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9 млрд. теңгеге көп. Өскелең ұрпақты «жасыл» экономикаға баулитын Ақсу балалар эко-техно орталығы жұмысын бастады. Жылдар бойы қаңырап қалған Астана, 58 мекенжайындағы көпқабатты үй қалпына келтірілді. Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы мен Ақсу ферроқорытпа зауыты жұмысшыларына арнап үй салып берді. Сөйтіп, былтыр барлығы 40 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сұрақ-жауап бөлімінде ақсулықтардың басым бөлігін салауатты өмір салты алаңдататыны байқалды. Себебі Ақсу кентінің тұрғындары дене шынықтыру–сауықтыру кешенін, Ақсу қаласының ата-аналары жабық хоккей кортын, мектеп-лицей жанынан спорт кешенін салуды сұрады. Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, кенттегі кешенді салуға 140 млн. теңге керек, құрылыс келесі жылы басталады. Шаһар орталығында мұз айдынын салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Алғабас ауылының тұрғындары бала саны көбейгендіктен, бүлдіршіндер мектеп пен балабақшаға сыймай бара жатқанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін елді мекендегі мәдениет үйінің бұрынғы ғимаратын балабақшаға беру мәселесі қаралатын болады. Сонымен қатар, Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері жұмысқа қатынау қиындық тудыратынын айтып, шағымданды. Автобус кейде істен шығып, енді бірде белгіленген кестеден кешігіп келетін көрінеді. Облыс әкімі Болат Бақауов жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорында түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Кәсіпорын талаптарға сай келмесе, өзге қызмет көрсетуші компания қарастырылатын болады.

Бұл ретте аймақ басшысы баяндамада тек жетістіктер тілге тиек етіліп, кері кеткен көрсеткіштер көлеңкеде қалып қойғанына да мән берді.

- Екі қалақұраушы кәсіпорынға ғана иек артқан дұрыс емес. Шағын және орта бизнесті дамыту керек. Өкінішке қарай, Ақсу аймағында бұл бағыттағы жұмыс жоқ десем, қателеспеймін. Себебі, бизнесті жүргізу жеңілдігі көрсеткіші бойынша еліміздегі 197 қаланың ішінде 195-інші орында тұр. Индустриалды даму бағдарламасы аясында іске қосылуы жоспарланған 3 жобаның бірде-бірі басталған жоқ. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 28 жобаның 8-і ғана жүзеге асқан. Кәсіпті бастап, жүргізу үшін 6 пайыздық мөлшер-лемемен берілетін жеңілдетілген несиені 7 мыңнан астам тұрғынның тек біреуі ғана алған. Осы көрсеткіштерден-ақ, жергілікті биліктің бизнеспен өзара әрекеттестігі жоқ екенін байқауға болады, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жұмыстарын қатаң сынға алды. Қала мен ауыл аймағында 16 өңдеу орнының екеуі ғана талаптарға сай келеді. Қалғандарында құрал-жабдықтар ескі, қуаттылық төмен екен. Бұл ретте Б.Бақауов «Қызылжар-Құс» фабрикасы биыл ғана өндіретін өнім көлемін 4 мың тоннаға жеткізгенін айтты. Ал мемлекет 3 млрд. теңгеге көмек көрсеткен кезде қуаттылық 8 мың тонна болады деп уәде беріпті. Жалпы, былтыр Ақсу өңірінде жалғыз өңдеу орны ашылған.

- Жол бойы сервисі алға басар емес. Жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін бірде-бір жоба жоқ. Әкімдік жұмысы жер берумен ғана шектеліп отыр. 2018 жылғы 1 шілдеде қабылданған ұлттық стандартқа сәйкес, жол бойындағы жанар-жағармай бекеттерінің барлығында жылы дәретхана болуы тиіс. Қазіргі уақытта ол тек «Гелиос» бекетінде бар, бірақ оған жолаушыларды кіргізбейді. Сондықтан барлық кәсіпкерге стандарт талаптарына сай жылы дәретхана ашу керектігі туралы ескерту жіберіңіздер. Оны назарға алмаса, жұмысын тоқтатуға тура келеді, - деді аймақ басшысы.

Болат Жұмабекұлы назар аударған тағы бір мәселе – төртінші деңгейлі бюджетке көшкен ауылдардың жағдайы. Бұл жаңа жүйе бойынша ауылдық округтер қазынасы жергілікті тұрғындардың бірқатар салығы мен айыппұлы есебінен толығуы тиіс. Ақсу қаласына қарасты 6 ауыл қаржыны дәл осылай жинауға көшкенімен, оның төртеуі жоспарды орындамаған. Бұған қатысты бірқатар жиын өткізіп, ауыл әкімдеріне жан-жақты түсіндірілсе де нәтиженің болмағанына ашынған Б.Бақауов бұл мәселенің тағы да жеке қаралатынын айтты.

Одан бөлек, облыс әкімінің жұмыс-сыздық деңгейінің жоғары, яғни 5 пайыз болғанына, Ақсу Эко-техно орталығының мүмкіндігі толыққанды пайдаланбай отырғанына және жоғарыда аталған Астана, 58 мекенжайындағы үйдің сыртқы келбетіне көңілі толмады. Тіпті, есептік кездесуден соң аталмыш көпқабатты баспанаға арнайы барып, мән-жаймен танысты. Аталмыш тұрғын үй өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары салынып, сол уақыттан бері алты подъездің төртеуі бос тұрған еді. Былтыр баспананы қалпына келтіру үшін бюджеттен 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, осы жылдың қаңтар айында мердігер компания жұмысты аяқтады. Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Төлеухан Мұздыбаевтың айтуынша, наурыз айында 102 пәтерге аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен бюджеттік ұйым қызметкерлері қоныстанады.

Жалпы, облыс әкімі Болат Бақауов Ақсу қаласының әлеуеті зор екенін атап өтті. Тек сол әлеуетті ұтымды пайдаланып, шағын және орта бизнесті дамытуға ден қою керек.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА. Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz