1966 жылы Краснокутскі орта мектебін (қазіргі Ақтоғайдағы Абай атындағы мектеп) ойдағыдай аяқтап, Павлодар индустриалды институтының машина жасау факультетіне оқуға түскеніммен, денсаулығыма (операция жасалды) әрі Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі әкей мен шешейдің жалғызілікті болуына байланысты оқи алмадым. Содан автомектепті бітіріп, аттестатымдағы бағаларымның жақсы болғандығы ескеріліп, келесі жылдың мамыр айынан аудандық «Коммунистік еңбек» /«Коммунистический труд»/ газетінің жанындағы аудандық радиохабарын ұйымдастырушы болып қызметке қабылдандым. Аптасына үш рет қазақ және орыс тілдерінде он минуттік аудан жаңалықтарын және жеке тақырыпта хабар ұйымдастыру міндетім болды. Міне, осы уақыттан бастап шеберлігімді арттыру мақсатында облыстық радио мен облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы»), «Звезда Прииртышья» газеттері редакцияларымен тығыз байланыста болдым. Сол жылы күзде Павлодарда ауыл-село тілшілерімен және радио, қабырға газеттері редакторларымен болған үлкен семинар-кеңеске қатыстым. Мәжілісті «Звезда Прииртышья» газетінің редакторы, Павлодар облыстық Журналистер одағының төрағасы В.С.Молотов ашты. Мұнда әртүрлі лауазым иелері сантүрлі тақырыпқа баяндамалар жасады. Олардың ортасында «Қызыл ту» газетінің редакторы Сұбыхан Шошанов, оның бірінші орынбасары Жылқайдар Қарпықов та болды. Мәжіліске қатысушылардың ниеті жергілікті жерлерден көптеп хат-хабар алмасу және сол кездегі ақпарат құралдарының жұмысын одан әрі жақсарту еді. Осы үдерістен шығу үшін жұмыс барысында көптеген істер атқаруға тура келді. Соның ішінде «Қызыл тумен» байланыс ерекше болды әрі осы жылдан бастап газеттің тұрақты оқырманы атандым.

Қысқа хабарлардан басталған хат алмасуда редакция қызметкерлері маған ерекше көңіл бөлді. Хат бөлімі (Әділбек Жұмаділденов) арқылы түскен хабарларым өңделіп, газет бетіне беріліп отырды. Өзім Павлодарға барып, редакцияға кірген сәттерде, жауапты хатшының орынбасары Рымбала Ноғайбаева апай әкелген қысқа хабарларымды «пышақ үстінен» бірінші бетке салып жіберетін. Ол кезде жылдың төрт мезгілі бәрі үлкен науқан ғой. Редакцияда кездескенде сол кездің ардагер журналистері Әбдіш Баймұрзин, Бақи Әбдіқадыров және басқалары өз өмірлерінен өткен сәттерді сабақ болсын дегендей, әңгімелеп отыратын. Келе-келе көлемдірек материалдар жіберетін болдым. Бірақ олардың да өз кілтипандары болды. Бірде, сол кездегі «Агрономия» совхозынан жолдаған «Совхоз клубында» деген мақалама орай, газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мұхамеджан Дәуренбеков жолдаған хат алдым. Сөйтсем, клубта анау бар, мынау бар деп мақтай беріппін, ал оны жасап жүрген меңгеруші В.Титаренко, клуб кеңесі мүшелері, өнерпаздар туралы, алғашқы тың игерушілерге арналған арнайы бұрыш ұйымдастырылғаны жайлы ләм-мим демеппін. Іле толықтырып жібергеннен кейін, жап-жақсы мақала болып, газет бетіне шыға келгені бар емес пе. Бұл да жас талапкерге деген қамқорлық екенін кейін түсіндім. Осылай үйрене бастадым. Облыстық газеттің тілшілері ауданға келгенде, кейде рейдтік материалдар ұйымдастырып, оған бізді де қатыстыратын және оны қамқорлық ретінде (кадрлар жетіспей жататын) аудандық газетке жеке беретін. Мұндай тәсілді Қиса Арықов, Төлеубай Төлеубеков қолданушы еді.

Осылай шыңдалумен қатар, өз білімімді жетілдіруді де ұмытпадым. Редакцияда еңбек ете жүріп, Алматыдағы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ) журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1976 жылы ойдағыдай аяқтап шықтым. Айта кетейін, мемлекеттік емтиханды ғылыми коммунизмнен сәтті тапсырдым, ал диплом жұмысымның тақырыбы, осы газетке байланысты: «Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде ауыл шаруашылығына партия басшылы-ғының жазылуы» деген тақырыпта жұмыс істедім. Жетекшім Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Тұрарбеков еді. Пікір жазып, диплом қорғау кезінде сөз алған қазақ журналистикасы кафедрасының меңгерушісі, қарт журналист, журналистік қызметінің алғашқы баспалдағын «Қызыл ту» газетінде бастаған Қайыржан Бекқожин (қазақ ақыны Қалижан Бекқожиннің ағасы) болды. Олар Мемлекеттік сынақ комиссиясының төрағасы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы Сапар Байжановқа, төрағаның орынбасары, университет ректоры, профессор Өмірбек Жолдасбековке және басқа да алқа мүшелеріне: диплом жұмысы редакция ұжымының соңғы екі жылдағы (1974–1975 ж.ж.) атқарған үлкен жұмыстарын көрсетеді. «Тайға таңба басқандай», газет тігінділері негізінде сараптама ойдағыдай жасалған, - деп ойларын ортаға салып, маған өз қамқорлықтарын білдірген еді. Осының айғағы болар, «жақсы» деген бағаға қорғап шыққан едім. Ол кезде партия тұрмысы бөлімін редакцияда Төлеубек Қоңыров, ауыл шаруашылығы бөлімін Бақыт Баймұратов басқарды. Әрине, бұл тақырыпқа газет редакторы С.Шошанов, оның орынбасарлары Айтжан Бәделханов, Әжібек Жүсіпов, жекелеген аға журналист өкілдері де көп еңбек сіңірген еді.

Жоғары білімді журналист мамандығына ие болған мені аупартком бюросы аудандық газеттің жауапты хатшылығынан аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөліміне нұсқаушылық қызметке ауыстырды. Бөлім газетке басшылық жасайды, әрі мен редакцияның кураторы болып бекідім. Осы қызметте жүргенде де облыстық газетпен байланысымды үзген жоқпын. Сол кездегі тәртіп бойынша өтіп жататын партиялық есеп беру-сайлау жиналыстарынан, аудандық, селолық кеңестердің сессияларынан есептер, хабарлар жіберіп отырдым. Кейін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы (1980-1985 ж.ж.) қызметтерінде аға газетпен байланысымды үзбедім. Ал 1985 жылдың қарашасында аудандық партия конференциясында өзімнің түлеп ұшқан ордама – «Коммунистік еңбек» - «Коммунистический труд» газеттеріне редакторлық қызметке оралдым. Бұл қызметте бұрын мәдениет саласында тәрбиешім болған, сол жылдардағы «Қызыл ту» газетінің редакторы Балтабай Сейсенбеков, одан кейінгі Әлқожа Мұхамеджанов ағалармен інілік әріптестік дәрежеде, газет ұжымына жетекшілік жасаудың қыр-сырына үйренгенімді мақтан етемін. 1987 жылдың ақпанында Павлодар облысынан сайланған алты делегаттың бірі болып Алматыда өткен Қазақстан Журналистер одағының VІІ съезіне қатыстым. Кейін тоқсан бірінші жылдың сәуірінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, басқару нобайының өзгеруіне орай (егемендікке байланысты) келесі жылғы наурыз айынан қайта айналып, аудан әкімдігінің мәдениет бөлімін басқаруға бардым.

Еліміз егемендік алған осы кезде көптеген бұқаралық-саяси шаралар жоспарлы түрде өте бастады. 1993 жылдың 2-3 қазанында ауданның Жолболды ауылында Естай Беркімбаевтың 125 жылдығы тойланды. Тойға Алматыдан, Павлодардан қонақтар келді. Басқа да бұқаралық-мәдени шаралармен қатар, облыстық дәрежеде ақындар айтысы ұйымдастырылды. «Қызыл ту» газетінің журналистері ақын-жазушылар Мүбәрак Жаманбалинов, Ғалымбек Жұматов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Қажымұрат Смағұлов қона жатып, айтысқа төрелік жасады. Алматыдағы «Ғылым» баспасынан аудан әкімшілігі (Ә.Б.Түгелбаев) демеуші болып, Естай Беркімбаевтың «Қорлан» атты жинағын (редакциясын басқарған - мәдениет қайраткері Зейнұр Қоспақов) баспадан шығарып әкелуге себепші болдым. Осыдан көп өтпей, Республикада Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды, облыстарда Кіші Ассамблеялар құрыла бастады. Аудандарда да әртүрлі ұлт өкілдерінің орталықтары жұмысқа кірісті. Аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ, орыс, украин, неміс, татар, болгар орталықтары өз өнерлерін паш етті. 1996 жылы облыстық бірінші өнер фестивалі өтті. Олардың бәріне өнерпаздарымыз қатысты. Осы және басқа да өткізілген мәдени шаралар «Фестиваль сәтті өтті», «Мақтан етемін», «Жақсылықтың нышандары» және басқа тақырыптармен жазған мақалаларым облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің (газет атауы 1991 жылдың 26 қыркүйегінен осылай аталды) бетінен орын алды...

1998 жылы газет тізгінін экономика ғылымдарының кандидаты, журналист Мұхит Омаров алғаны белгілі. Басқарушылық тәжірибесі мол ол жұмысқа кіріскенде кадр-ларға көп көңіл бөлді. Зейнет-керлікке шығатындармен қош айтысып, арнайы білімі бар жастарды редакцияға қызметке алғандығын жұмыс барысынан жақсы білетінмін. М.Омаровпен 1967 жылы Краснокутскіде (Ақтоғайда) аудандық газетте қызметті бірге бастаған едік әрі кейін де комсомолда, партиялық жұмыста, мәдениет саласында, баспасөзде жолдарымыз тоғысып отырды. Ол редактор болған кез, оқырмандар тарту мен олармен жұмыс жасаудың ауыр кезеңі болды. Сол кезде мен жетекшілік етіп отырған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдер және спорт бөлімі ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, басқа басылымдармен қатар, «Сарыарқа самалы» газетіне де жазылуды ұйымдастыруды қолға алды. Мұхит Мүрсәлиұлы өзі бастап, облыстың аудандарын аралауды дәстүрге айналдырды. Мәселен, 2001 жылдың күзінде ауданға келгенде, бұрынғы совхоз орталықтары ғана емес, кішігірім ауылдардың бәрін аралады. Оқырмандармен кездесуге бас редактормен бірге орынбасары Өскенбай Тастемханов, сол кездегі жас тілшілер Жұмабек Сманов, Айбек Қобдабай және тағы басқалары газетте қамтылатын тақырыптар жөнінде айтса, қазірде мәдениет қайраткері Ербол Айтбаев (келісім бойынша құрамға кірген), жас журналист Санитас Иманғазина домбырамен ән айтып, күй төгілдіргендері бүгінгідей есте. Бұл кездесулер газет ұжымы мен оқырмандар арасында шынайы ықылас тудырған-ды. Сапарда бірге жүріп, менің де біраз қолғабыс жасағандығым ескерусіз қалған жоқ, редакцияның атынан Алғыс хатпен марапатталғаным бар. Кейін де газетке жазылу науқаны кездерінде қол ұшын беріп отырдық. Бүгін ойлап отырсам, облыстық газетте істеген мен білетін Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омарханов, Айбек Қобдабай, Фархат Әміре, тағы басқалары әр жылдары Павлодардың облыстық газетінде тәрбие алып, бүгінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет етуде. Мұның барлығы, сөз жоқ, зор мақтаныш емес пе!

Асыл Әбішевтің бас редакторлық қызметінен кейін (2011-2015 ж.ж.) облыстың тоқсан жылдық тарихы бар газетіне басшылықты Нұрбол Жайықбаев жасауда. Соңғы жылдары жастардың қолынан өтіп, газет беттерінде Қабдыкәрім Ыдырысов, Қимадиден Нығыманов туралы естеліктерім, «Абыз ақсақал», «Дос-аға» және басқа мақалаларым басылды. Негізінен жастардан тұратын ұжым бүгінде заманауи менеджментті сәтті жалғастыруда, оқырмандарының ықыласына бөленуде. Менің көңі-лімде (оқырман ретінде) бас редактордың орынбасары Мұрат Аяғанов, бөлім меңгерушілері Сая Молдайып, Гүлжайна Түгелбай, тілшілер Қарлығаш Хашымқызы, Құндыз Қабылденова, Тілеуберді Сахаба, Айдана Қуанышева, Данияр Жұмаділов және басқаларының жазған мақалалары, әзірлеген арнайы беттері мен қосымшалары көпшіліктің талғамынан шыға береді деген сенім әрдайым ұялайды. Белгілі журналист жазушы Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары редактор болған кезде газет беттерін безендіру туралы: «Макет – газеттің киімі, ал қолыңа іліккен кез келген киімді талғамсыз үстіңе жапсыра салмайсың. Демек, газет безендіру де - үлкен өнер» деген екен. Ол кезде макетті арнайы қағазға сызған, қазір барлығы компьютердің көмегімен ғой. Осы тұста дайын материалдарды газет беттеріне тартымды етіп, жарқыратып беру - жауапты хатшы Санитас Иманғазина бастаған Нұрлан Жанарбаев, Нұрбек Кожиков, Маржан Шекенова іспетті дизайнер-беттеушілерден көп еңбек етуді талап ететіні сөзсіз. Оларға корректорлар Айман Иманғазина және Зәмзәгүл Оспанова әрдайым қолғабыс жасауда.

Бүгінде, зейнеткерлікте болсам да, бұрынғы әріптес, жергілікті тілші, тұрақты оқырман ретінде редакцияның қазіргі ұжымына айтарым, шаршамай-шалдықпай, «жұмған жұдырықтай» бірлесе отырып, газет жанашырларын өздеріңіздің салиқалы, мазмұнды, қызықты әрі өткір шығармаларыңызбен қуанта бері-ңіздер демекпін. «Өткен күнде белгі жоқ» дейді ғой. Бірақ мен үшін белгі бар. Алдыңғы жылы (желтоқсан, 2017 ж.) облыс әкімі Болат Бақауовтың пәрменді көмегінің нәтижесінде, редакция ұжымының бұрын облыстық газеттерге деп салынған Астана, 143 мекенжайындағы ғимаратына, өзінің ордасына қайта қоныс тебуі үлкен абырой болғандығын айта кеткім келеді. Газеттің тоқсан жылдық мерейтойы бәрімізге құтты болсын, жасына жас қосыла берсін! Бұрынғы аға-апалар жолын жалғастыру үшін сіздер аман болыңыздар редакция ұжымы. Сүйікті оқырмандарыңыз бен жергілікті жерлерден ауылдық тілшілеріңіз көп болсын, биіктен көріне беріңіздер!

 

Бәкібай Рамазанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz