Мен осыдан 15 жыл бұрын Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылында бастауыш мектепте оқып жүргенде «Сарыарқа самалының» «Айналайын» қосымшасына алғаш құрастырған сөзжұмбағым шығып еді. Сол кездегі қуанышым әлі есімде. Газет бетіне аты-жөнім шығып, ауылдастарымның ерекше құттықтауына ие болып едім. Сол сәттерде есімімнің ел-жұрттың алдына шығуы мені ерекше шабыттандырып, өлең жазуға бет бұрдым. Қисыны келсін-келмесін, әйтеуір сиясы кеппеген өлеңдерімді айналамдағыларға оқып беретінмін. Бұдан соң облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында оқып жүргенімде жүрекжарды өлеңдерім «Сарыарқа самалы» газетіне тұрақты түрде шыға бастады. Бұл менің ақын болсам, ғалым болсам деген асқақ арманымды шексіздікке ұластырды. Сондықтан, аймақ айнасы – «Сарыарқа самалы» газетінің алар орны мен үшін ерекше. Шетте жүрсем де, қазіргі интернет дамыған заманда әлі күнге дейін газеттің электронды нұсқасына көзімді сала жүремін. Туған жердің топырағын, бір жұтым ауасын сағынғанда ата басылымның бетіне үңілсем, бетімді Сарыарқаның самал желі желпіп өтіп, туған ауылдың дәмі аузыма келгендей болады. Елдің тұрмыс-тіршілігімен осы газет арқылы танысып, уақытылы біліп отырамын. Бейсенбай Кенжебаев, Әзілхан Нұршайықов сынды арда азаматтардың қолтаңбасы қалған бұл газеттің бүгінгі 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Журналист ханымдар мен мырзалардың қаламдарының сиясы кеппесін. Әрқашан оқырманға жағымды жаңалық жеткізуге жазсын!

 

Серікболсын ДҮЙСЕМБАЙ, PhD докторанты, Сауд Аравиясы, Джидда қаласы.

 

saryarka-samaly.kz