Бұқара халықпен ғасырға жуық уақыт бірге жасасып келе жатқан басылым бүгінге дейін талай аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешкені анық. Алдыңғы толқын – аға буын өкілдері ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған кешегі заманды ой елегінен өткізе отыра, жас ұрпаққа тағылымды әңгімелер айтты.

- Осы ұжымда 20 жылдан астам уақыт қызмет еткен екенмін. Қара шаңыраққа журналист болып жұмысқа келуімнің өзі қызық. 1972 жылы Лебяжі, қазіргі Аққулы ауданы, Тілектес ауылына журналист Көкіш Әміржанов келді. Нағыз журналист қашан да қағілез келеді ғой. Аудандық газетке жазған дүниелерім оның көкейіне қонған болуы керек, облыстық «Қызыл ту» газетіне әртүрлі тақырыптарда материалдар жазып тұруымды сұрады. Бұл жұмыс менің қолымнан келетінін айтып, арқамнан қақты. Ағаның айтқан сөзі қиялыма қанат бітіріп, түрлі тақырыптарға қалам тарта бастадым. К.Әміржанов республикаға белгілі ақын-жазушылар Төлеужан Ысмайылов, Жақан Смақов секілді азаматтармен үзеңгілес жүрген дарынды журналист еді. Әзілхан Нұршайықов газетті басқарып тұрған кезде алуан түрлі тақырыптарда очерктер мен өшпес дүниелер жазып, оқырманның оң бағасын алған да осы Көкіш Әміржанов болатын. «Қызыл ту» мен үшін тәрбие мектебі болды. Үлкенді сыйлау, ағаның сөзіне құлақ салу, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу секілді қасиеттердің барлығын осы ұжымда жүріп бойыма сіңірдім. Бір күні газет редакторының орынбасары Жылқайдар Қарпықов педагогикалық институттың жатақханасына барып, жастар мәселелері жайлы материал жазып келуімді тапсырды. Келесі күні тапсырманы тастай қылып орындап алып келдім. Сондағы Жықаңның айтқаны: «Журналистің басты артықшылығы - жылдамдығы. Осы қырың маған ұнады», - деді. Мақаламды оқып болып, өзіндік ескертпелерін де айтты. Тағы бір қаламы қарымды журналист Әбдіш Баймұрзиннің тәрбиесін көп көрдім. Асыл азамат еді. Қай тақырыпта болса да еркін көсілетін. Әсіресе, өнеркәсіп саласын өте шеберлікпен жазып жүрді. Ал үзеңгілестерімнің арасынан Төлеубек Қоңыр, Қажымұрат Смағұлов, Ғалымбек Жұматов секілді азаматтардың сәтті дүниелеріне сүйсінетінмін, - дейді Қазақстанның Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллин.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Бас редакторы Нұрбол Жайықбаев газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өткеніне тоқтала келе, жиналған қауымға алғыс айтты.

- Бүгін төл басылымның 90 жылдық мерейтойын сіздермен бірге тойлап жатсақ, бұл - кезінде қазақ газетін құрып, артына өшпес мұра қалдырған кешегі Бейсенбай Кенжебаев бастаған аталарымыз- дың батыл қадамы мен ерен еңбегінің жемісі. Алмағайып замандарда, ұжымдастыруда, сұрапыл соғыста талмай еңбектенген ағаларға қашан да құрметпен қарауға тиіспіз. Сондай-ақ, 1960 жылдары бұл газет «Тың өлкесі» атымен шығып тұрған кезде бір рет жабылып қайта ашылған еді. Төл басылымды аман алып қалған азаматтардың табандылығы біздерге үлгі. Ел тәуелсіздік алған жылдарда да газет ұжымының тасын өрге сүйреп, басылымның таралымын кеңейтуге, оқырман санын арттыру жолында жанқиярлықпен жұмыс жасаған алдыңғы буынның еңбегін ескеруіміз керек. Кешегіге құрметпен қарау арқылы болашағымызды бағамдай аламыз, - деді ол өз сөзінде.

Ардагер журналист, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы да дөңгелек үстелге қатысып, өзіндік ой-пікірін білдірді.

- Ертеректе өңірде әйел журналистердің саны саусақпен санарлық еді. «Қызыл ту» газетінде де солай болды. Әйел адам тек үй шаруасымен айналысуы керек, деген секілді пікірлерді Ләзиза Серғазина бастаған әйел журналистер қауымы өзгерте бастады. «Тың өлкесі» газеті жабылған соң Ертіс- Баян өңірінде «Қызыл ту» газеті қайтадан жарыққа шыға бастады. Өз басым 1965 жылдан бері осы басылымға етене жақынмын. Оқушы кезімнен газет бетіндегі аға-әпкелердің жазғандарын жата-жастана оқитын едім. Әсіресе, Қорлан Байжұманованың, Гүлбарам Жұмашеваның, Рымбала Ноғайбаевалардың сүбелі дүние-леріне қызыға қарайтынмын. Мектепті аяқтаған соң, пионер жетекшісі болып 1 жыл істеп, осы қарашаңырақтың табалдырығынан аттадым. Журналистік жолды корректорлық қызметтен бастаған едім. Ол кезде техниканың мүмкіндігі шектеулі ғой. Барлығы қолмен жасалатын еді. Әлі есімде, бірде газеттің кезекті нөмірін баспаға даярлап жатқанбыз. Күні бойғы қызған жұмыс енді бітті-ау дегенде абайсызда бір беттік баспаға даяр тұрған материал аударылып түсті. Ол кезде әрбір әріпті қолмен жинап тереді ғой. Шашылып түскен дүниені таң атқанша жүріп, қалпына келтірген едік. Журналистік өмірдің қызығы мен қуанышын алғаш осы «Қызыл ту» газетінде сезіндім. Қанатымды қатайтқан қарашаңыраққа қарыздармын.

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, облыста алғашқы қазақ газетінің дүниеге келуі қазақ ауылдарын колхоздастыру саясатымен тұспа-тұс келеді екен. Міне, сондықтан болар, газет алғашында «Кеңес туы» деп аталды. Одан кейін «Колхоз» және «Қызыл ту» деген атаулармен жарияланып тұрды. Алғашқы Бас редакторы – қазақ және түркі халықтарының әдебиеттерін зерттеген белгілі ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев. Одан кейін де есімдері елге мәлім Ғалым Малдыбаев, Сары Мыңбаев, Әлқожа Мұхамеджанов, Әзілхан Нұршайықов қатарлы жазушылар мен журналистер басқарып, газетті жоғары деңгейге көтерді.

Кітапханада өткен кездесуге газетті 1998 жылдан 2011 жылға дейін басқарған ардагер журналист Мұхит Омаров та қатысты.

- Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бұл 90 жылдық мерейтойы осындағы журналис-терге ғана тиесілі емес, бұл – оқырманның ортақ тойы, жалпы халықтың қуанышы. Газет бүгінгі күнге дейін талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Тіпті, бізге дейін жабылып қалған кездері де болған екен. Ал қазір ондай қиындықтардың бәрі артта қалып, бір өңірдің ақпараттық айнасына, жаршысына айналып үлгерді, - деді Мұхит Мүрсәлиұлы.

Ардагер қаламгер қазіргі жастардың кітап пен газет оқудан алшақтап бара жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Онысы рас, қазіргі таңда дүкеннен кітап немесе газет сатып алып оқитын студент аз. Бұған тағы соңғы кездері қарыштап дамып, әлемді жаулап алған ғаламторды кінәлаймыз. Ал интернет ақпараттарының барлығы шындыққа жанасады, көңілге қонымды деуге тағы келмейді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда газеттің орны бөлек.

- Жалпы, газеттің басқа ақпараттық құралдардан, яғни радио, телеарналар мен сайттардан және басқа да әлеуметтік желілерден ерекшелігі неде? Газет журналистері қай тақырыпты жазса да мәселенің мән-жайын терең түсіндіріп, талдап береді. Міне, басты ерекшелігі – осы. Сонымен қатар, газетте шыңдалған журналистердің мүмкіндіктері жоғары болады. Яғни, қандай тақырыпты болса да терең зерттеп, оқырманға түсінікті тілде жеткізе біледі. Бұрын біздің халық газет сөзіне ерекше сенетін. Газетте не жазылса да оған қарсы ешкім ешнәрсе айта алмайды. Бар дұрыс ақпарат осы, басқа шындық жоқ деп білетін. Бұл ұғым әлі күнге дейін өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Оқырман солай деп біледі. Әр кезеңнің өз қиындығы бар. Мен редактор болған тұста да талай қиындықтар болды. Қазір де мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Шешілмей келе жатқан түйткілдер баршылық. Соған қарамастан кілең жастардан құралған бүгінгі ұжым көпшіліктің көңілін тауып, оқырман талғамына татырлықтай газет шығарып келеді, әлі де шығармашылық шабыт тілейміз, - деді Мұхит аға.

Шара барысында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметова сөз сөйлеп, басылым ұжымын биылғы мерейтоймен құттықтады. Оның сөзінше, осы мерейлі датаға орай кітапханашылар газеттің электрондық архивін құруды қолға алған. Оған басылымның 1943 жылдан бергі нөмірлері енгізілуде. Алдағы уақытта ұлттық кітапханаларға және мемлекеттік архивтерге сұраныс жіберіп, одан бұрынғы сандарын да іздестіруді жоспарлап отырғанын айтты.

- Газет мерейтойы - бәрімізге ортақ. Сондықтан кітапхана оқырмандары осы басылымның ардагерлерін көрсін, бүгінгі журналистерімен таныссын деген ниетпен осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Бұл жиынға сіздердің болашақ әріптестеріңіз, яғни, журналистика мамандығында оқитын студенттер де қатысып отыр. Жалпы, бүгінгі ақпарат ертеңгі тарихқа айналатыны даусыз. Ал өлкенің ертеңгі тарихын жасаушылар – журналис- тер. Жалпы, кітапханашылар қауымы журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Өңірдің тарихы және Ертіс-Баян топырағынан шыққан ұлы адамдар туралы мәлімет жинаған кезде бірден газетке жүгінетінбіз. Сондай-ақ, Павлодар облысында жыл бойы атқарылатын мерейтойлық даталар мен атаулы күндер күнтізбесін жасаған кезде де мерзімді басылымдарда жарыққа шыққан мақалаларға сүйенеміз. Сондықтан, журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін, әріптестік қарым- қатынасымыз үзілмесін, - деді Шолпан Баянқызы.

Кездесу соңында басылымның басшысы Нұрбол Жайықбаев келелі кездесу ұйымдастырып, газеттің шығармашылық ұжымын оқырмандармен жүздестірген кітапхана қызметкерлеріне, кешті жүргізуші Қажыбаева Жазгүл Кеңесқызына алғыс білдірді. Сондай-ақ, кітапхана басшысына шағын мерейтойлық сый-сыяпат табыс етті. Жиналған жұртшылықтың құрметіне газет тілшілері ән тарту етсе, Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Тілей Маралбек «Көңіл толқыны» күйін орындады. Сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті, жас ақын Аманболсын Жиналған газеттің 90 жылдық мерейтойына арнау өлеңін оқыды.

 

Тілеуберді САХАБА, Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz