Ағалардың алақаны мен шарапатының ерекше ыстық болатынын жылдар өте келе түйсініп, түсіндік қой. Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар қаншама ағалардың алдын көріп, солардан көп нәрсені үйрендік. «Сарыарқа самалында» әрқайсысы 30 жылдан кем еңбек етпеген Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов секілді ардагерлердің, бас редакторлар Мұхит Омаров, Асыл Әбішев секілді ағалардың тәлімі, ол кісілердің бір-біріне деген құрмет-сыйластығы, оқырман-көпшілікпен қызмет барысындағы байланысы бір-бір университет еді ғой. Біз үлкендердің алдында әдеп сақтаудың жөн-жосығы мен сыйластықтың хал-қадірін сол кісілерден меңгердік. Қанатымыз қатайып, дүниетанымымыз кеңейді.

Университетте оқып жүріп, редакцияға жұмысқа тұру үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін уақыт-тұғын. Ол кезде біздің студент бола жүріп жазған шатпақ дүниелерімізді облыстық басылымда отырған аға-апаларымыз бақылап отыратынын қайдан біліппіз. Ілуде бір газетке жол түскенде, редакцияның табалдырығынан имене аттап, кабинеттеріне жүрексіне кіретінбіз.

...Ойда жоқта 3-курста оқып жүріп, «Сарыарқа самалына» тілші болып орнала-судың орайы түсті. Алдында Баянауыл аудандық «Баянауыл баурайы» газетінде тәжірибеден өткенде жазғандарымды байқап жүрген журналист Асыл Әбішев ағамыз ол кезде мақалаларды көпіртіп жазып, газетте фамилиясы жиі кездесетін. Қашан барсаң, алдында ат-көпір қағаз, оқырмандардан келген хат-хабар үйіліп жатады. Қарымына көз ілеспейді, лезде кесек-кесек мақалаларды дайындап тастайды.

Тағдыр маған Өскенбай Тастемханов- тай білікті журналистпен бір кабинетте отыруды тарту етті. Ол кісімен қанаттаса еңбек етудің өзі ерекше бір қимас күндер еді. Барлығымыз «Өсекең» дейміз. Өсекең жұмысқа жұрттың алды болып келіп, соңынан кетеді. Өте сыпайы, мәдениетті, оған қоса әлдебір шаруаны қиынсыну немесе міндетсіну деген мінез-құлықтан жұрдай адам. Әкеміздей жанашыр болған Өсекеңнің өнегеге толы сөздері мен мән-мағыналы ақылдарын тыңдамау мүмкін емес еді. Кейбір сәтте редакторымыз көңілі толмаған әлдебір істер үшін ұжымға кейіп жатқанда, ұнжырғасы түспейтін. Редакциядағы бір бітпейтін, ұзын-ырғасы таусылмайтын шаруаның тең жартысы сол кісінің мойнында болды десем, қателеспеспін.

Өсекең - спортты керемет сүйетін адам. Әлі де солай. Футбол, үлкен теннис десе, ол кісіден артық білетін адам жоқ шығар. Әр ойыншының тарихын зерделеп қана қоймай, ойын әдісін күні бұрын болжап, айтып отыратын. Нағыз кәнігі маман болған соң ба, футбол матчтарындағы болжап айтқандары айнымай келеді. Спорт саласына алғаш қалам тербеуіме, тақырыпты кеңінен түсінуіме ағамыздың еңбегі молынан сіңді. Газетте 2000-шы жылдардан бері қарай «Гол+» деген қосымша шығып тұрғанда, соның әр нөмірін әзірлеуге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямайтын.

Қазақтың «аға» деген сөзінде бір жылы шуақ, ерекше қасиет бар. Жақсы ағалар жасаған жақсылығын ешқашан бұлдамайды. Олар қамқор алақанымен қанатын қатайтқан інілер, кейінгі толқын жастар осындайда аға үмітін ақтауға, алдамауға тырысып, биіктерге талпынып ұмтыламыз. Өсекеңнің теңіздей телегей білім-білігінің арқасында редакциядан талай азамат қаламын төсеп, журналистиканың алып айдынына құлашын сермеді.

Жақсының жақсылығын, жасаған ісін жасырмай айту керек. Мұхит Омаров пен Асыл Әбішев облыстық басылымның дамуына, тақырыптық тұрғыдан ілгерілеп, таралымының артуына редакторлық етіп тұрғанда көп еңбек сіңірді. Мұхит ағаның мектебінен талай өрімтал жас тәлім алып, артынан мықты мамандарға айналды. Тұңғыш редакторымның алдын көріп, оның тоқпағынан өткенім қазір қарасам, ерекше ұмытылмас сәттер екен. Бізді рухты, жігерлі болуға тәрбиеледі. Мұхит ағаның айтқан ақылдары әлі күнге жұмысымызға жолбасшы, берген кеңестері кейбір қиналған сәттерде алма-кезектесіп көмекке келіп жатады.

Алғаш редакция табалдырығынан аттағаннан-ақ алға жетелеп, қамқорлық танытқан Асыл ағамен ағалы-інілі байланысымыз айрықша болған соң, ол кісі жайында кеңірек тоқталмасқа болмас. Ағамыз айналасындағылардың әрбірін жақын тартып, бауыр санағанмен, жұмысқа келгенде бетің бар, жүзің бар демей, кемшілігіңді ашық айтып, тура тартатын әділ басшы болды. Онысы кейде жоғары жақтағыларға жақпай, өзі үшін таяқ боп тиіп жататын да. Бірақ ұстанымынан айнығанын көрмеппін. Оқырманның талап-тілегін айшылық жерден сезіп отыратын аса сезімтал адам. «Көркем жазыңдар, оқырманға түсінікті тілмен жеткізіңдер» дегені көп нәрсені ұғындыратын. Көп жас тілшілер осы уақытта мақаланы дәмдеп, құнарлы жазуға төселіп қалды.

Қазақ дәстүрінде жақсы адамдар өзінен жасы кішілердің бәріне аға. Ағалардың бір ауыз жылы сөзі, саған деген сенімі қанаттандырады, түймедей талабыңды таудай қылады, алдыңнан алыс қияндарға, бақытты болашақтарға бастайтын ақ жол ашады. Міне, Асекең осындай нағыз аға деген атқа әбден лайықты азамат. Құр бос мақтаған емес, аға мен бауыр арасындағы алтын арқаудың үлгісін танытты. Жұмыстан қажыған сәттерде көңілдерге демеу болып, әр журналистің отбасындағы жағдайының жақсы болуына үнемі назар аударып отырды. Алдына көмек сұрап барған әр қызметкердің мәселесін оң шешпейінше тыншымайтын. Тіпті, бірде Қарағанды жақтан газеттен тәжірибеден өтуге келген студенттерге жергілікті оқу орындарының жатақха- насынан орын алып беру үшін бір өзі жүгіріп, білім ордасының ректорына дейін барып кіргенін жақсы білемін. Журналистерді түрлі шығармашылық байқауларға қатысуға қамшылап, жөн сілтеп жіберетін. Ол тұста талай әріптесіміз небір белестерді бағындырып, ірі байқауларды ұтып келді. Мұндай қамқорлықтарының қайсысын айтып тауысарсың.

Иә, қайсыбірін айта берерсің. Басылымның өз тарихында алғашқы және соңғы беттерінің түрлі түсті болып шыға бастауы, газеттің апталық таралымының 50 мыңға дейін (қайбір жылдары) өсуі, редакция ұжымының Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапатталуы Асекеңнің тұсында орын алғаны кездейсоқ емес шығар. Бұл - орынды әрі сапалы атқарылған жұмыс-тардың өтеуі, нәтижесі.

«Сарыарқа самалы» - елдің, жұрттың газеті. Тоқсан жылдық тарихында асқаралы белестерді өткерген басылымда талай ұлылардың ізі қалды. Газеттің ғасырға жуық үзілмей жарық көріп, қазіргі заманға сай түрленіп, жетіліп, көктеп отырғаны ежелден редакцияда жалғасқан ағалық дәстүрдің жемісі деуге тұрарлық. Ағаларымыздың көңіл толқытарлық ғибраты алдағы буынның рухани бірігуіне жол ашып, сыйластық пен құрметке құрылған жібектей желі жалғаса беретініне күмән жоқ.

 

Мұрат АЯҒАНОВ, бас редактордың орынбасары.

saryarka-samaly.kz