2007 жыл. Екінші курсқа аяқ басқан кезім. Университеттегі студенттік газеттің қазақ бөлімінің тілшісімін. Сол қызметтің өзін маңызды жұмыс көріп, өзімді журналист сезініп жүрген шағым. Бұрынғыдай сабақтан бас көтермейтін «ботаниктің» өмірі келмеске кеткен. Лекция тыңдағаннан гөрі студенттік өмір жайлы қалам тербеген қызығырақ. Сондықтан уақытымның көп бөлігін студенттік газеттің редакциясында өткізуге тырысатынмын.

«Қалам тербеген» деймін-ау... Аптасына бір рет шығатын газетке әупірімдеп екі-үш материал жазатынмын. Сөйтіп жүріп, өзге студенттердің материалдарын өңдеймін. Газет баспадан шыққаннан кейін осы жұмыстарым үшін ұстаздарым мен курстастарымнан мақтау күтемін. Естимін де... Ұстаздарым «жігері жасымасын» дейтін шығар, «алған бетіңнен қайтпа» деп қанаттандырып қояды. Сол мақтаудың «буымен» тағы бір апта талмай жұмыс істеймін.

Бақытыма орай (оны кейін түсіндім), сол жылы мен білім алатын жоғары оқу орны облыстық «Сарыарқа самалы» газетімен келісімшартқа отырды. Оған сәйкес, айына бір рет аталған басылымда тапсырыс бойынша университет жайлы айқарма (екі бет) жарияланатын болды. Қазақ бөлімінде жұмыс істейтіндіктен бұл міндет маған жүктелді.

Оған дейін редакцияда бірнеше мәрте болған едік. Басылымның сол кездегі бас редакторы Мұхит Омаров бізге ұстаздық етті. Сабақтардың басым бөлігі редакцияда өтетін. Мұндағы тілшілер қауымын танып алғанбыз. Кім қандай тақырыпта жазатынын нақты білеміз. Олардың қызу, қайнаған жұмыстарын көріп, сырттай қызығып кететінбіз.

Не керек, универси-теттің аманатын арқалап, қарашаңырақтың «есігін қақтым». Газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарған Бағлан Жапарова жетелеп, тілшілердің материалдарын газет бетіне ыңғайлап безендіріп, әрлейтін беттеушілердің кабинетіне алып келді. Онда қияқ мұртты, жұқалау келген адамды нұсқап: «Бұл - Нұрлан ағаң. Материалдарыңды сол кісіге тапсыр. Қасына отырып, бірге жұмыс істе», - деді. Кейін білсем, газеттің әр санының көзге көрінбес, бірақ кез келген палуан көтере алмас салмағын тартатын редакцияның сары атан қызметкерлерінің бірі осы Нұрлан Жанарбаев екен. Ол табиғатына тән асқан сабырлылықпен менің «шикі» жоспарымды «пісіріп», аз уақыттың ішінде бір қалыпқа түсіріп, дайындап берді. Бұдан кейін де Нұрлан ағамен университеттің бірталай айқар-масын дайындап шығардық. Сол кезде-ақ өзімді «Сарыарқа самалы» газетінің бір мүшесі ретінде сезінетінмін.

Сезімім алдамаған екен. Екінші курстың оқуы аяқталар тұста өндірістік тәжірибеден өтуіміз қажет болды. Ойланбастан «Сарыарқа самалы» газетін таңдадым. Әдетте, редакцияға келген «практиканттардың» жұмысы оқырман-дардың хаттарын қорытудан басталады. Бірақ менің өндірістік тәжірибем көп тілшінің еңбек демалысының уақытымен тұспа-тұс келген екен. Осылайша, журналистердің жетіспеушілігінен болса керек, басылым редакторының орынбасары қызметін атқарған ардагер журналист Өскенбай Тастемханов ағамыз бірден жиналысқа жіберді. Әлі есімде. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұйымдастырған баспасөз мәслихатынан есеп жазып келу жүктелді. Баспасөз мәслихатының не екенін әлі дұрыс білмейтін мен үшін бұл шара кішігірім сынақ болды. Әйтеуір, «облыстың бас газетінің атынан келдім» деген ой көңіліме медеу. Атап өтерлігі, жиын соңында банк басшылығы әріптестіктің белгісі ретінде барлық журналистерге естелік сыйлықтар табыс етті. «Барған жерінен сыйлық алып жүретін журналистің жұмысы рақат екен ғой» деп ойладым бірден. Сөйтсем, сол жолы ғана керек уақытта керек жерден табылған екенмін.

Баспасөз мәслихатынан өзімше «қатырып» мақала жазып, тапсырдым. Университет газетінде бір жыл істеген тәжірибем бар ғой. Соған сүйенген түрім. Өскенбай ағаның тексеруінен шыққан мақалама көзім түсіп кетіп еді - масқара! Қызыл-ала шимай!..

Міне, қиялыма қанат бітірген, журналис-тика әлеміне жолдама берген облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі алғашқы қадамдарым осылай басталған еді. Екінші курстан кейінгі өндірістік тәжірибе аяқталған соң басылымға тілші ретінде ресми түрде жұмысқа қабылдандым. Бұл Мұхит ағаның маған артқан зор сенімі деп білем. Сол үшін Мұхит Мүрсәлиұлына шексіз ризамын.

Жас болсам да, редакция ұжымы жылы қабылдады. Үлкені де, жасы да ақыл кеңесін, қолдауын аямады. Редакцияның кенжесі болған соң мұндағы аға-апайлардың көпшілігі «Данчик» деп еркелететін. Сол кезден бері газет екінші үйіме айналды.


P.S. Бүгінгі күнге дейін редакциядан қол үзіп, телеарна, баспасөз хатшылығы сияқты өзге салалардың «дәмін татып» көрдім. Бірақ «ат айналып, қазығын табады». Тағдыр «Сарыарқа самалына» қайта әкелді. Мерейтойыңмен, құрметтім!

 

Данияр ЖҰМАДІЛ, шолушы.

saryarka-samaly.kz