Мұның себебін Табиғи монополия-ларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті облыстық департаменті басшысы Олег Костенко өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірді.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің 2018 жылғы 7 қарашада өткен отырысында берген тапсырмасына сәйкес, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін төмендету бойынша біраз жұмыс атқарылды. 2015 жылы қабылданған заңнамаға сәйкес, коммуналдық қызмет көрсететін монополистердің, олардың қатарында «Павлодарэнергосбыт», «Павлодар-Водоканал» компаниялары бар, 2016-2020 жылдарға арналған шекті тарифтер деңгейі бекітілді. Ол жыл сайын тарифтің өсуін қамтиды. Осылайша, биыл Павлодар қаласында жылумен қамту тарифі 3,1 пайызға, сумен қамту құны 15,6 пайызға өсер еді. Ал былтырғы тапсырма аясында бұл өсімді болдырмаудың амалдары жасалды. Тұрғындардың айтарлықтай өзгерісті байқамауының себебі де осыдан. Егер өткен жылы тапсырма беріліп, жергілікті билік өкілдері монополистермен келісімге келмегенде биыл тариф шарықтап кетер еді. Біз соның алдын алдық, - дейді О.Костенко.

Десе де, «Павлодар-Водоканал» серіктестігі суды пайдалану құралдары бар тұтынушылар үшін тарифті 9,4 пайызға төмендетіп, бір шаршы метрі үшін бұрынғыдай 36,32 теңге емес, 32,92 теңге алатын болды. Ал арнайы құралы жоқ тұрғындар үшін баға 9,6 пайызға арзандап, 54,65 теңгеден 49,40 теңгеге дейін түсті.

Сонымен қатар, департамент басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның №3 ЖЭО-нан берілетін жылу бағасы 9,1 пайызға, «Павлодар жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарифі 2,6 пайызға, электр энергиясының бағасы 5 пайызға төмендеді. Сөйтіп, бір бөлмелі пәтер иелері жылу ақысынан айына 194,7 теңге, екі бөлмелі пәтер тұрғындары 389,4 теңге, үш бөлмелі үйдің қожайындары 519,2 теңге үнемдейтін болды.

Бірақ, төмендетілген тарифтің қанша уақыт тұтынушыларды қуантары әзірше белгісіз. Кейбір монополистер мұндай бағдарламаны бір жылға, енді бірі екі жылға арнап дайындаған екен.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz