Бұған дейін Мырзашоқы тауының етегінде демалуға асығатын адамдар аз болатын. Ал өткен жексенбі күні мұнда 300-ге жуық тұрғын жиналды. Демалушылар қатарында облыс әкімі Болат Бақауов пен Мырзашоқыны дамытуға ниетті инвесторлар да болды.

Айта кетелік, аталмыш тау-шаңғы базасы күніне 5 мыңға дейін мейманды қабылдауға қауқарлы. Әсем табиғат аясында демалып, денесін шынықтыруды қалайтындар арқан жолымен тау үстіне көтеріліп, шаңғымен жүріп, сноубордпен секіріп, арнайы сырғанау құралдарымен жоғарыдан төмен қарай жүйтки алады. Әсіресе, арқан жолымен тау бөктерін тамашалауды қалайтындардың қатары қалың. Жолдың жалпы ұзындығы – 960 метр, ал биіктігі – 800 метр. Екі адамға арналған 63 орындық бар. Жолдың бір шетінен екінші шетіне шамамен 10-15 минутта жетесіз. Кейін таудан шаңғымен не сноубордпен түсуіңізге әбден болады. Ал мұндай экстримге барудан тартынсаңыз, арқан жолымен қайтып келе аласыз. Ол жарты сағатқа жуық уақыт алады. Бірақ, сол жарты сағаттың өзі адамдарға ерекше әсер мен көңіл-күй сыйлауда.

- Бұрын Алматыдағы арқан жолдарын көріп, «бізде қашан осындай болар екен» деп қызығатын едім. Енді, міне, Баянауыл баурайында да облыс тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша нысан бой көтерді. Таудың үстімен өтіп, ұшы-қиыры жоқ ен даламызды, тау арасындағы биік-биік ағаштарды, тылсымы мол табиғатты тамашаладық. Барлығы алақандағыдай көрінді. Серуендеуге арналған орындықтар ыңғайлы, еш қорқыныш болған жоқ. Мұнда келіп, бір күндік уақытын өткізген адамның өкінбесі анық, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ләззат Смағұлова.

Қазіргі кезде мұнда шаңғы тебуге арналған киімді жалға алу, киім ауыстыру, тамақтану орындары бар. Бірақ олардың бағасы нақты белгіленген жоқ. Себебі, базаны дамытуды сеніп тапсыратын инвес- тор енді ғана табылды.

- Инвесторлар үшін қысқы туризм таңсық іс емес. Олар бұған дейін Екібастұздағы «Снежинка» базасын қалпына келтіріп, іске қосты. Енді «Мырзашоқы-Қаражар» ЖШС Баяна-уылдағы демалыс орнын қолға алмақ. Олар бұл жердің әлеуеті жоғары екенін бірден байқап, туристерді көптеп тартудың амалдарын қарастыруға кірісіп кетті. Атап айтқанда, инфрақұрылымды, қызмет көрсетуді жақсартып, нұсқаушыларды оқытады. Төтенше жағдай мен жедел медициналық көмек көрсету пункттері ашылады. Қазіргі уақытта құжаттарды ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Кейін Мырзашоқыдағы демалыстың бағаларын белгілейді, - деді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев.

Демалыс күні Мырзашоқыдағы алғашқы жарыстар басталды. Мұнда жастар арасында шаңғы тебуден облыстық сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Базаның қолданысқа беріліп, спорттық доданың өтуі облыста қысқы туризмді дамытуға әрі жеткіншектерді дене шынықтыруға ынталандырары сөзсіз.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz