Осылайша, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1200 гектарды алып жатқан аймаққа бүгінде 10 кәсіпорын орналасқан. Аймақтың басшылыққа алған өз бағыттары бар. Соның бірі – мұнай-химиялық кластер. Бүгінде дәл осы бағытта ісін бастаған бірнеше кәсіпорын қанатын кеңге жайған. Яғни, күйдірілген мұнай коксын, техникалық май, пеш отынын шығаратын өндірістер жұмыс істеуде.

«Павлодар» арнайы экономи-калық аймағы басқару компаниясы басқармасының төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, тағы бір жоба жүзеге асыру сатысына келген. Ол – «Северхим» ЖШС. Бұл кәсіпорын мұнай қалдықтарын қайта өңдеуді қолға алмақ. Мамандардың айтуынша, аталмыш жобаның бірегейлігі тың технологияда жатыр. Себебі, нанокатализаторлық крекинг жолымен мұнай қалдықтарын өңдеудің энергиялық тұрғыдан тиімді тәсілі қолданылады. «Севархим» серіктестігі технологияға арнайы тапсырыс беріп жасатыпты. Яғни, Әзербайжан елінің Ю.Мамедалиев атындағы мұнай-химиялық процестердің институты мен «Турал» ғылыми-өндірістік ұйымы арнайы әзірлеген көрінеді. Осы технологияға сүйеніп, кәсіпорын технологиялық жабдықты өзі жасап шығады. «Севархим» серіктестігі өндірісті іске қосқаннан кейін одан әрі бұл технологияның франшизасын сатуға дайын, дейді арнайы экономикалық аймақ өкілдері. Жобаның инвестициялық құны 1,2 млрд. теңгеге бағаланып отыр.

Елімізде теңдесі жоқ тағы бір кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында қазығын қақпақ. Бірегей жобаға инвестиция іргеден емес, сонау Италиядан тартылмақ.

Бұған дейін жазғанымыздай, италиялық Chimec S.p.A. транс-ұлттық компаниясы мен қазақстандық «KazMunaiHim» ЖШС бірлесіп, бірегей жобаны жүзеге асыруға уағдаласқан болатын. Компанияның өкілдері облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесіп, ұсынылып отырған ұтымды мүмкіндіктерге ризашылығын білдірген еді. Облыс басшылығы да бірегей жобаның іс жүзіне асу барысын барынша бақылауына алатынын әрі қолдаудан да кенде қалмайтынын айтты.

Бұл инвестициялық жоба жанар-жағармайға арналған қоспа жасайтын еліміздегі алғашқы зауыт салуды көздейді. Елбасы импорттық тауарларды алмас-тыратын өзіміздің өнімдерімізді өндіруді жиі тапсырып, талап етеді. Міне, аталған жоба осы мақсатты орындамақ. Себебі, елімізде жанар-жағармай сапасын арттыру үшін оған қосылатын қоспа өзге мемлекеттерден импортталады. Енді осы олқылықтың орнын облысымызда бой көтеретін кәсіпорын толтырмақ. Мамандар жобалық-сметалық құжаттары әзірленген соң құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыруға кіріседі.

- Бұл Қазақстанда еш баламасы жоқ, жанармайға қосылатын қоспа өндіретін теңдесі жоқ кәсіпорын болмақ. Инвестиция құюға ниет танытқан италиялық компанияның әлем бойынша 50 бөлімшесі бар. Жалпы, әлемде химиялық реагенттер өндірісімен айналысатын ең ірі кәсіпорындардың бірі, - дейді Айбек Тұрсынғалиев.

Жобаға 2,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынады деп жоспарланған. Кәсіпорынға қажетті жабдық Италиядан жеткізілмек. Өндірістің жұмысын италиялық технологияға негіздеу, ал мұнай қалдықтарын Павлодар мұнай өңдеу зауытынан сатып алу жоспарланған.

Жалпы, кәсіпорынның өнді-рістік қуаттылығы жылына шамамен 2000-3000 тонна қоспа болады деп болжануда. Мұндай қоспа еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытына қажет. А.Тұрсынғалиевтің айтуынша, Павлодар мұнай өңдеу зауыты жанар-жағармайға жылына шамамен 2000 тоннадай қоспа қолданады екен. Яғни, жергілікті өндіріс орнының қажеттілігін толық қанағаттандыруға жаңа кәсіпорын қауқарлы болмақ. Ал еліміздің өзге екі өңіріндегі мұнай өңдеу зауыттарынан тапсырыс түсіп жатса, сұранысқа сай жұмыс жасауға іргесі қаланатын зауыттың шамасы жетеді, дейді А.Тұрсынғалиев.

Әлбетте, бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақта әлі де пісіп-жетілдірілетін, келіссөздер деңгейінде көтеріліп жүрген жобалар аз емес. Ол жөнінде экономикалық аймақтың өткен жылғы қорытындысы сөз етілген жиында айтылған болатын. Яғни, былтыр сегіз айда 30 млрд. теңгенің 6 жобасы тартылғаны, бес кәсіпорын 2019 жылы ашылатыны айтылды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz