Жыл басындағы Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алғалы еліміз 2 жаңғыртудың сатысынан өткенін, ендігі жерде үшінші кезеңді іске асыруы керек екенін айтты. Сан тараулы, терең мазмұнды құжаттың мәніне мұқият үңілген адам барлық салмақты сезінеді. Бір ғана ауыл шаруашылығы саласын толық игермесек, түбі алысқа ұзауымыз қиын. Бос алқаптарды іске жаратсақ, сырт көздің сұғынан сақтанбасақ та болады. Өз өнімімізді көбейтсек, долларды шешеміздей танымасақ та болады. Айта берсек, сөздің түйіні «ішіміз мықты болса, сырт күш ешқашан жонын күжірейте алмайды» дегенге саяды.

Осылай бір толғанып жүргенімізде, Елбасы тағы бір келелі дүние - рухани жаңғыру мәселесін алға тартты. Арғы-бергі рухымызды түгендейтін небір аталы сөзді айта келе, Мемлекет басшысы біздің алдымызда тұрған іргелі міндеттерді атады. Оның қатарында латын әліпбиіне көшу, туған елге, жерге қызмет ету, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылу, тағы басқалар.

Түптеп келгенде, Елбасының атап көрсеткен, ел келешегіне керек істерді атқару – сіз бен біздің мойнымыздағы шаруа. Анау-мынау тірлікті қоя тұрып, елдік үшін ең алдымен білек түріп еңсеретін дүниелер.

Ендігі жерде салмақ барлық азаматтарға түсіп тұр. Бағанадан бері, алыстан толғап келгендегі ат басын тірейтін тұсымыз осы.

Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғалы бері экономикамыз ілгерілесе де, қоғамдық санамыз толық жетілмей тұр. Әсіресе, елдік мәселесіне келгенде, істің кемшін тартып тұрғаны рас.

Бұған бірнеше мәселелер кедергі, себеп. Әуелі, ағайынның аузындағы сөзі мен санасындағы ойы. Бүгінде ел ішінде болмасты сөз етіп, пайда бермес оқиғаларды аударып-төңкеріп, талқылауға бейімділер баршылық. Бір тойға, жабдыққа бара қалсаңыз, дастарқан басында мұндай жел сөздің талайына қанығасыз. Жанынан қосып айтып жіберетіндерді ескерсек, біраз дүние аңызға бергісіз жағдайға жетеді. Міне, соған бір тосқауыл жасайтын уақыт болды. Бос сөз алысқа апармайды. Шындықтың да ауылынан алшақ болады.

Тағы бір мәселені түнеукүні Елбасының өзі айтты. Томирис пен Шыңғысхан туралы көкезу тақырып-тарды шектейтін кез жеткен сыңайлы. Сүйегі қурап қалған ұлы қағанның қазақ болғаны, болмағаны қазір «бірінші нөмірлі» проблема емес. Иә, біз - ұлы Түріктің, ер Түріктің ұрпағымыз. Бірақ бұл біздің болашаққа ынталантыратын рух болуға тиіс. Тарихымыз ерлікке тұнып тұрғаны рас.

Президент айтқандай, әлемді қазір тек ғылым мойындатады. Яғни, жаңа технологиямен ғана жалт қаратасыз. Басқасы - бос әурешілік. Бүгінде сол приоритет салаларға қазақ баласын бағыттау керек. Бұл жерде жас ұрпақ рухани тұрғыда мешеу болсын деген әңгіме айтылып тұрған жоқ. Ішкі рух сақталып, қазақтығымызды әрі қарай жаңа технологиялар арқылы әлемге жайсақ деген асқақ арман үн салып тұр. Ұлттық өнер қазақтың өзіне керек, тегін-түбін ұмытпасқа. Десек те, осыған тұйықталып қалсақ, бәріміз жаңашылдықтан қашқақтай берсек, қияға қанат сермеу мүмкін емес.

Уақыттың дәлелдегені – әуелі бізге салт-сананы жаңғырту керек. Бірақ осы күннің шешетін бір мәселесі – діни таным мәселесі екені тағы даусыз. Қазір осы тақырыпты әлеуметтік желіге салсаңыз, небір талқылауды көресіз. Данасы бар, наданы бар – сөзден тартынбайды. Бірақ соларға салсаң, сөзіне жауап беретіні аз. Бұл нені көрсетеді? Жел сөзге жүйрікпіз.
Абай атам айтқан бес асыл қасиет қайда?

Елбасы текке алаң емес, қазір дінді де түзеу керек болып тұр. Болмаса, дәстүрден аулақтау дегеніңіз күшейе келе елдігімізге қатер болуы ықтимал. Қазір Үкімет бұл мәселені түбегейлі зерттеуге кіріскені қуантады.

Тағы да жауапкершілік алдымен азаматтарда екенін қайталайық. Біз осы 10 жыл бұрынғы өсек-аяң, басқа да томпақ, пасық, болмас қасиеттерден арыла алдық па? Әлде сол баяғы санамызда қатып қалған түсініктер, стерео- типтер атой салып жүр ме? Өкінішке қарай, ондаған жылдар бойы қасаң пікірін жақсы жаққа қарай өзгерте алмағандар көп секілді. Бір данышпан: «ешқашанда бір пікірді өзгертпеу – әбестік, ақымақтық» деген екен...

Бүгінде елде бірдеңе бола қалса, Үкіметті жабыла жамандайтындар көп. Не болмаса, әр жерде «әділетсіздік» деп ұрандатып жүргендер баршылық. Ел аман, жер тынышта жол болсын дейсің мұндай тірлікке қарап. Сонда сол пәтшағарлар не жақсылық іс тындырып жүр дейсіз. Бір ағамыз айтып еді: «Әркім өзінің құқығын біледі, бірақ әркім өзінің міндетін білмейді» деген тәмсіл бір кезде кең таралыпты. Біз осы Қазақстанды көркейген ел ету жолында өзіміздің міндетімізді түсініп келеміз бе? «Балық басынан» демекші, алдымен ел алдында жүрген тұлғалар, зиялы қауым, отбасы иелері осыны түсініп, дөңгелетіп әкетсе игі. Әрі қарай, бос сөз, ыржақай күлкі де тыйылары сөзсіз, себебі «көп қорқытады, терең батырады». Сана түзелсе, шаруа алға басады.

Түптеп келгенде, Елбасы бір жылда екі Жаңғыру бағдарламасын алға тартты. Бұл – үлкен қадам, көрегендік құжаты. Оның іске асуы барлық қазақстандық азаматтарға жүктелетінін сезінуіміз керек.

Елбасы елге сенді. Ел сенімді ақтау үшін әуелі санасын жаңғыртуы керек. Біздің міндетімізді сырттан біреу келіп атқарып бермейді. Қисайған уық болса, ел болып бірігіп түзетейік. Отырып аттандау, айқайлау - абырой емес. Бұл - біздің болашағымыз тамыр жаятын мекен, қастерлі топырақ, біз борыштар Қазақстан.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz