Талғат ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы (пікірі интернеттен алынды):

- Әрбір құрылыс компаниясының беделіне Құрылысшылар одағы жауап береді. Бұл дегеніңіз нарықтан бір күндік фирмалар мен жосықсыз мердігерлерді ығыстыруға мүмкіндік береді. Ары қарай өзін-өзі реттейтін ұйымның мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестік дәрежесі өсе түседі. Демек, шарттарды шенеуніктер емес, әділ нарықтық бәсекелестік белгілеп береді. Мұндай таза әрі ашық күрес компаниялардың клиенттерге ең жақсы нұсқаларын ұсынуға ынталандырады. Оның ішінде әрбір шаршы метрдің бағасын төмендету мүмкін болады. Ұйым құрылғаннан кейін сыбайлас жемқорлық сипатындағы факторлардың жолы кесілсе, құрылыс компанияларында жылжымайтын мүліктің бағасын төмендету мүмкіндіктері көбірек болады. Түптеп келгенде, талай отбасы арзан бағалы баспанаға қол жеткізе алады. Жалпы, құрылыс нарығында бәсекелестіктің неғұрлым жоғары болуы сапалық жағынан өсуге жетелейді. Сондықтан біздің одақтың келесі қадамы - нарық қатысушыларын ынталандыру үшін арнайы Премия тағайындау. Оның мақсаты сапалық нетворкинг болмақ. Бұл дегеніңіз ұзақ мерзімді әрі сенімді қарым-қатынас орнату көзделеді.


Александр ТЕРЕНТЬЕВ, облыстық мәслихат депутаты, «Стальмонтаж» құрылыс фирмасының басшысы:

- Елімізде өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заңның қабылдануына байланысты біз қазіргі таңда құрылыс істері жөніндегі комитетпен, құзырлы министрліктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Яғни, қандай функциялар бұл ұйымға берілетіні турасында сөз етілуде. ӨРҰ бойынша екі түрі құрылады. Бірі - кәсіпкерлер ӨРҰ-ы, екіншісі кәсібилер ӨРҰ-ы болмақ. Соңғысы құрылыс нарығының бүкіл мамандарын аттестациядан өткізеді. Демек, әрбір маман өзінің қойған қолы мен атқарған жұмысына жауапты болады. Ал кәсіпкерлер ӨРҰ-ы құрылыс нарығында компанияларға рұқсат анықтамасын береді. Лицензия алынып тасталады. Оның орнына рұқсат беріледі. Мәселен, Ресейде мұндай ӨРҰ баяғыдан жұмыс істейді. Оларда кемшіліктер кездеседі, соны ескермекпіз. Тапсырыс беруші әрдайым ұтады. Себебі, ӨРҰ-да өтемақы төлеу немесе сақтандыру қоры болады. Сақтандыру ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Яғни, құрылыс компаниясы тарапынан мәселелер туындаса, ол шығындар аталған қордан өтеледі. Мұндай ұйымды ойдан құрастырып отырған жоқпыз. ӨРҰ еуропалық елдерде әлдеқайда дамыған. Әлбетте, бәрін өз еліміздің заңнамалары талаптарына лайықтап, енгіземіз. Еуропалық елдерде әрбір маман атқарған жұмысына жауапты болады, тіпті қылмыстық іске дейін жеткізілуі мүмкін. Инженерлер, прорабтардың жауапкершілілігі артады. Бұл сапаға жетелейді. Бүгінге дейін ГАСК лицензияны оңды-солды таратып келді. Бір санаттан екіншісіне көшіп алуын көп жағдайда ақша шешіп жатады. Енді осы функциялар ӨРҰ-ға көшірілгеніне мүдделіміз. ӨРҰ-ның қызметкерлері сапаны да бақылайды, өздерін жақсы жағынан танытқан компаниялар қатарға алынады. Сәйкесінше, сатып алуларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. ӨРҰ Үкіметпен, Кәсіпкерлер палатасымен тікелей жұмыс істейді. Заңға өзгертулер енгізуге, тағы да басқа істерге араласады. Бәлкім, өңірлерде өкілдіктері ашылады, бәрі ойластырылуда. Модельді барынша сәтті етуге күш салынуда. Ең бастысы шенеуніктердің функция-лары азайтылады. Сөйтіп, құрылыс нарығында мердігерлердің жұмысы жеңілдейді.


Шайхислам ТӘКІБАЙҰЛЫ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің сәулет және құрылыс кафедрасының оқытушысы:

- Меніңше, жаңадан ұйым құрудың қажеттілігі шамалы. Бұрыннан қабылданған бақылау тетіктерін қатаңдатса, сонда әлгі жемқорлыққа да жол берілмейтін еді. Ашық бәсекелестік орнауы үшін де әрбір құрылыс тендерінің таза өтуін қамтамасыз ету керек. Құзырлы органдар соған әрекет етуі тиіс. Ұйым болсын, мекеме болсын, қаптата бергеннен пайда мол болады деген бекер болар. Ал тұрғын үйлер бағасын арзандату үшін алдымен еімізде құрылыс индустрия-сына қажетті материалдар өндірісін өрістету керек. Осы салада кәсіпорын ашуға ниетті азаматтарды қолтықтан демеп, барынша жәрдемдескен жөн болар. Себебі, бүгінде құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі шеттен әкелінеді. Оның құны да күн санап өсуде. Сондықтан, осы бағытта жұмыс жақсарса, бағаға әсер етер еді. Ал сапасын, әлбетте, құзырлы органдар қатаң бақылауда ұстауы тиіс.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz