- Айбек Әлібекұлы, өткен жылдың сәуір айында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының тізгінін өз қолыңызға алдыңыз. Бұған дейін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істегеніңіз белгілі. Солтүстік пен оңтүстік аймақтардың бір-бірінен басым түсетін бағыттары мен кемшін тұстары қандай?

- Еліміздегі 12 арнайы экономикалық аймақтың барлығы бірдей бір заң аясында жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерде де айырмашылық жоқ. Тек әр аймақтың өз бағыты бар. Мәселен, «Оңтүстік» жеңіл өнеркәсіппен айналысып, текстиль бағытын дамытуға ниетті инвесторларды тартса, «Павлодар» химия, мұнай-химия және металлургия салаларының елімізде қарыштап дамуына үлес қосуы тиіс. Бұл – бірінші ерекшелік. Екіншіден, «Оңтүстіктің» жер аумағы небары – 200 гектар. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы болса, 3300 гектар аумақты алып жатыр. Оның 2100 гектары - Былқылдақ көлінің аумағы, қалған 1200 гектары кәсіп жүргізуге берілген. Яғни, біздегі жер көлемі оңтүстіктегі әріптестерімізден алты есе көп. Үшіншіден, шикізат, нарық әр түрлі.

- Қызметке келер тұста қандай мақсат қойдыңыз және бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында оған жете алдыңыз ба?

- Басты мақсатым көпшілікке кеңінен таныту еді. Бұл ретте мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында «World free zones Organization» дүниежүзілік ұйымының төрағалық етуімен өткен халықаралық конференцияға қатысуымыз тың серпін берді. Соның нәтижесінде «Павлодар» АЭА аталмыш ұйымның мүшесі атанды. Бұл өз кезегінде 3 мыңнан астам инвесторға тұрақты түрде «Павлодар» АЭА туралы ақпаратты жолдауға мүмкіндік береді. Демек, инвестициялық әлеует арта түседі. Дәл осы ұйымның кепілдік болуымен былтыр арнайы экономикалық аймақ британдық белгілі журнал – fDiMaqazine (ForeignDirectInvestment) нұсқасы бойынша «Үздік ресурстық-шикізаттық база-2018» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл – үздік сарапшылар мен бизнес саласындағы зиялы қауымның бағасы. Сол арқылы төрткіл дүние біздің аймақта сапалы әрі қолжетімді шикізаттың барын біледі. Оған қоса, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын нәтижелі аймақ деп таныды. Осы жетістіктерімізді биыл да еселей түссек дейміз.

- Кемшін тұстардың барын да бүгіп қалуға болмас. Білуімізше, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барлық инфрақұрылымды тартуға 20 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл істің кешеуілдеп жүргізілуі инвесторлардың келуіне кедергі келтірмей ме?

- Кәсіпкерлер тарапынан инеженерлік-коммуникациялық желілерге қатысты сын-ескертпе жоқ. Иә, инфрақұрылым толық тартылмаған. Осыдан 8 жыл бұрын арнайы экономикалық аймақ ашылған тұста желілер «Каустик» зауытынан тартылған болатын. Бұл ірі өндіріс орнының қуаттылығы әзірше жетеді. Бірақ ісіміздің өркендеуі үшін өзіміздің инфрақұрылымның болғаны дұрыс. Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін соманың көлеміне қарай бірінші кезекте қажетті жұмыстарды жүргіземіз. Айталық, былтыр кәріз, жол, тазарту станциясының екінші кезеңін салдық. Биыл теміржол жобасының бірінші кезеңіне көшеміз, кәріз жүйесінің қалған екі кезеңін аяқтаймыз, «Агрохимпрогресс» кәсіпорнына дейінгі жолды саламыз және таза ауызсуды тартамыз. Осылайша, 1200 гектар аумақтың әр шаршы метрін қамту үшін жүйелі шараларды қолға аламыз. Ал қазіргі уақытта бұл іске қатысты түйткіл жоқ. Арнайы аймақтың кейбір аумағында инженерлік желілердің болмауы инвесторларға кедергі емес. Олар қаржы құяр сәтте басқа көрсеткіштерге басымдық береді.

- Қандай?

- Шетелдіктер еліміздегі арнайы эконо-микалық аймақтарда қарастырылған салықтық жеңілдіктер туралы білген тұста таңданысын жасыра алмайды. Көпшілік мұны қаржыны тартатын негізгі күш деп те ойлайды. Әрине, бірқатар салықтан босатылу кәсіпкерлерге тиімді. Десе де, алдымен шетелдік инвес-торлар үш негізгі көрсеткішке мән береді. Біріншісі – логистика. Бұл тұрғыдан алғанда біздің облыстың ұтары мол. Себебі, теміржол, автомобиль жолдарымен жөнелтуде еш қиындық туындамайды. Екіншісі – өнім шығаруға қажеттінің барлығы қолжетімді аумақта болуы тиіс. Бұл кезде аймақтың «Үздік ресурстық-шикізаттық база-2018» деп танылуы маңызды рөл атқарады. Үшіншісі – дайын өнімді сатылымға шығару. Павлодар облысының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, Ресейдің бірқатар облысымен шекараласуы инвесторларды қызықтырады. Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауын атап өткен жөн. «Павлодардың» дамуына бағыт-бағдар беріп отырады.

- Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы 2025 жылға дейін «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында алюминий бағытындағы кәсіпорындар санын 10-нан асыру туралы жоспарымен бөлісіп еді. Оны орындау үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

- «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы ашылған тұста химия бағытына басымдық берілгені белгілі. Уақыт өте келе оның орнын алюминий алмастырды. Мұнда қоспалы алюминий мен автомобиль дискілерін шығаратын екі зауыттың ашылуы - соған дәлел. Нәтижесінде ресейлік-германиялық «Гиссенхаус» компаниясы өндіретін өнімнің соңғы бағасы 20 пайызға арзан болып шығады.

Жалпы, соңғы уақытта әлемдік нарықта алюминийге сұраныс жоғары. Бұл тенденция алдағы 10-20 жылда да сақталады деп ойлаймын. Ал дәл осы саланы дамыту үшін бізде мол мүмкіндік бар. Оны оңтайлы пайдаланудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Сөйтіп, алдағы бірнеше жылдың дересінде «қанатты» металға қатысты өндіріс орындары санының көбеюі әбден мүмкін.

- Көп жағдайда қай ел азаматтары біздің облыста кәсіп ашуға ниет білдіреді?

- Бірінші кезекте – ресейліктер. Себебі, олар Қазақстанды, заңдар мен экономиканы жақсы біледі. Қытайлық тараптан да қызығушылық бар. Бірақ олардың жобалары әдетте ұзақ уақыт жүзеге асады. Өйткені, Қытайдағы құзырлы органдардан келісімдер алу, қаржыны сыртқа шығару – қиын шаруа.

Негізі, қандай мемлекеттің инвесторы болса да ол алдымен біздің елді зерттейді. Арнайы аудиторлық компанияны жалдайды, кәсіби мамандар өз кезегінде Қазақстандағы шикізат, нарық, жеңілдіктер, заңнамалар, экономикалық тұрақтылық – барлығын бүге-шігесіне дейін сарапқа салады. Кейін талдама қорытындысын инвесторға ұсынады. Мұның барлығы бір жылға жуық уақытты алуы ықтимал. Содан соң ғана кәсіпкер қаржы құю-құймау туралы шешімді қабылдайды. Ал кейде біз жобаларды қабылдамай, кері қайтарамыз.

- Қандай жобалар қолдау таппайды?

- «Павлодар» АЭА-ның негізгі бағыттарымен мүлде байланыспайтын жобалар ұсынылады. Енді бірде тым шағын, инвестиция көлемі өте аз бизнесті бастауды қалайтындар келеді. Бірақ бізге ірі, инновациялық жобалар керек. Соларға басымдық береміз. Жалпы, алдағы уақытта шикізат өндірісінен өнімнің соңғы өндірісіне көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл экология үшін де тиімді. Әрине, 1200 гектар – үлкен аумақ. Оны нарыққа қажет, сұранысы жоғары, индуст- рияны дамытатын ірі кәсіпорындармен толтыруды қалаймыз. Бізге батыл инвестор қажет.

- Осы орайда басқарушы компанияның қызметкерлері туралы айтып өтсеңіз..

- «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы жер көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрса, қызметкерлер саны бойынша - соңғы орында. Біздің компанияда небары 17 адам бар. Соған қарамастан, қыруар қызмет атқарып, ауқымды жобаларды жүзеге асырып отыр. Олар үш бағыт – инвестиция тарту, инфрақұрылымды жақсарту және маркетинг бойынша жұмыс істейді. Бір қарағанда кеңсе ішінде ғана атқарылатын оңай іс болып көрінуі мүмкін, бірақ мүлде олай емес. Инвесторлармен байланыс орнату, жобаны талдау, инженерлік желілер мәселелерін шешуден бастап зауыттың іргетасы қаланып, өнім шығаруына дейін қызмет атқарады. Әр жобаның сәтті жүзеге асуы – әр қызметкердің тынымсыз еңбегінің жемісі.

- Алға белгілеген жоспар-міндеттер қандай?

- Менің асқақ арманым – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын жерлес-теріміздің мойындап, шетелдіктердің бірден білуі. Осы мақсатта қазіргі уақытта кореялық және италиялық ірі трансұлттық корпорациялармен келіссөздер жүргізілуде. Аталмыш компаниялармен мығым әріптестік байланыс орнатып, арнайы экономикалық аймаққа тартсақ, биік белесті бағындырғанмен пара-пар болар еді.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz