Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай бөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесіндегі от жағып қарсы алу үрдісі дәстүрімізден әлдеқашан шығып қалған. Наурыз мерекесі қазақ елінің, жалпы түркі жұртының салт-санасымен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді.

Қазіргі таңда наурыз мейрамы – діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл - қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Бұл күндері елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, айтыс-терме ұйымдастырып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Наурыз дастарқандарында құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарған Аллаға шүкіршілік айтып, ел амандығын тілейді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Амалдар ниеттерге байланысты» делінген. Біздің ниетіміз – салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу.

Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Наурыз кезіндегі адамдардың татуласуы, ағайындар арасындағы көже ішу арқылы байланыстың нығаюы, ұлттық ерекшеліктеріміздің жаңғыруы, ішімдіктің қолданылмауы, т.б. көптеген элементтер исламның құндылықтарына сай келеді.

Бұл мереке діни мереке ретінде аталып өтілмейді. Рухани жаңғыру барысында кейбір азаматтарымыздың бұл мерекені исламдық мереке ретінде түсінуіне де кешіріммен қараған абзал. Олай болатыны, біздің салт-санамыз бен рухани дәстүріміздің ислам құндылықтарымен астасқаны соншалық, дәстүрдегі бар мұрамызды исламнан санау жақсы ниеттен туындаса керек. Алайда ұлтымызда және осы аймақтарды мекен еткен көптеген халықтарда аталып өтілетін бұл мерекенің ұлттық бояуы басым. Сол себептен халықтың жаппай қабылдап, жақсы көңіл-күймен қарсы алатын мерекесінің әлі де орны мен құнын бағалау қажеттілігі бар.

Қыстың қатал шарттарынан көктемге жеткен, әсіресе мал-шаруашылығымен айналысқан халықтың көктеммен бірге қуануы, тіршіліктің жаңғыруымен бірге жаңаруға талпынысының астарында терең мән-мағына бар. Сондықтан ұлыстың ұлы күні саналған бұл ұлттық мерекеміздің халық өмірі мен бірлігіне тигізер пайдасы орасан.

Дін мен дәстүр үйлесімін тапқан осынау игі мерекеміздің қарсаңында біз көптеген жақсы амалдарды әлі де қалыптастыруымыз керек. Өйткені адамдардың бір-біріне қайырымды болуы - әу баста Жаратушының адам баласына берген табиғаты. Қасиетті құранның «Бахара» сүресінің 148-аятында Алла Тағала: «Олай болса, жақсылықта жарысыңдар!», - деп бұйырады. Алла елшісі (с.ғ.с): «Адамдарға рахметі болмағанның Аллаға рахметі болмайды», - деген хадисі бар.

Қазақ халқы: «Жасаған жақсылығың сатулы болмасын», «Адамға қылған жақсылық өмірінде тозбайды», «Бір-бірімізге қайырымдылық, мейірімділік жоқ жерде бірлік пен ынтымақтастықтың ауылы да алыстай береді», т.б. нақыл сөздерімен адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсетуді халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі ретінде ұрпағына аманат еткен.

Адамдардың өмірі, тіршілік етуі өзге жандармен қарым-қатынастан тұрады. Сол себепті, адамдар бір-біріне қол ұшын беруімен, жанашырлық танытуымен, адамзаттың игілігі үшін пайдалы істерді бірігіп істеуімен алғысын білдіре алады. Адамның отбасындағы және қоғамдағы адамдар тарапынан қолдау тауып, солардың разылығына бөленуі - Жаратушыны да разы ететін іс. Алланы разы ету - шүкіршіліктің, рахметтің ең ұлысы. Бұл тұрғыда біздің қазақ қайырымдылықтың өлшеусіз үлгісін қалыптастырып, «жесірін қаңғытып, жетімін жылатпаған» ел. Мәселен, біздің сөздік қорымыздағы «Асар», «Жылу», «Сыбаға», «Бәсіре», «Енші», «Сауын», «Қырық серкеш», «Ерулік», «Ерулікке - қарулық» т.б. көптеген сөздердің астарына үңілсек, тек қайырымдылық пен жақсы істердің ғана көріністері тізбектеліп тұрады. Мұндай дәстүрді ұлтымыз өз тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Мәселен, көрші-қолаңның, ағайын-туыстың жалғыз аты өлсе, оның етін көпшілік болып бөлісіп, орнына бірігіп ат сатып берген. Алыс сапарға аттанғанда кедейлерге ет-май деп майда малын уақытша болса да қарасып, мініске деп жылқы берген. Көлік-жай деп көшуге, малға жем-шөп даярлауға түйе беріп көмектескен. Сауын деп кедей-кепшіктерге жаз кезінде сауынға мал берген. Атаны ардақтау, ананы аялау, досты сүю, жолдасты құрметтеу – бізге бабаларымыздан қалған дәстүр. Бұл – елдігіміздің нышаны.

Мұндай дәстүрлер бүгінде «Мектепке жол», «Бауырыңа өмір сыйла!», «Қарекет», «Барыңмен бөліс!», «Ел үлесі - пәтерге!» акциялармен және тағы басқа көптеген жақсылықтармен толығып жатыр.

Ендеше, наурыз айы - барлық дүние жаңаратын, түлеп, көктейтін ай болғандықтан осы айдың әр күнін біз бір-бірімізге жақсылық жасаумен өткізсек құба-құп болар еді. Сондықтан облысымызға қарасты әрбір мешіт өз шама-шарқына қарай биылғы наурыз айының 8-і күні көп балалы және жалғызбасты көптеген аналарға азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсетті. Сонымен қатар наурыз айының 14-15-і күндері Екібастұз қаласы, Павлодар, Ақсу қалаларында аналарға, мұқтаж отбасыларға, балалар үйіне арналған қайырымдылық науқандары ұйымдастырылады. Наурыз айының 15-і, сәуір айының 5-і күндері қалалық мешіттердің «Әйелдер-қыздар бөлімінің» ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жәрмеңкелері» өтеді, одан түскен қаражаттар науқас, жедел ота жасалуы тиіс балаларға көмекке беріледі. Алла қаласа, осы қарсаңда «Ел үлесі - пәтерге!» акциясы арқылы көп балалы бір отбасын баспаналы болдыруды да көздеп отырмыз. Оның сыртында әркез мешітке жеке келіп өз мәселесін шешіп алатын жолаушылар, мұқтаж жандар да баршылық. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолы - дін мен дәстүріміздің біте қайнасқан үйлесімі арқылы жүзеге асуда. Қысқасын айтсақ, жалпы мешіттерде қайырымдылық шаралар дәстүр болып қалыптасып кеткен. Бұл да руханиятқа аттаған тағы бір қадамымыз деп санаймын.

Алла Тағала барлығымыздың жүрек-терімізге қайырымдылық пен мейірім-ділікті молынан ұялатып, ізгі жандардың қатарынан болуды нәсіп етсін!

 

Жолдас БЕРТЫМҰРАТОВ, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы.

saryarka-samaly.kz