Көлікті шамасына қарап таңдайды

Осыдан біраз уақыт бұрын республикалық «Айқын» газеті жазып өткендей, былтыр қаңтар айында 20 жылды артқа тастаған көліктер саны 38,1 пайыз болса, осы жылдың басындағы деректерден оның саны 43,5 пайызға жеткен. Ал 1-3 жыл болған көліктер қатары 4,7 пайыздан 3,2 пайызға қысқарған. Ескі көліктің жиі бұзылатынын, түрлі апатты жағдайларға себеп болатынын, оның экологияға да көбірек зиян келтіретінін бәріміз білеміз. Әйтсе де, «Неге жаңа көлік мінбейсің?» деп ешкімді міндеттей алмаймыз, әркім өз шама-шарқы келгеніне қарай көлік таңдайды.

Биылғы ақпан айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жеңілдікті автонесиеге мемлекет биыл 8 млрд. теңге бөлетінін мәлімдеген. Негізі несиенің бұл тетігі 2015 жылы пайда болғаны белгілі. Оның сомасы уақыт санап өсіп келеді. Қаржы жылма-жыл Ұлттық қордан бөлініп, Қазақстан Даму банкі арқылы екінші деңгейлі банктерге таратылып берілуде. Автокөлік өндірушілерді қолдау мақсатында жүзеге асқан бастама аясында ел тұрғындарына Қазақстан аумағында құрастырылған, бағасы 15 млн. теңгеден аспайтын жеңіл автокөліктің 61 маркасы ұсынылып келеді.

Павлодар қаласы бойынша 4 проценттік несие қалай беріліп жатқаны туралы білмек оймен «Бипэк Авто» компаниясының көлік салонына хабарластық. Айта кетелік, бұл салон «Lada», «Skoda», «Chevrolet», «Kia», «Renault», «Уаз» маркалы көліктердің түрлі модельдерін ұсынады. Әрі жүрілген, жылы ескі көліктердің де кең таңдауы бар. Қазірде мұнда отандық зауыттарда құрастырылған жеңіл машиналарды жылдығы 4 процентпен 7 жылға дейін несиеге сатып алудың мүмкіндігі зор. Салонға көлік іздеп барушылардың көптігі байқалады. Темір тұлпар алғысы келетіндердің басым бөлігі бағасы арзан әрі жөндеуге икемді, қосалқы бөлшектері қалтаға салмақ түсірмейтін, негізі ресейлік автокөліктерге назар салатыны түсінікті. Себебі қазір шетелдікін қойып, отандық дөңгелекті көліктердің құны бұдан 3-4 жылғы бағамен салыстырғанда 2-3 есеге өсіп шыға келгені мәлім. Мысалы, отандық көліктер алғашқы кезде 1 миллион 300 мың теңгеден сатылған. Қазір 4-5 миллион теңге шамасында. Десек те, оның қайтарымы тезірек болады. Ұтымды тұсы – бұл көлік банкте кепілде тұрғандықтан, оны сатуға да жақсы. Егер көлікті сатып алушы ары қарай төлей алмайтындай жағдайға душар болса, оны қалаған бағасына сатып жіберіп, банктегі қарызынан құтыла алады. Негізі темір тұлпар - көп азаматтар үшін табыс көзі. Такси қызметін атқарып, жүк тасымалдап, басқа да көлікке қатысты қызметтерді ұсынып жүргендерге бұл ұтымды. Өйткені оның көлігі босқа тұрмайды, үнемі қозғалыста, ақша тауып тұр. Тапқан табысының бір бөлігін несиеге қайтарады. Сол үшін бұл бағдарлама көпшілікке тиімді болып тұр.

«Бипэк Авто» салонында «Еуразия банкі», «Халық банкі», «Сбербанк» қаржы ұйымдары қызмет көрсетеді. Банк өкілдерінен 4 проценттік автонесиенің стандартты шарттары туралы сұрастырдық. Жапар есімді банк өкілі былай дейді:

- Бүгінде жаңа көлік сатып алғысы келетін клиенттер жиі хабарласуда. Біз олардың өтінімдері бойынша көлік құнын есептеп, несиелерінің төлемдерін алдын ала қарастырамыз. Бастысы, азаматтың тұрақты ресми табысы бар болуы, ал таңдаған көлігінің құны 15 млн. теңгеден аспауы тиіс. Барлық құжаттары дұрыс болса, Қазақстан Даму Банкіне жібереміз. Ол жақта өтінім асықпай қарастырылып, кейіннен несиенің құпталған, не болмаса қабылданбағаны туралы мәлімет түседі. Клиентке несие беру бойынша дұрыс шешім шығарылса, біз оны өз жауапкершілігімізге толық алып, әрі қарай жұмыс істейміз. Әр азамат өзі таңдаған көліктің кілтін алғанға дейін барлық тіркеу, сақтандыру процестері біз арқылы іске асады. Оған көп уақыт жұмсалмайды.

Мысалы, сіз «Lada Largus» жеңіл көлігін сатып алғыңыз келсе, алдымен оның комплектациясын қарап шыққаныңыз дұрыс. Базалық нұсқалары салонда 4 600 000 теңгеден басталады. Мұндағы көлік сатушы менеджерлер әр көліктің салонында және шанағында қандай артықшылықтар барын асықпай түсіндіріп береді. Соған сай өз таңдауыңызды жасайсыз. Көліктің құны шамамен 5 000 000 теңге тұрады делік. Банк өкілдері есептеп бергендей, алғашқы жарна кемі 10 пайыз, яғни 500 000 мың теңге болады. Автонесиені 4 процентпен 7 жылға есептегенде ай сайынғы төлеміңіз шамамен 61 509 теңгені құрайды. Айтпақшы, банк 7 жыл бойына көлікті сақтандырып қою және көлікті сіздің атыңызға тіркеу мен оған мемлекеттік нөмір алып беру үшін тағы қосымша қаржы талап етеді. Яғни оған 100 000-120 000 теңге шамасында шығындаласыз.

Десе де, Қазақстан автобизнес қауым-дастығы нарықтағы жағдайға алаңдап отыр. 2018 жылы жаңа автокөліктерді сату нарығындағы динамикаға қандай факторлар әсер етті? Бұл сұраққа жауап берген дилерлер ең алдымен автобизнесті несие шарттарының күрделілігі, валюта бағамының өзгеруі және тұтынушылардың мүмкіндігінің азайғаны мазалап отырғанын алға тартқан. Сауалнама қорытындысы бойынша, дилерлердің 35,7 пайызы 2018 жылы сатылым жоспарлы көрсеткішке сай болғанын, 35,7 пайызы жоспарлы көрсеткіштен жоғары болғанын хабарлапты. Ал қалғаны, яғни 28,6 пайызы төмен болғанын айтып жауап берген. Былтыр валюта бағамының өзгеруі жаңа автокөліктер бағасының 11 пайызға өсуіне алып келген. Есептік кезеңде Қазақстанда жаңа көліктерді сатып алуға 1,5 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалған екен. 12 айда ресми дилерлер 57 919 автокөлік өткізіп, бұл көрсеткіш 2017 жылғы деңгейден 24,9 пайызға жоғары болған.

Дилерлер осындай тәуекелді жайттарға қарамастан, 2019 жылы жаңа автокөліктердің сатылымы былтырғыдан қарағанда жоғары болуы мүмкін деп болжап отыр. Себебі автонесие арқылы армандаған «арғымағын» тақымдағандардың қатары көбейіп келеді.

25 жылға техника алу тиімді емес

Автонесие демекші, таяуда көлік сатып алғысы келетіндерді тағы бір жағымды жаңалық күтіп тұр. Ұлттық банк өңілдері жыл басында көлікті несиеге беретін бағдарламаның дайындалып жатқанын айтты. Елімізде шығарылатын көліктерді несие арқылы алудың қағидалары нарықтық экономика жағдайында жүзеге асып, ол «7–20–25» ипотекалық бағдарламасының базасында құрылмақ. «7–20–25» автонесиесі секьюритизациялау, яғни нарыққа құнды қағаздарды шығару жолымен жүзеге асуы мүмкін. Ұлттық банктің өзі соған мүдделі. Автонесиенің тетігі былайша жүзеге асады: Алдымен «Баспана» компаниясы нарықтық құнына жақын түрде құнды қағаздар шығарады. Одан соң бұл қаражат түрінде екінші деңгейлі банктерге автонесие портфелін сатып алуға бағытталады. Ал банктер несиелерді бағдарлама талаптарына сай үлестіреді. Көлік алғысы келетін тұрғындар мүлік құнының 20 процентін төлеуі қажет. Сосын 25 жылдың ішінде біраз ақшаны артығымен төлеуге тура келеді. Дегенмен, ай сайынғы төлемнің мөлшері аз болады. Шамамен, 25-35 мың теңге. Ал қазіргі 4 проценттік автонесиенің жақсы жері, банкке артық ақшаны көп төлемейсің. Бірақ екеуін де бірдей жұмыс істету үшін бюджеттен қосымша қаржы қажет екені белгілі. Ұлттық банк жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға мүдделі болса, 4 проценттік автонесие қалып қоюы ғажап емес.

Бұл жерде біраз тәуекелдер туындауы мүмкін. Себебі, «7–20–25» ипотекалық бағдарламасы бойынша үй алуға сұраныс күткендегіден аз болып отыр. Былтыр мемлекет қазынасынан бұл бағытқа бөлінген қаражаттың 50 проценті ғана игерілген. Сондықтан автонесиелеуге қатысты да осындай проблемалар туындауы мүмкін.

Жалпы, «7–20–25» бағдарламасы арқылы бағасы жеңіл көліктерді сатып алу біраз қиындыққа апаратыны анық. Көлік иесі оны кемі 10 жылға алғанның өзінде техниканың аты техника, сынбай тұрмайды. Әрі көп азаматтар ресейлік «Lada» маркалы көліктердің шанағын 4-5 жылдан соң тот шала бастайтынын алға тартады. Алған машинасы уақыт өте келе тозып жатса, әрі оның құнын үстемеленген пайызбен өтеп келсе, бұл бір жағынан ойға сыймайтын жағдай болып шығар еді. Сондықтан отандық автокөлік өндірушілер темір тұлпарлардың сапа тұрғысына да айрықша назар аударса деген тілек бар.


Былтыр Қазақстан азаматтары жаңа көліктерді сатып алуға 547 млрд. теңге жұмсапты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Әрине, аталған көрсеткішке ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы да, 4 проценттік автонесие де оң ықпалын тигізді. Енді темір тұлпарлар «7-20-25» қағидасы бойынша несиеге берілетін болса, жаңа техникаға деген сұраныс артады. Оның нәтижесінде отандық автоөндіріс те күшейе түспек.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz