Қалалық мәслихат сессиясында сөз алған Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының ел экономикасын дамыту жолындағы орасан еңбегін сөз етті.

- Ағымдағы жылдың 20 наурыздағы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласындағы Тәуелсіздік даңғылының атауын қайта қарауды ұсынамын. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекетті құрып, нарықтық экономиканы қалыптастырды, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Елімізді әлемге танытты. «Қазақстан – 2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, мемлеке-тімізді екі рет әлемдік экономикалық дағдарыстан құтқарды. Жаңа Астананың негізін қалады. Осы ретте, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тарихи еңбегін бағалап, оның құрметіне облыс орталығындағы Тәуелсіздік даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атауды ұсынамын. Мұндай шешім арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік қасиетке баулимыз, - деді Ә.Күмпекеев.

Сессия барысында бұл ұсынысты қалалық мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдады. Аталмыш ұсыныс облыстық ономастикалық комиссияның отырысында қарастырылып, облыстық мәслихаттың қарауына бағытталды.

* * *

Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары облыс орталығындағы «Тәуелсіздік даңғылының» атауын «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп өзгерту туралы шешімді бір ауыздан қабылдады.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың атына аймағымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Тәуелсіздік даңғылының атауын өзгерту туралы ұсыныс хат жолданған. Бұл ұсыныс қалалық мәслихат сессиясында бекітілді. Депутаттар алдында сөз алған аймақ басшысы аталмыш ұсыныстың маңыздылығына ерекше тоқталды.

- Біз маңызды тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Қазақстанның аяққа тұрып, қайта жандануына зор үлес қосқан Тұңғыш Президентіміз өкілеттігін тоқтатты. Ол әлемдік деңгейде мойындалған саясаткер ретінде тарихта қалары сөзсіз. Даму мен келісімнің символына айналған елімізді Нұрсұлтан Әбішұлы барша әлемге мойындата білді. Әлем көз тіккен елордамызды салып берді. Әрқайсымыз экономикасы нығайған тәуелсіз мемлекет құрудағы Ұлт Көшбасшысының рөлін жете түсінеміз. «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, еліміздің әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Әр жылдардағы қаржылық дағдарыстарға қарамастан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік реформалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Тарихымызды түгендеп, шекарамызды нығайттық. Ең бастысы, Елбасының сарабдал саясаты нәтижесінде мемлекетімізде бейбітшілік орнап, тыныштық сақталуда, - деді облыс әкімі Б.Бақауов. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық мәслихат депутаттарын Павлодар қаласындағы ең ұзын әрі кең көшені «Нұрсұлтан Назарбаев» даңғылы деп атау туралы ұсынысты қолдауды сұрады.

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, осынау маңызды, тарихи өзгерістер тұрақты саяси жағдайда орын алып отыр. Мен сіздер Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін барлық облыс орталықтарының басты көшелеріне беру туралы ұсынысын қолдайсыздар деп сенемін. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын сол кездегі Кутузов көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді алғаш облысымыздың Құрметті азаматы Евгений Азаров, ал былтыр Павлодар қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Александр Рюмкин ұсынған болатын. Осы орайда сіздерден облыс орталығындағы қазіргі Тәуелсіздік даңғылының атауын «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп атауды қолдауларыңызды сұраймын, - деді Болат Жұмабекұлы.

Маңызды ұсыныс мәслихат сессиясына қатысқан қоғам өкілдері және депутаттар тарапынан қолдау тапты. «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодардың басты көшесін «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп атауды қолдайтынын жеткізді. Себебі, ел бірлігі мен республикамызды мекен еткен жүздеген этнос өкілдерінің бір шаңырақта осыншама жыл тату-тәтті өмір сүруіне жол ашқан Елбасының еңбегі нақ осылай еленуі тиіс деп есептейді Б.Максилова.

Облыстық мәслихат депутаты Владимир Берковский барлық қазақстандықтардың ел дамуындағы елеулі үлесі үшін Тұңғыш Президентке деген алғысы шексіз екенін жеткізді.

- Қазақстан бұрынғы кеңестік елдерге қарағанда дамудың даңғыл жолына түсті. Еңсесін тіктеді. Әлемдік деңгейде мойындалған елге айналды. Мұның барлығы Елбасының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан облыс орталығында Елбасымыздың атын арқалаған көше пайда болса, барлығымыз үшін олжалы шешім болары сөзсіз, - деп түйіндеді сөзін халық қалаулысы. Депутат Сергей Прокопьев те Тұңғыш Президентіміздің еңбегі ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалатынына сенім білдірді.

Осылайша, облыстық мәслихат депутаттары Павлодар қаласындағы Тәуелсіздік даңғылының атауын «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп өзгерту туралы шешімді бір ауыздан қолдады.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ, Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz