Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде облыс аумағында жол бойында сервистік қызмет көрсететін 105 нысан бар. Оның 30-дан астамы қаңырап бос тұр. Ал 56 нысан ұлттық стандартқа сай келмейді. Оған басты себеп – жылы дәретханалар мен автокөлік тұрақтарының болмауы.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, 2015 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, жол бойындағы нысандардың барлығы жылы дәретханамен қамтылуы тиіс. Бір қарағанда қисынсыз талап болып көрінуі мүмкін. Десе де, кәсіпкерліктің жұмысы дәл осы стандартқа сәйкес сараланады. Айталық, өзгерістердің енгізілгеніне төрт жылдың жүзі болғанмен, осы уақыт аралығында салынған нысандардың барлығы талаптарды сақтамапты. Ал 2015 жылға дейін салынған нысандарды жаңғыртуға, яғни өзгерістерге байланысты жылы дәретханалар мен автотұрақтарды салуға 3 жыл уақыт беріліпті. Әйтсе де, мұны да назарға алар кәсіпкерлер болмады. Себебі олар жергілікті биліктің өздерін жазалайтын құзіреттілігі жоқ екенін жақсы біледі.

- Кәсіпкерлердің бір бөлігі ғана ұлттық стандарттардың талаптарын орындады. Ал басым бөлігі ескертулерді ескеруге асығар емес. Өйткені, оларды ешкім жазалай алмайды, - дейді А.Қабылдин.

Бұл ретте «ҚазАвтоЖол» өкілі тығырықтан шығар екі жолдың барын айтты. Бірі - тиісті заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізіп, ұлттық стандартты назарға алмайтындарға айыппұл салу. Екіншісі – қызмет көрсету орнына бұрылатын жолды жауып тастау. Сол кезде ғана клиенттен қағылған кәсіпкерлер талапты орындауға мәжбүр болады.

- Бізге тұрғындар тарапынан «дәретхана жоқ», «жылы дәретханаға кіргізбейді» деген арыздар жиі түседі. Әсіресе, жол бойындағы жанар-жағармай құю бекеттерінің дені дәретхананың қызметкерлерге ғана арналғанын алға тартып, жолаушыларды кіргізбейді. Бұл – дұрыс емес, - дейді А.Қабылдин.

Аталмыш мәселеден облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы да хабардар. Ведомство басшысы Дастан Рыспековтың айтуынша, бұл мәселе біздің облыста ғана емес, күллі республикада өткір тұр.

- Облыстағы жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарының 50-ден астамында ғана жылы дәретхана бар. Қалғанында жоқ. Оған қоса, кей кәсіпкерлер келушілерді мұнда кіргізбейді. Сондықтан аудан-қала әкімдерін жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс жүргізуді сұраймыз. Инвесторлар немесе бюджеттік қаражат есебінен адам көп жиналатын жерлерде осындай нысандар салынса мәселе шешілер еді. Нысандарға бақылау жүргізу құзыреті берілсе де жұмыс жеңілдер еді, - деген ойын білдірді Д.Рыспеков.

Бұл ретте Дастан Адайұлы барлығы айтарлықтай жаман емес екенін атап өтті. Айтуынша, өткен жылы жол бойында қызмет көрсететін 4 нысан іске қосылған. Олардың барлығы ұлттық стандарттарға сай. Оған қоса, жұмыс істеп тұрған екі нысан қайта жаңғыртылды. Биыл тағы 9 жаңа нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, қоғамдық дәретханалар эпидемиялық маңызы шамалы нысандардың қатарына жатады. Сол себепті де мұндай орындар жеке және заңды тұлғалар тарапынан арыз түскенде ғана тексеріледі.

Айта кетелік, бұл мәселе аймақ басшысы Болат Бақауовтың да көңілін көншітпейді. Облыстық әкімдікте өткен жиындардың бірінде облыс әкімі аталмыш бағыттағы жұмыстарды қатаң сынға алған еді.

- Бір ғана айтарым – жол бойы сервисі нысандарының құрылысы құрдымға кетті, - деген болатын Б.Бақауов.

Жылы дәретханалардан бөлек, жол бойы сервисі нысандарының аздығы да – күн тәртібіндегі басты мәселе. Мәселен, жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын Ленин кенті – Ертіс–Русская Поляна республикалық жолының бойында 3 қызмет көрсету орны ғана бар. Бұл жайт та біздің өңірге ғана емес, республиканың өзге облыстарына тән. Сондықтан ел Үкіметі KazWay контейнерлік типіндегі модульді павильондар орнау арқылы бұл түйткілдің түйінін тарқатпақ. Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылға дейін еліміздің жолдарында дәл осындай 360 сервистік нысан орнатылады. Алғашқы кезекте жалпы құны 1,5 млрд. теңге болатын 66 модуль салынады екен. Олардың бесеуі біздің облыста орнатылуы тиіс.

- Осы жылдың жазында Ақтоғай, Железин, Баянауыл, Аққулы аудандарына және Ленин кентінің шыға берісіне контейнерлік модульдер қойылады. Оның құрамына ас ішетін орын, азық-түлік дүкені және жылы дәретхана кіреді. Бір модульдің бағасы – 28 млн. теңге. Мұнда тамақ әзірленбейді. Тек дайын асты ысытып береді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да назардан тыс қалмайды, – дейді Ақылбек Қабылдин.

Бұл жайттың жол бойы сервисіне қатысты жылдар бойы жинақталған мәселенің шешілуіне оң әсер етерін немесе етпесін уақыт көрсетеді. Ал әзірше кәсіпкерлер ұлттық стандарттарды аттап өтпей, соларға сай жұмыс істесе игі.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz