Әлемдік шахмат додасында 10 ерлер, 10 әйелдер командасы бақ сынады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған әйгілі шахматшылар қатысты. Мәселен, Ресейдің ерлер командасы сапында өнер көрсеткен Сергей Карякиннің есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жарыстың қорытындысы бойынша Ресейдің ерлер командасы алтыннан алқа тақты. Күміс және қола медальдарды Ұлыбритания мен Қытай шахматшылары өзара бөлісті. Ал әйелдер арасында өткен додада Қытай қыздарына тең келер ешкім болған жоқ. Үздік үштіктің құрамына Ресей мен Грузия қыздары да енді.

Қазақстанның әйелдер құрам- асы сапында небары 14 жасында гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік өнер көрсетті. Сонымен қатар Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Гүлмира Дәулетова, Гүлісхан Нахбаева, Ринат Жұмабаев, Әнуар Ісмағамбетов сынды дарынды шахматшылар да ел намысын қорғады.

Әлем чемпионатының қорытынды нәтижесі бойынша, еліміздің ерлер командасы 8-орыннан көрінсе, қыздарымыз үздік бестікке ілікті. Он күнге созылған шахмат додасы тосын сыйларға толы болды. Мәселен, отандасымыз Ринат Жұмабаев Ресейдің әлемге белгілі шахматшысы Сергей Карякиннен айласын асырды. Қарсыластарының барлығын ұтқан Қытай қыздары жарыстың небары 5-турында-ақ алтын жүлде алатындығы белгілі болды.

Арқа төрінде өткен әлем чемпионатына Қытай, Әзербайжан, Иран, АҚШ, Египет, Ресей, Польша, Англия, Үндістан, Украина, Грузия, Венгрия, Армения және Қазақстан құрамалары қатысқан.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz