Екі күндік сапар барысында ауылдағы жастардың мәселесімен жіті танысып, партиялық бағдарламалардың ауылдық жерлерде қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек, көпбалалы аналармен, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылармен жүздесті. Фархад Шаймұратұлының жұмыс сапары Ақтоғай ауданынан басталды. Мәртебелі мейман облыс көлемінде ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Ақтоғай-Агро» ЖШС-не ат басын бұрды. Мұнда бүгінде 160 адам еңбек етеді. Олардың тең жартысы – жастар. Серіктестік басшысы Игорь Головашовтың айтуынша, соңғы уақытта қызметкерлер қатарындағы жастардың үлес салмағы артып келеді.

- Бірнеше жыл бұрын жас кадрлардың тапшылығы қатты сезілетін. Техникаларды тек орта жастан асқан азаматтар тізгіндейтін-ді. Ал бүгінде кәсіпорнымызда 70-тен астам ауыл жасы ерінбей еңбек етуде. Олар заманауи технологиялардың «тілін» тез ұғады, компьютермен жұмыс істеу, ауыр техникаларды алыстан басқаруды жақсы меңгереді. Мысалы, шаруашылықтағы 7 John Deere тұқым себу кешенінің үшеуін жастар басқарады, - деді И.Головашов.

Бұдан бөлек, серіктестікте жергілікті агротехникалық колледжбен байланыс оң жолға қойылған. Көктем мен күзде колледж студенттері аталған шаруашылықта тәжірибеден өтіп, аға буын - механизатор, агрономдар тәлімгер болып, бар білгенімен бөлісетін көрінеді. Соның нәтижесінде студенттердің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қызығушылығы артып, басым бөлігі жұмыс істеуге келеді. Айталық, өткен жылы жергілікті колледждің 4 түлегі еңбек жолын дәл осы «Ақтоғай-Агро» шаруашылығында бастапты. Атап өтерлігі, серіктестік тәжірибеден өтуші студенттерге жалақы төлеп, барлық әлеуметтік жағдайын жасайды. Партияның «Ауыл – ел бесігі» жобасының көздеген мақсаты да – осы. Жергілікті шаруалар мен жастар арасындағы байланыстың мығым болғанын, түлектердің туған жерде еңбек еткенін көздейді. Осындай сабақтастықтың орнауын «Nur Otan» партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов жоғары бағалады.

- «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғай жатқан елді мекендердің әл-ауқатын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бүгін Ақтоғай ауданында бұл бағыттағы жұмыстардың оң жолға қойылғанын көріп отырмыз. Жергілікті шаруашылықтың жұмыс істеуге ниетті жастарды өзектен теппей, керісінше, қызметке қабылдап, уақытылы жалақы төлеп, жағдайын жасауы – ауқымды іс. Өзге шаруалар да осыдан үлгі-өнеге алып, жұмысшы жастардың мәселесін назардан тыс қалдырмауы тиіс, - деді Фархат Шаймұратұлы.

Бұдан соң Ф.Қуанғанов аудан жастарымен жүздесті. «Nur Otan» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері білім алу, отбасын құру, жеке кәсібін ашуға қатысты ойларымен бөлісті. Кездесу емін-еркін диалог түрінде өтті.

- Павлодар облысы республикалық деңгейдегі білікті кадрларды дайындайтын ұстахана десек, артық айтқандық емес. Еліміздің болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы жолында аянбай адал еңбек ететін азаматтар қазір сіздердің араларыңызда отырғанына бек сенімдімін. Олай болса, барлық күш-жігерлеріңізді жұмсап, алға ұмтылудан тайынбаңыздар. Барлығы сіздердің өз қолдарыңызда, - деді Ф.Қуанғанов.

Кездесу барысында ақтоғайлық педагог Беслан Ұйықбаев ауылда жастар үшін барлық жағдайдың жасалғанына тоқталды.

- Бүгінгі күні ауылдық елді мекендерде бәрі бар. Орталықтандырылған су жүйесі, сапалы жол, тұрақты жұмыс пен баспана. Сондықтан нық сеніммен алға қадам басып, туған ауылымыздың, жеріміздің өсіп-өркендеуі үшін алаңсыз қызмет атқара аламыз, - деді Б.Ұйықбаев.

Сондай-ақ, партия хатшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың назына құлақ түрді. Ал «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында көпбалалы аналармен, аз қамтамасыз етілген отбасы өкілдерімен кездесіп, көпшілікті толғандырған мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

* * *

«Nur Otan» партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов сенбі күні Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебіне барып, жұмысымен танысты.

№25 жалпы орта білім беру мектебі - Павлодар қаласындағы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде жұмыс істеп отырған бірден-бір ұжым. Мұнда өткен жылы «Nur Otan» партия- сының «Оқушыларға тегін ІТ-сыныптар жасау» жобасы негізінде ашылған «ІТ-сынып» бар. Сонымен қатар аталмыш мектеп оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, әрі білім жүйесін заман талабына сай техникалармен үйретуді басты назарға алған. Білім ордасында робототехника, шахмат кабинеті мен «Шәкәрімтану орталығы» бар.

Партия хатшысы аталған орталықтар мен кабинеттерді түгелдей аралап көріп, оқушыларға 3 тілде сабақ өткізетін «ІТ-сыныптың» білім жүйесіне оң бағасын берді.

Бұдан кейін Фархат Шаймұратұлы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен халықпен кездесу шарасына қатысып, қалалық «Nur Otan» партиясының қызметкерлерімен жүздесті.

 

Д.ЖҰМАДІЛ, Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz