Ұлы жерлесіміз Қаныш Имантайұлының 120 жылдық мерейтойына байланысты Ертіс-Баян өңірінде облыс әкімдігінің бастауымен мерекелік онкүндік ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан «Қазақтың Қанышы. Феномен» атты Медеу ағамыздың кітабының тұсаукесері. Сонымен қатар «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» сериясы бойынша түсірілген 25 фильмнің де тұсаукесері. Әрине, осы онкүндіктің ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті мен Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының ректорлары қатысуымен өтетін салтанатты жиыны ұлы жерлесімізді еске алып, тағзым етерлік нағыз мәрелі мәжіліс болмақ.

Мен бұл мақаламда Қаныштың адами болмысы мен қапысыз талантына тереңірек көңіл бөлгім келді. Оның үстіне, биыл жаз айында баспадан шығайын деп жатқан «Баянаула перзенттері» бес томдық кітабының ғалымдар бөлімінде жазылған кейбір естеліктеріне де тоқталып өткім келді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жігіттік сипатына жеті өнерді де аз санап, «қырық қырлы» болғанын дәлелдейтін деректер де жетерлік. Шынында да ол тек қана ғалым, геолог, инженер, заңгер, тарихшы, этнограф емес, қаламынан талай дүние туған жазушылық қасиеті де менмұндалап тұрған талант иесі болған.

Академик Әлкей Марғұлан Қаныш Сәтбаевтың студенттік шағында өнер саласымен айналысуын, жазушылық қабілеті барын ескере келе, этнография, тарих жөнінде үйірме ашқанын жеткізеді: «Оқудан бос уақытын студент Қаныш бір ғана ой-санасын дамыту мәселесіне жұмсайды. Көп уақытын Томск университетінің кітапханасында өткізіп, қазақ халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті туралы жазылған мәліметтерді үңіле оқыды. Олар жайында бірнеше мақала жазып, кейбір әдебиет үлгілерін баспаға дайындады», - деп атап өтеді. Сонымен қатар осы ойды нақтылай түсіп: «Егер геологияның соңына түспей, бірыңғай әдебиет саласымен кетсе, Қаныш аса талантты жазушының бірі болар еді. Оны Қанекеңнің жас кезінде жазған новеллалары, әдебиет, музыка, би өнері туралы жазған мақалалары, Абай, Жамбыл, Мұхтарға арнап жазғандары айқын бейнелейді», - депті.

Қазақтың жалпы өнерінің, музыкасы мен театр өнерінің тарихын зерттеушілер үшін Қ.И.Сәтбаевтың 1916 жылы «Қазақ тілі» газетіне жарияланған «Томдағы ұлттар кеші», 1927 жылы «Еңбекші қазақта» басылған «Қазақстанның ұлттық театры» туралы, 1944 жылы «Казахстанская правдада» шыққан, «Қазақстан туралы кинофильмдерді күтеміз», т.б. мақалаларының ғылыми құндылығы айрықша.

1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылды. Келесі жылы сол театрдың қаз тұрғанына бір жыл толуына орай мерекелік спектакль өтеді. Оны Қ.И.Сәтбаев барып көріп, ұлттық театрдың жетістіктері мен кемшіліктерін аса талғампаздықпен тани отырып, соның барлығына байыбына жеткізе талдау жасап, «Қазақстанның ұлттық театры» деген көлемді мақала жазады. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған осы мақаласында академик Қ.И.Сәтбаев: «Қазақ халқының неше алуан және өте бай халық музыкасы бар. Қазақ халқы адамның махаббатын, ерлігін, неше түрлі жан сезімдерін бейнелейтін күйлер, әндер шығарған» - деген екен. Бұл еңбек шын мәнінде қазақ көркем өнері туралы ең алғашқы теориялық зерттеу ретінде осы күнге дейін маңызды. Қаныш Имантайұлы пьесадағы жекелеген кемшіліктерді атай келіп, орындаушылардың актерлік шеберлікке бейімделе бастағанын, сахнада өздерін еркін ұстайтынын жазады. Әсіресе, Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың тума таланты мен репертуарларының мазмұндылығына, Қалибек Қуанышбаевтың салт-сана, тұрмыс тақырыбына көрсеткен өнеріне жоғары баға береді. Мақаладағы режиссерлік өнері бағаланған Жұмат Шанин, артистік мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талданатын Құрманбек Жандарбеков, Қалибек Қуанышбаев, т.б. кейін қазақ өнерінің мерейін өсірген ірі тұлғаларға айналғаны - шындық.

Ал енді осындай ойлы мақаланы жазу үшін де осы саладан хабары болу керектігі немесе сол театр саласында атқарған істері болуы заңды дүние сияқты. Расында да сондай ауқымды мәдени шаралардың бірін 1915 жылы Семейде жас Қаныштың өткізгендігі белгілі. Бұл шарада Қаныш Сәтбаев сахналық қойылымдарда рөл сомдаған. Мысалы, «Біржан-Сара» қойылымын қояды. Сара болып Тұрар Қозыбағарова деген әйел ойнаған да, Біржанның рөлін, бір қызықтысы, Жүсіпбек Аймауытов сахнаға алып шыққан. Тағы бір қойылымда жас Қаныш бірде сахнаға Қобыланды батыр болып шықса, бірде Жарылғапбердінің әнін, бірде Мұстафаның әнін, «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», тағы да басқа әндерді домбырамен шебер орындаған. Бұл Қаныштың қырыққырлы қасиеттерінің бірі ғана еді.

Ұлы данышпанның әнге құмарлығы жайлы кезінде қасында көп жүріп, хатшылық қызмет атқарған Сіламхан Жаппархановтың естелік сөзін келтіре кеткім келеді: «Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындаушы еді». Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі де - атаның қанымен берілген қасиет. Атасы Сәтбай да, әкесі Имантай да өнер десе ішер асын жерге қойған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, оның осынау музыкаға, өнерге жақын болуы өзі түлеп шыққан ортасы - Сәтбай әулеті, әкесі Имантайдан бастау алатын. Рухани азық еткендері халық поэзиясы болған немере ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев, туған ағасы Бөкеш, немере ағасы Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаевтардың (соңғы үшеуі 37-нің қырғынында атылып кете барған) сал-серілік өнерлерінен алған, солардан үйренген, қанда бар қасиеттері еді. Міне, осындай өнер қысқан ортадан шыққан Қанағаң да қалайша құр алақан болуы керек деген заңды сұрақ туады. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев бала кезінен халық ауыз әдебиетіне, жырлары мен фольклорына қанып есейгені белгілі. Өзі туған өлкенің ғана емес, күллі қазақ даласының қасиеті мен ерекшеліктерін танып өсті.

Қаныш Имантайұлы Баянауылда халық соты қызметін атқарған кезеңде, нақтырақ айтқанда 1921 жылғы мамырдың 1-ші жартысында Автономия тойын өткізудің дайындығын қолға ала бастайды. Сөйтіп, көрсетілген уақытта Баянауыл станицасының күншығыс жағындағы Көбей шілігі деген алаңға болыстардан жеткізілген 40-50 киіз үй тігіліп, қазан-ошақ көтеріледі. Тойға алыстан Майра, Иса, Қажымұқан, жақыннан Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шақырылады. Халық Майраның әні мен Исаның желдірмесіне ұйиды, Қажымұқанның күшпен жасалатын өнерін және басқа да ұлт ойындарын қызықтайды...».

Бұдан көретініміз, Қаныштың қазақ тарихына, мәдениетіне, музыкасына өлшеусіз еңбектері мен өнерлерін сарп еткен, қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғалардың басын қосқандығына, ұйымдастырушылық талантына мойын ұсынасың. Тойдың басы-қасында болған әулие, ақын, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы күш атасы Қажымұқанға арнап, тойда көрсеткен өнерін өлең-жыр арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізген еді. Сол тұста жас жігіт Қаныш Сәтбаевтың іскерлігіне тәнті болып, оның туған халқына деген сүйіспеншілігін өз көзімен көрген Мәшһүр атамыз, кейін өзінің бір еңбегінде Қаныш туралы былай деп тебіренеді: «Қазақта бір мақал бар, бір-ақ ауыз сөз осының бәріне татиды: Тайдың жорғасы түйе болады, жігіттің жорғасы еліне ие болады. Өз көзім көргенде, өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев - адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатұғын жігіт...» - деген екен. Әулие бабамыздың сөзі орындалмады деп кім айта алады? Осы жерде Қаныштың әкесі Имантай туғанда атақты Сегіз сері Баһрамұлының өлеңмен арнаған 145 жолдық толғау-жыр батасының сілемі баласы Қанышқа дарыған ба деп қайран қаласың.

Өз заманының жыршы-жыраулары Имантай шаңырағына жиі сәлем беріп, төрінде жыр толғап отыратын болған. Осылайша бала Қаныш, бозбала Қаныш қазақтың ән-жырын кішкентайынан құлағына сіңіріп өскен. Жаяу Мұса мен Естайды бала күнінен білген, тыңдаған. Жаяу Мұсаның кейбір әндерін өзінен тікелей үйренген.

Әйгілі әнші, біртуар тұлға Жаяу Мұсамен бір кездесуінде ол кісі қартаң тартып, төсекте жатыр екен. Басын көтеріп: «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?» - дегеніне, Қаныш: «Ой да қосылады ғой, аға!» - деп жауап береді. Сол сапарда Жаяу Мұса Қанышқа көк қаршығасын байлайды. Қаныш қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», - деп құсты алмай кетеді. Мұны кейін естіген Қаныштың әкесі Имантай: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», - деп риза болыпты.

Аяулысын ардақтай алатын қазақтың кең мінезі қандай, шіркін! Қыранды қыран қиядан таниды деген бар емес пе?! Әйгілі әншінің болыстың баласына бермеген қаршығасын, немересімен жасты Қанышқа сыйлауы - жас талантқа көрсетілген ерекше сый-құрмет екені даусыз. Ізгіліктің астарында сол мәртебе-дәрежеге әбден лайықты, халық болашағына зор үміт артқан болар баланың болмысы жатыр. Зерделесек, ұлыдан - ұлағат дегеніміздің өзі - осы емес пе!

Баянауыл әндерінің жан сергітер ғажап әуенін бойына сіңірумен есейген Қаныш Имантайұлы домбыра шертіп, сүйікті әндері «Шама», «Бір бала», «Мақпал», «Қорланды» әуелете шырқаған. Әрқашан ұлттың жоқтаушысы болған Қаныш ән мен күй мәдениетін қызғыштай қорғап, ғұмырының соңына дейін қастерледі.

Қаныш Сәтбаев әндердің тарихын да өте жақсы білген және шебер әңгімелеп айтып бере алған. Сондай әндерінің бірі - Едіге бидің ұрпағы Мұстафаның әні «Бүркітбай». Бұл ән Қаныш Сәтбаевтың ұнатып айтқан әндерінің бірі болыпты.

Жылдар өте келе сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинаушы, әйгілі музыкатанушы, зерттеуші Александр Затаевичпен табыстырады. Сонда өзінің сүйікті әндерін, қазақтың ел ішіне көп тараған кең диапазонды әндерін айтып берген. Сөйтіп А.Затаевич Қаныш Сәтбаевтан 25 қазақ әнін жазып алып, өзінің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына енгізген. Бұл туралы А.В.Затаевич: «1926 жылы Семей облысы мен Қарқаралыға барған сапарымның нәтижесінде 280-ге жуық ән жиналды, олар Москвада әйгілі әнші Әміре Қашаубаев пен әнқұмар да білгір Қаныш Сәтбаев және басқаларының айтуы бойынша жинаған бірнеше ондаған жазбасымен бірге қосылып, кітаптың Семей бөліміне енгізілді»,- деп жазады. Ол кісі қазақтың халық әндерінің білгірі әрі жақсы орындаушысы ретінде Сәтбаевтың дарынын жоғары бағалаған. Кейіннен А.Затаевичтің үйіне Қанекең өзі барып, жинақтарды еліміздің «алтын қорына» әкелуі туралы академик, композитор Ахмет Жұбанов естелігінде былай баяндайды:

«...1945 жылдың жазында СССР ғылым академиясының 220 жылдық тойы болды... Салтанат мәжілістерінің арасында ол менімен бірге Александр Затаевичтің үйін іздеп барды. Жолшыбай Қанекең А.Затаевичке 25 шамалы ән бергенін, оның үлкен тарихи бағалы еңбек істеп кеткенін, біздің оның рухы алдында әр кезде де бас июіміз керектігін, оның бұл ісінің орыс халқының прогресшіл өкілдерінің қазақ мәдениетіне берген қолқабысы, екі халықтың достық айғағы екендігін айтты. А.Затаевичтің зайыбы мен (ол кезде тірі болатын) қызы Қанекеңді аса жылы қарсы алды. Біз келген жұмысымызды айттық. Ол А.Затаевичтің өзі көзі тірісінде жарыққа шығарып үлгере алмай кеткен қолжазбасы жайлы болатын. Қызы бізге музыка оқушылары арқалап жүретін жібек бауы бар үлкен қара папканы алып келді. Оның ішінде қазақтың, қырғыздың, ұйғырдың, корейліктердің, дүңгеннің, татардың, моңғолдың, қалмақтың, тувалықтардың әндер жинағы бар екен. Жалпы саны 670, оның ішінде көпшілігі - қазақ әндері. Қанекең бұл сияқты үлкен тарихи қазынаға тиісті бағасын беріп, оны Қазақ филиалының қорына алды...». Осындай қамқорлықты кезінде Қазақстанның халық әртісі, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, дирижер, академик Ахмет Жұбановқа да көрсеткендігін әйгілі композитор өзінің естелігінде ыстық ықыласпен еске алады.

Соғыстың өрті бұрқырап тұрған аласапыран кездің өзінде де, яғни 1942 жылдың 12 қаңтарында Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының басшысы Қаныш Сәтбаев сол кезде 83 жастағы атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлын Маңғыстаудан Алматыға алдыру жөнінде ұсыныс жасайды. Мұндағы мақсат қарт жыраудың өз аузынан ұмытылып бара жатқан қазақ жыр өнерінен айтулы орын алатын «Қырымның қырық батыры» атты эпопеясын жаздырып алуы еді. Бұл Қанағаңның өз ұлтына, ұрпағына қалдырған алтын қорының тағы бірі деуге әбден болады. Жалпы, «Қырымның қырық батыры» эпопеясы XIV-XVII ғасыр арасындағы Алтын Орда мен Ноғай ордасында орын алған тарихи оқиғаларды суреттейтін құнды дүние.

Ал енді «Ер Едіге» жырын 1927 жылы Мәскеуде өзінің алғы сөзімен жариялап шығуы - өз алдына бір ерлікке татыр іс.

Қаныштың көзін көрген, қызметтес болған, бірге жүріп бірге тұрған адамдардың естеліктерінен, ұлы адамның үлкен ұлы қасиеті – мінезге бай, көңілі ақ адам болғандығын ыстық ықыласпен еске алады. Осыған орай мына бір қызықты әңгімені келтіргім келіп отыр. Кеңес Одағы тұсында қазіргі елорда іргесіндегі Осакаровка ауданының атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Қанағаң халықпен кездесуге келеді. Жиналыс басталған кезде жарық сөніп қалады. Мінбеде тұрған кеңшар директоры қағазға қарамай сөйлей беретін көкезулеу адам екен. «Сіздер бұл адамды білесіздер ме, нағыз еңбек адамы, Семейдегі ет комбинатында қатардағы жұмысшыдан комбинаттың директорлығына дейін жеткен адам...» - деп көсіледі. Қасында отырған аудандық комитеттің хатшысы: «Қанеке, ұят болды-ау», десе Қанағаң: «Қысылатын түгі жоқ, әйтеуір, мақтап жатыр ғой», - деп күліп отыра берген екен.

Қанағаңа қатысты тағы бір тартымды да әзілге басым әңгіме ол ғалымның 1959 жылы туған жері Теңдік ауылына келгенде болған екен. Бұл әңгімені бала кезімде анам марқұмның аузынан естіп едік. Мұндағы айтпағым «мұрны үлкендеу» Жәнәйлә әжемізге байланысты. Қанағаң еліне келіп, туған халқымен қауышып, бәрімізбен жеке-жеке қолымызды ұстап, кімнің баласысың немесе кімнің келінісің деп сұрастырып жатты. Сөйтіп, амандасып болғаннан соң, жиналған бір топ қауымға барлай қарап, «Жәнәйлә қайда, көрінбейді ғой», - деді. Содан соң: - Табыңыздаршы, «мұрнынан сүйейін», деп қалжыңға басып, тамам халықты күлдіргені бар деп анам айтқан еді. Бүгінде Жәнәйлә әжеміз бен Шалабай атамыздан тараған ұрпақтары бұрынғы Теңдік, қазіргі Мұса Шорман ауылында тұрады. Баласы Әбілқасым ағамыз - сол ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосқан азамат, бүгінде дербес зейнеткер.

Қанекеңнің аталас туысы Ұлы жырау Бұқар бабамыздың қалдырған өсиетіне сүйенсек: «Өлмегенде не өлмейді, жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - демекші, біртуар тарихи тұлға, бар өмірін халқының бақытты ғұмыр кешуіне, Ұлы Даланың жерасты байлығын молынан ашып, елінің игілігіне жаратудағы ерлігімен қоса ғылыми ғұлама еңбегі, жарқын бейнесі, соңындағы ұрпақтары мен жерлестерінің жадында мәңгі сақталмақ. Соның айғағы ретінде бүгінгі күні Қаныш Сәтбаевтың есімі 100-ден аса, дәлірек айтқанда, 106 нысанға берілген екен. Оның ішінде: Сәтбаев қаласы, Қазақстан Ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институты, Жезқазған тау-кен металлургия комбинаты, кітап-үйі, 11 елді мекен, 10 көше, 32 мектеп, 2 жоғары оқу орны, 15 мұражай, 18 ескерткіш және мүсін мен мемориалдық тақта, Сәтбаев минералы, 2 арна, тау-айналмалы құрылым, шың, мұздақ, кеме, 3 түрлі гүл сорты, 2 марка, мерекелік тиын.

Қазақстан Үкіметі Қ.И.Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін оны мәңгі есте қалдыру туралы қаулы қабылдады. Оның есімі Жезқазған тау-кен металлургия комбинатына, ҚазКСР ҒА Геологиялық ғылымдар институтына, Алматы қаласындағы №56 мектепке және көшеге, ол туған совхозға берілді.

Одан әрі Қазақстанның көптеген мектептері оның есімімен атала бастады, көптеген қалалар мен кенттерде Сәтбаев көшелері, оның ескерткіштері, мүсіндер, мұражайлардағы бұрыштар, Қаныш Имантайұлы атындағы картиналар пайда болды.

Қ.И.Сәтбаевтың мұражайлары Баянауылда, Қарсақпай, Алматы қалаларында ашылды. Кітаптар, плакаттар, бейнефильмдер шығарылды.

Көптеген зерттеушілер оған өз жаңалықтарын арнады: минералогиялық анықтамаларда Сәтбаев минералы пайда болды, Жоңғар Алатауының карталарында Сәтбаев мұздығы мен шыңдары, Сәтбаевтың түкті бөртегүлі гүлдеді, ал ең бастысы, әлемнің кеңістігінде академик Сәтбаевтың құрметіне аталған кіші планета ұшып жүр.

1999 жылы Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік ұйымының атаулы күндер қатарында енгізіліп, салтанатты түрде аталып өтті. Мұндай дәрежеге екі қазақтың бірі жете бермегені белгілі. Ал планетаға есімі берілген жалғыз қазақ - Қаныш - планетарлық деңгейдегі тұлға екендігі кеудемізге мақтаныш сезімін туғызады.

Сан салалы ғылымның тұңғиығына тереңнен бойлап қана қоймай, мәдениет пен әдебиет, өнер жолындағы тынымсыз ізденісімен де соңынан ерген ұрпақтарға ұлағатымен үлгі-өнеге болып табылатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда, тарих тудырған дарабоз дарынның, ақылгөй алыптың өр тұлғасы - қазақ руханияты мен ғылымының бастауында атойлап тұра беретіні айдан анық.

 

Алтынбек НУХҰЛЫ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz