Бастау

Қаныш Сәтбаев 1899 жылдың 12 сәуірінде Баянауыл ауданы Теңдік ауылында дүниеге келіп, оған Ғабдулғани деген есім беріледі. Оны анасы Әлима еркелетіп «Ғаниым, Ғанышым» деп атаған. Сөйтіп, болашақ ғалым бала облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кетеді.

Бала Қаныш өз әкесінен, ауылдық молдадан сауатын ашып, жергілікті екіжылдық Ақкелін мектебінен білім алған. Ол кішкентай кезінен-ақ өте зерек болып өседі. Бұл жайында көп жылдардан кейін «Өмірдің төрт мезгілі» атты кітабында академик Ш.Шөкин былай деп жазады: «Мені бір көргеннен жадында сақтап қалғыш мінезі талай таңдантты. Арада он жыл өтсе де, бір ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын».

Қаныш Имантайұлы ауыл мектебінен кейін оқуын Павлодардағы екіжылдық орыс-қазақ училищесінде жалғастырып, оны үздік аяқтайды. Содан кейін Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, 1918 жылы бітіріп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстарында жаратылыстану пәнінің мұғалімі, 1919-1920 жылдары Ақкелін болысындағы 4-ауылда мұғалім, 1920-1921 жылдары Баянауылда халық судьясы қызметтерін атқарды. Ғалымның қатарластарынан озып, қалыптасуына ата-анасы, оқыған ортасы және сол заманның озық азаматтары ықпалын тигізді.

Ол студент кезінен бастап-ақ ауыз әдебиетін зерттеуді қолға алады. Кейін Жезқазған – Ұлытау өңірінде бұл талабын күрделі ғылыми зерттеуге айналдырған ғалым көптеген этнографиялық тарихи мұраларды ашып, «ғылымның телегей теңізінде» жүзуге ұмтылды.

Танымал

Ғылымның әр саласын зерттеп, әрдайым көп білмекке құштар азаматтың артына қалдырған еңбектері өте көп. Оның «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін ғылыми қауым жақсы біледі. Сонымен қатар, ол студент кезінде жазумен шұғылданған қазақ орта мектебінің бастауыш және жоғарғы сыныптарына арналған «Алгебра оқулығын» аяқтап, сол кездегі Білім Халық Комиссариатына оқулық ретінде бекіттіреді.

1921 жылы Баянауылға емделуге келген профессор, академик Михаил Антонович Усов Қаныш Сәтбаевтың геолог болуына үлкен әсер етіп, өз Отанының қазба байлықтарын зерттеуге бағыт береді. Сол жылы күзде ол қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінің геология бөліміне қабылданды. 1926 жылы Қаныш институтты үздік аяқтап, тау-кен инженер-геологы мамандығы бойынша диплом алады. Бұдан соң ол Қазақстан Халық шаруашылығы орталық кеңесінің шешімімен «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімін басқаруға жіберілді.

Өз ісіне әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас маман бұл бағыттағы жұмыстарды асқан іскерлікпен атқарды. Соның нәтижесінде барлау жұмыстарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. 1937 жылы мыс қорының жаңа есебі оның мөлшерін бұрынғыдан көбейте түсті.

Осылайша, ол ғылыми зерттеулері мен практикалық ұйымдастыру қызметін шеберлікпен ұштастырды. Жезқазған кен байлығын жүзеге асыру жолындағы үлкен еңбегі үшін ең жоғары құрмет – Ленин орденімен марапатталды.

Мол еңбектің арқасында Сәтбаевтың есімі бүкіл Одаққа және шетелдерге танымал бола бастады.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Ғалым геологиялық-барлау жұмыстарымен ғана шектелмей, геология ғылымының барлық саласы бойынша жемісті жұмыс жүргізді. 1941 жылы ол Алматыдағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылы ол Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы төрағасының орынбасары, бұдан соң Қазақстан ҒА-ның басшысы болды. Ал 1942 жылы Қ.Сәтбаев Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегі үшін геология-минералогия ғылымдарының докторы атағына ие болды. Соныменн қатар, оған «Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. 1943 жылы күзде ол ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1946 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясы құрылып, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев оның алғашқы Президенті болып тағайындалды.

Қаныш Имантайұлы халық ағарту саласына да көп еңбек сіңірді. «Қаныштың бір үлкен ерекшелігі, ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі», - деген еді Мұхтар Әуезов. Иә, кемеңгер ғалым қазақтың тарихы, мәдениеті, музыкасы мен фольклорының терең білгірі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Оның Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына алғаш талдау жасап, зор баға бергенін, А.В.Затаевичке 25 халық әнін тапсырғанын ескерсек, ғылым мен мәдениет жайындағы еңбектерін мұқият білсек, дананың зор тұлғасын тереңірек түсіне бермекпіз.

 

Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz