Павлодар облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасы басшысының орынбасары Мәрлен Оспановтың айтуынша, аймақ кәсіпкерлері бұл жаңашылдықты жатырқап жатқан жоқ.

- Биыл алғаш рет субсидиядан үмітті шаруа қожалықтарының басшылары тиісті өтінішті электронды түрде бере бастады. Ол үшін арнайы «Qoldau.kz» атты портал құрылды. Жүйе қиын емес. Шаруаларға халыққа қызмет көрсету орталықтарынан электрондық-цифрлық қолтаңба алып, аталған порталға тіркелу қажет. Онда көрсетілген талаптар бойынша өз кәсіпкерлік субъектісінің паспорттық деректерін енгізеді. Яғни, мал басының саны, егістік алқаптарының көлемі деген сияқты деректер сұралады. Міне, осындай әдіспен қажетті бағыттары бойынша субсидиялауға өтініш береді. Меніңше, бұл жаңашылдық кәсіпкерлер үшін қиындық тудырмауы тиіс. Онымен қоса, бізде бұл бағытта тәжірибе бар. Өздеріңізге белгілі, былтыр республика бойынша облысымызда дизельдік отынды үлестіру жұмыстары пилоттық түрде электронды жүйе арқылы жүргізілген болатын. Ал биыл аталмыш бағыттағы оң тәжірибеміз барлық облыстар бойынша енгізілді, - деді М.Оспанов.

Сондай-ақ, Мәрлен Олжабайұлы жаңа жүйені түсіндіру жұмыстары да оң жолға қойылғанын атап өтті. Өтінішті электронды түрде беруге қиынсынған шаруалар үшін «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның көмегіне жүгінулеріне болады. Аталған мекеменің мамандары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының кеңсесінде отырады. Олар кез келген сұрақтар бойынша тегін кеңес беріп, электронды түрде өтініш рәсімдеуге көмектесуге дайын.

Жалпы, ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шараларына 18,7 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 13,3 млрд. теңгені құрады. Үстіміздегі жылға межеленген қаржының 10,5 млрд. теңгесі облыс қазынасынан бөлінсе, қалған 8,2 млрд. теңгесі респуб-лика бюджетінен қарастырылған.

Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау шаралары 15 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде, мал және өсімдік шаруашылығын субсидия-лау, инвестициялық шығындардың белгілі бір бөлігін өтеу, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу барысында алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидия-лау сияқты негізгі бағыттар бар. Жоғарыда атап өткендей, барлық бағыттар бойынша қаржылай қолдау автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Жекелей тоқталатын болсақ, өсімдік шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдау тыңайтқыштардың, гербицидтердің құнын арзандатуға, тұқым шаруашылығын дамытуға және егістік алқаптарына су жеткізу жұмыстарына бағытталған. Мал шаруашылығын қолдау тетіктері күшейтілді. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара мал сатып алған шаруа- лар әр мал басына 150 мың теңгеден бастап 225 мың теңгеге дейін қаражатты субсидия түрінде қайтарып ала алады. Бұл ұсақ малға, жылқыға, құсқа да қатысты. Тек оларда субсидия көлемі басқа. Сондай-ақ, аналық мал басын қолдан ұрықтандыру, етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды өсіру, құс етін өндіру, сүт өндірісі мен қымыз өндірісінің құнын арзандатуға да субсидия қарастырылған.

М.Оспановтың айтуынша, инвестициялық субсидиялау бойынша қаржылай қолдау 80 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл суармалы егіншілікті дамытуға ниетті шаруаларға көрсетілетін зор көмек болып отыр. Бұдан бөлек, мемлекет ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға, бордақылау алаңдарын салуға жұмсаған қаражаттың 25 пайызын субсидия түрінде қайтарады. Тіпті, шаруалар аталған бағытта жергілікті бюджеттен тағы 10 пайыз субсидия ала алады. Аталған мақсатқа облыс қазынасынан қосымша 869,4 млн. теңге қаражат бөлінген.

Ауыл шаруашылығы басқар-масының өкілдері саланы қаржылай қолдауда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының мол септігі тиіп отырғанын айтуда. Бұған дейінгі жылдардағыдай, аталған бағдарлама аясында қаржыландыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның аймағымыздағы өкілдігі арқылы жүзеге асырылады.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпековтің айтуынша, биыл аталған мекеме тарапынан шаруаларды қолдауға 714 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сома «Ырыс», «Кең дала», «Сыбаға» сияқты бағдарламалар арқылы үлестіріледі. Соның ішінде ет және етті, сүтті бағыттағы ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыруды көздейтін «Сыбаға» бағдарламасына жекелей тоқтауға болады.

- «Сыбаға» бағдарламасының талабы бойынша ірі қара міндетті түрде асыл тұқымды болуы тиіс. Әр мал басына 780 мың теңгеден бастап 900 мың теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Бағдарламаға қатысуға ниетті кәсіпкерде алынатын несиенің 25 пайызы мөлшерінде кепілзат болуы тиіс. Ал кепілзаттың қалған 75 пайызы сатып алынатын малдың есебінен жабылады. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге төменгі пайыздық үстемемен беріледі. Сондай-ақ, екі жарым жыл көлемінде жеңілдік мерзімі қарастырылған. Яғни, шаруалар несие бойынша алғашқы төлемді екі жарым жылдан кейін төлей бастайды. Осы аралықта күтімі дұрыс болса ірі қарадан екі рет төл алып үлгереді. Демек, несиені қиналмай қайтара алады, - дейді І.Жүсіпеков.

Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Маралбек Жұмабаевтың сөзіне сүйенсек, биыл аталған қор тарапынан көрсетілетін қолдау көбейе түскен. Былтыр аталмыш мекеме кәсіпкерлерге 2,2 млрд. теңге көлемінде несие үлестірген болса, биыл бұл сома 3,4 млрд. теңгені құрап отыр.

Осылайша, жыл санап мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы шаралар көбейіп келеді. Шаруалар тарапынан ниет болса болғаны.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz