Жарыс жаппай көкпар мен бәйгенің 7 түрі бойынша ұйымдастырылды. Жылқы десе ішер асын жерге қоятын атсүйер ағайын бұл күні «Құлагер» ипподромына тегіс жиналды. Жаппай көкпар бойынша өнер көрсеткен командалар арасынан Жамбыл облысының «Әулие ата» көкпар командасы жеңімпаз атанып, «LADA Granta» автокөлігін тақымға басты.

- Бүгінгі көкпар ойынында 3 салым салдым. Осы жарысқа Тараздан 7 көкпаршы келдік. Жаппай көкпарда тізе қосып ойнаудың нәтижесінде жеңіске жеттік. Бұл алдағы ірі жарыстарға жақсы дайындық болды. Мамырдың 19-26 аралығында Тараз қаласында көкпардан ел біріншілігі өткізіледі. Оған еліміздегі 14 облыс пен 3 қаланың спортшылары қатысады деп күтілуде, - дейді «Әулие ата» көкпар командасының капитаны Нұрдәулет Момынов.

Көптің делебесін қоздырған 2,4 шақырымдық тай жарысында Ертіс ауданының азаматы Серік Оразовтың «Шакира» атты тайы алдына қара салған жоқ. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан келген Серікбол Тұрсыновтың «Элеонор» атты тұлпары екінші келсе, ақтоғайлық жерлесіміз Азамат Ибраевтың «Сағым» атты сәйгүлігі үздік үштікті қорытындылады. Құнан бәйгеге қатысқан 10 тұлпардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан келген сәйгүліктер сәтті өнер көрсетті. Елорданың жүйрігі «Құралай» топ жарса, «Эмир» мен «Томирис» атты тұлпарлар да жүлдеден құр қалған жоқ.

Бұдан соң көпшілік асыл тұқымды ұшқыр аттардың жарысына көз тікті. 1,8 шақырымдық ұшқыр құнандар жарысында павлодарлық «Маделинаға» тең келер жануар болған жоқ. Бұл сайыста көкшетаулық тұлпарлар «Латроя» мен «Хатукейдж» жүлделі орындардан көрінді. 2 шақырымдық қашықтыққа жарысқан асыл тұқымды ұшқыр аттар бәйгесінде павлодарлық Болат Қожамсейіттің «Прессанела» тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Жүлделі екінші және үшінші орындарды да павлодарлық тұлпарлар «Карлукхан» мен «Инвейдер Аш» өзара бөлісті. Ал тоқ бәйгеге барлығы 17 жүйрік қатысты. Бұл жарыста Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Барса» атты тұлпардың бағы жанды. Ақмола облысының арғымағы «Шағал» көмбеге екінші болып келсе, павлодарлық «Қайнар» атты сәйгүлік үшінші орыннан көрінді.

Жылқының төресі, су төгілмес тайпалған жорғалардың жарысы да көптің көңілінен шықты. Бұл сайыста павлодарлық Ренат Жұмабековтің «Феникс» атты жорғасы мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал Елордадан келген «Эдельвейс» атты жорға екінші орынды еншілесе, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының сәйгүлігі «Шунай» да жүлделі орыннан көрінді.

Ал 16 шақырымдық Аламан бәйгеге 20 ат қатысты. Ауыз-дықпен алысқан тұлпарлар сөреден шыға сала көз ілеспес жылдамдықпен құйғытқанымен, жарыстың соңғы айналымдарына қарай қатарлары сирей бастады. Көпшілік үміт артқан кейбір тұлпарлар жарыс жолынан шығып қалып жатты. Бағы жанып, бабы келіскен Нұр-Сұлтан қаласының «Алматы» атты тұлпары топ жарып, «LADA Granta» автокөлігін қанжығасына байлады. Тұлпардың иесі - Мирас Нұрдәулет. Ал Ақмола облысының үміткері Нариман Оразбаевтың «Рыжик» атты жүйрігі екінші болып мәреден көрінсе, Железин ауданының тұлпары «Көк дауыл» жарысты үшінші болып аяқтады.

Осылайша, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған ұлттық ат спорты ойындары түрлерінен өткізілген сайыстар өз мәресіне жетті. Бұл - павлодарлықтар үшін биылғы маусымдағы алғашқы ойын.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz