«МұнайАкваХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағынан 100 гектар жер алып, аталмыш аймақтың резиденті атанды. Бұл кәсіпорын қос бірдей жобаны - су тазарту технологиясын енгізу мен мұнай қалдықтарын өңдеуді көздеді. Алғашқы кәсіпорынның жұмысына 40 млрд. теңге, ал екінші зауытты іске қосу үшін 400 млрд. теңге қаржы құю жоспарланған еді. Арада бес жыл өтсе де, екі жоба жүзеге аспай, зауыт тұрғызу былай тұрсын, жобалау, сараптама жұмыстары жүргізілген жоқ. Қаржылай қамтамасыз ету бойынша құжаттар да ұсынылмады. Оған қоса, салық бойынша 20 млн. теңге қарызы бар. Осындай жайттарға қарамастан, аталмыш кәсіпорын өкілдері келісімшартты тағы 8 жылға ұзартуды сұрап отыр. Бірақ, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басшылығы әріптестікті жалғастыруға бейілді емес. Жалпы, жыл басынан бері 7 жосықсыз инвестормен жасалған келісімшарт күшін жойды, таяу уақытта тағы 3 компаниямен байланыс үзілмек. Олардың қатарында жоғарыда аталған «МұнайАкваХим», биг-бэг (өндіріске қажет контейнерлер) шығаруды жоспарлаған «Новопэк» және химиялық тыңайтқыштар өндірісін қолға алмақ болған «ARS soil» кәсіпорындары бар. Соңғы екеуі бизнестегі негізгі бағыттарын кеңейтетін болғандықтан, қаржыны сонда салып, әзірше арнайы экономикалық аймақта кәсіп ашуға қауқарсыз екенін ескертіпті.

- Инвестиция тарту мен жобаны жүзеге асыру үшін уақыт керек екенін жақсы білеміз. Бірақ бірнеше жыл бойы жерді мүлде пайдаланбай, тек иелігінде ұстауға тағы болмайды. Компаниялар инфрақұрылымның белгілі бір қуаттылығына техникалық шарттар алады да, оны пайдаланбайды. Осылайша, кәсіпкер өзінің ісін бастамайды, өзге инвесторларға да мүмкіндік бермейді. Оған қоса, біз сол жобаға байланысты инфрақұрылым нысандарын саламыз. Ал жоба іске аспаған жағдайда жаңа нысандар иесіз болып қалады. Осы секілді түйткілдер бар. Сондықтан жосықсыз инвесторлармен келісімшартты бұзуға тура келеді, - деді «Павлодар» АЭА басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі барысында.

Өз ісіне салғырт қарап, жауапсыздық танытқан инвесторларға алдымен құрылыстың мерзімінен кешіккені немесе ешқандай жұмыстың қолға алынбағаны туралы хат жолданады. Кәсіпкер мұны назарға алмаса, ескерту хат тағы бір мәрте жіберіліп, жағдайды түзету үшін 60 күн беріледі. Бұдан соң да ештеңе өзгермесе, келісімді біржақты бұзуға толыққанды негіз бар. Кейін Павлодар қалалық жер қатынастары бөліміне және салық органдарына аталмыш компанияның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қатарынан шығарылғаны туралы ескертіледі.

- Біздің тарапымыздан қандай да бір айыппұл санкциялары қолданылмайды. Кәсіпкердің жобаны жүзеге асыра алмайтыны жөнінде ертерек хабарландырғаны ғана маңызды. Алдағы уақытта дәл осындай жағдайлар қайталанбас үшін ведомствоаралық комиссия құрып, инвес-торлар кепілдік міндеттеме алуы керек шығар. Сонымен қатар, қаржылай қамтамасыз етуді тексеру мүмкіндігі берілсе жақсы болар еді. Әйтпегенде, бизнес өкілдерінің резидент атануы үшін ұсынған құжаттарын бүге-шігесіне дейін талдайтын құзіреттілік жоқ. Бірақ мұндай талаптар енгізілсе, инвестордың қаражат құюына түрлі тосқауыл бола ма деген де ой келеді. Қысқасы, мәселені әлі де жан-жақты саралау қажет, - дейді А.Тұрсынғалиев.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz