Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған жылыжай кешені 2 модульден тұрады. Оның 5 гектарында раушан гүлі, екінші 5 гектарлық модульде қызанақ өсіріледі. Алғашқысы 2016 жылы, екіншісі 2017 жылы жұмысын бастады.

Соңғы үлгідегі жылыжай кешенінде қызанақтың екі түрі өсіріледі. Мұнда қызанақ өсетін аумақ араның тұқымымен тозаңдандырылатын көрінеді. Сөйтіп, жылыжайдағы микроклимат табиғи жағдайларға жақындатылған. Қызанақтың тұқымын кәсіпкер голландиялық фирмадан алады. Олар екібастұздық жылыжайдағы өнімнің сапасына әрдайым мониторинг жүргізетін көрінеді. Голландтық агроном өндіріске күн сайын бақылау жасайды. Сондай-ақ, аталмыш фирма өкілдері біздің сатып алушыларға дәмі жағынан жарайтын сорттарды таңдауда да жәрдемдеседі екен. Мұндағы мамандар өнімді өсіруге әлемде тиімділігін көрсеткен тәсілдерді қолдануға бейім. Макро және микроэлементтерді ерітіп, тыңайытқыш ретінде қолданады. Өсімдіктің барынша жақсы әрі тезірек жетілуі үшін жылыжайда тіпті арнайы шамдар қолданылады. Яғни, қажетті жылу қуатын толықтыра түседі. Солтүстік өңір үшін мұның маңызы зор. Температураны реттеп тұратын технологиясы да бар. Прива деп аталатын компьютерлік бағдарлама арқылы ылғалдық, температураның деңгейі басқарылады. Тағы бір қызығы, мұнда зиянкестермен күресте экологиялық тәсіл қолданылады. Жылыжай ашық болғандықтан, раушан гүлі өсірілетін аумақта кенелердің «көмегіне» жүгінеді. Бұл жәндік өсімдікке еш зиян келтірмейді, керісінше зиянкестерді жоятын көрінеді.

Жылыжай кешенінде жаңадан қосылатын аумаққа қызанақтың жаңа түрлерін өсіру жоспарлануда. Былтыр 2,2 мың тонна өнім алынған. 2019 жылы 2,7 мың тон- наға жеткізілмек. Бүгінде кеншілер шаһарында өсетін қызанақтың 90 пайызы Ресейге сатылады. Кәсіпорын ресейлік «Лента» ЖШС ірі дүкендер желісімен келісімшарт жасаған.

Қызанақтан бөлек екібастұздық раушан гүліне де қызығушылық артқан. Бұл өнім де шетелге экспортталады. Компанияның мәліметі бойынша тиеліп жөнелтілетін гүлдердің 83 пайызы шет ел асады. Гүлдерді іріктеп, қораптарға салуда еуропалық озық жабдық қолданылады. 2018 жылы 9,1 млн. тал раушан гүлі өсірілген. Биыл 10,1 млн. дана алынбақ.

Агроөнеркәсіптік кешен жыл санап қарқынды дамып келеді. Жаңа модульдер салынып жатқанын айттық. Кәсіпорын басшылығы жалпы жоспарланған аумақ 50 гектарды құрайтынын мәлім етті. Жобаның құны 61,5 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Оның 30 пайызы бизнесменнің өз қаражаты болса, қалғанын «HalykBank» АҚ банкі арқылы қаржыландырылады. Жоба жүзеге асса, 550 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде мұнда 230 адам еңбек етеді. Жұмысшы-лардың орташа жас шамасы – 32-38 жас. Қызметкерлерінің 91,3 пайызы – әйелдер. Ер азаматтар көбінде операторлық, арнайы көліктің жүргізушісі, қораптаушы- лар, станоктардың операторлары сияқты жұмыстарға тартылған. Жұмысшыларына жан-жақты жағдай қарастырылған. Асхана, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер бар. Жайлы автобустар қызметкерлерді жұмыс орнына және кері тасымалдайды. Тіпті, ағылшын тілін меңгеруге ниетті қызметкерлеріне тегін курс та жұмыс істейді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz