Мына бір жағдай сирек кездеседі. Сирек кездескені былай тұрсын, бұл жағдай адам өміріне қаншалықты әсері болары белгісіз, дегенмен ондай адамдар аңызға айналып, тарих төрінен ойып тұрып орын алып жатқаны баршаға мәлім. Мәселен, ұлы ойшыл, философ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп (Адам Жүсіп) Көпейұлына (Көпжасар – әкесінің шын есімі) 10 жасар шағында қазақтан шыққан аға сұлтан Мұса Шорманұлы «Мәшһүр» деген лақап ат қойып, басына үкі таққан екен. Мұндай мысалдар көп.

Ал енді қазақтың мақтанышы болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа қайта оралайық. Имантай дүниеге келгенде Сәтбай ел арасында «Сегіз сері» атанып кеткен Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақовты арнайы шақыртып Имантайдың атын қойғызған екен. Имантайдың тұяғы Қаныштың азан шақырып қойған есімі – Ғабдулғани. Есімін аузында Алласы бар, кезінде Имантайдың түсін оңынан жорыған Құрманбай абыз қойған болатын. Қаныш бабамыздың анасы Әлима Исақызы «Ғанышым», «Қанышым» деп еркелетуімен ел арасында, тіптен әлемдік дәрежеде де, ғарыштағы есімі де «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев» болып аталып кетті. Ғалымның әкесі Имантай да медреседен араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. Өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы бола білген. Жоғары білім алып, ғалым атанбаса да, қазақ әдебиетінің үлгілерін хатқа түсіріп, тіптен орыс ғалымдарына деректер жинасуға көмектескен деген естеліктер бар. Әкеден асып тудым деу әдепсіздік болар, бірақ Қаныш бабамыз әкеге жетіп туған болса керек.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты көпшілік геология-минералогия ғылым-дарының докторы, академик деп қана ойласа қателеседі. Қанағаң «Ғасырдың дара тұлғасы» деп те атақ жүктесек, артық болмас. Оның да өз себептері бар. Естеліктерді ақтарып отырсақ, ол кісі - сан саланы тең меңгере білген терең білімді жан. Әдебиетке салсаңыз, Хамит Ерғалиевтің «Беделіндей елімнің биік еді» естелігінен ғалымның бала әдебиеттен ата әдебиетке дейінгі тұлғаларды танып қана қоймай, шығармаларын біліп отырғанын аңғарасыз. Әнге салсаңыз, мына бір сілтемедегі жағдайды ескеріңіз. Оны М.П.Русаков: «Поэзия мен музыкадан да көп хабардар Қаныш Имантайұлы автомотордың бейнебір сүйемелдеуімен өзі ән салып, бізді қазақ әндерімен таныстырушы еді», - деп жазады. Жоғарыда айтқандай өнер мен мәдениетке ол ден қоя қарады. Тіптен оның жақын достарының арасында Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Елубай Өмірзақовтар да болған.

Қаныш Сәтбаев ғалымдық жолды тандамағанда үлкен жазушы болары анық еді. Ғалымның мәдениет, тарих саласында қалдырған еңбектері ұшан-теңіз. Кезінде демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі болған шығыстанушы, тарихшы, ағартушы ғалым Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздеріне аударма жасап, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған–Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Онда Ұлытау өңірі ежелгі металлургия орталығы болуымен қатар қазақ этносының саяси орталығы екендігі де айқын көрініс тапқан.

Ғалымның ұлтына деген махаббаты шексіз. Оған дәлел көп. Бірде оның орыс ғалымдарымен Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасағанда бірнеше кен орындарын оларға көрсетпей жасырып қалғандығы жайлы аңызға толы әңгімелер жетерлік. «Бұл қалай?» деген сұраққа: «Ондағы рудалар тереңде, ол біршама қаржы мен техниканы талап етеді, сондықтан оны картаға енгізуге әлі ерте» деген екен ғалым бабамыз. Ал өзінің сырлас, адал досы М.Әуезов пен Ә.Марғұланға ол байлықты болашақ ұрпаққа қалдыру үшін әдейі жасырғанын айтқан екен.

Қаныш бабамыз ерекше бір қасиетке ие болғандығы аңғарылады. Орыс ғалымдарына қарағанда, ол кісінің кен іздеудегі болжамының 90 пайызы нақты келіп отырған. Жоғарыда айтылғандай, Қаныш Сәтбаев қазба байлықты Кеңестен жасырғаны, қазақ елінің тәуелсіз ел боларын сезгені һәм сенгені болар.

Жезқазған өңірінде болғанда еңбексүй-гіштігі, ізденімпаздығы соншалық, дастарқан басында адамдармен отырғанда үлкендер ағылшындардың кен іздеген орындары туралы айта бастағанда, шайын қоя салып, әлгі кісіні қасына алып, айтқан орындарға барады екен. Көбінесе ол кісі 7-8 шақырым жерлерді жаяу шолатын болыпты.

Ғалымның ғылымға, білімге, индус-трияға да тигізген еңбегі мол. Ағарту-шылық саласына тіптен ден қойып, кешегі аға сұлтан Мұса (мырза) Шорманұлы бабамыздай қазақ балаларының білім алуына ықпал жасағаны әркімге өнеге болса керек. Қаныш Имантайұлы туралы естеліктерден сыр шерте берсек, ол адам телегей теңіз емес, сыры таусылмас мұхит тәрізді.

 

Айбат ЫДЫРЫСОВ, Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайының басшысы.

saryarka-samaly.kz