Қисамиден Мәкауұлының атындағы турнир осымен төртінші мәрте ұйымдастырылды. Ол 10 жыл бойы аталған ауданда өткен ұлттық спорт сайыстарына демеушілік етіп келген. Биыл ел азаматы асқаралы 60 жасқа толып отыр. Шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Әзілхан Әбеуов қатысып, мерейтой иесін құттықтады. Спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Павлодар, Ақсу қалалары, Аққулы, Баянауыл, Железин мен Шарбақты аудандарының барлық ауылдарынан спортшылар қатысты. Тоғызқұмалақшы ұл-қыздар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлініп (2011 ж. және одан кіші, 2008-2010 ж., 2004-2005 ж., 2006- 2007 ж.) өнер көрсетті. Турнир тартысқа толы өтті. Ал белбеу күресінен өткен жарыс 13 салмақ дәрежесі бойынша өтті (ұлдар – 9, қыздар – 4 салмақ дәрежесі).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы Алғыс хаттармен, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен, Кубоктармен марапатталды. Бас демеуші - ұлттық спорттың жанашыры Қисамиден Мәшенов.

Тоғызқұмалақтан өткен тартыста жалпыкомандалық есеп бойынша Аққулы ауданының спортшылары үздік шықты. Павлодар қаласынан келген спортшылар екінші орыннан көрінсе, Есілбай ауылының тоғызқұмалақшылары үздік үштікті түйіндеді.

Ал белбеу күресінен өткен сайыста Шарбақты ауданы Жаңаауыл ауылының палуандарына шақ келер ешкім болған жоқ. Екінші орынды Аққулы ауданына қарасты Мерғалым ауылының спортшылары жеңіп алды. Қола жүлде Ақсу ауданының М.Омаров атындағы ауылының палуандарына бұйырды.

- Жыл сайын дәстүрлі турнирді ұйым-дастырып келемін. Мақсатым - ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаймын. Алдағы уақытта бұл турнирді республикалық деңгейге дейін көтергім келеді. Болашақта осы жоспарымды іске асырсам деймін, - дейді турнир иесі Қисамиден Мәкауұлы.

Ауыл азаматының туған жеріне деген ықыласы ерекше. Ол өзі тұратын Есілбай ауылдық орта мектебінде оқитын дарынды спортшыларға арнайы сертификат табыс етті. Белбеу күресінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Алдияр Айтмұханбетке 100 мың теңгелік ақшалай сертификат сыйлады. Белбеу күресінен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ел чемпионы Диана Омарханова 50 мың теңгелік сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ осы ауылдың жас спортшысы Диас Мұқашев пен Шарбақты ауданы, Шегірен ауылының тоғызқұмалақшысы Аружан Манапқа да ынталандыру сыйлығы берілді. Туған жерін бәрінен де биік қойып, ауылына қамқор болған ел азаматы Қисамиден Мәкауұлының еңбегі көпке үлгі.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz