Сондай қуанышқа кенелген жандардың бірі - Ролан Шенеуов. Ол төрт баласын алып Нұр-Сұлтан қаласынан кеншілер шаһарына қоныс аударуға бірден келіскен екен. 11 жыл елордада пәтер жалдап тұрған азамат төрт баласы мен жұбайын алып, келешегі жарқын қалада тұрмысын түзеуді жөн көрген.

- 11 жыл Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұрдық. Пәтер кезегінде тұрдық. Өзім энергетика саласында слесарь болып еңбек еттім. Менің мамандығыма Екібастұз қаласында жұмыс табылатынын ескеріп, көшіп келуге келістім. Үш бөлмелі пәтер берілді. Жұбайым бала күтімімен үйде отыр. Ал өзім жұмысқа орналасамын. Болашағымды осы қаламен байланыстырып, тұрақтауды қалаймын, - дейді Ролан Сейілханұлы.

Айта кетейік, «Nurly Ertis» пилоттық жобасы аясында Екібастұз қаласына қоныс аударған 18 көпбалалы отбасыға пәтер кілттерін табыстаған облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов оларға барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Нақтысы, ересектер жұмысқа орналастырылады. Ал балалар мектептермен, балабақшалармен қамтылады. Биыл мамыр айының басында Екібастұз қаласына 17 отбасы қоныс аударған. Ағымдағы аптада тағы 18 көпбалалы отбасы Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келді. Соңғы келген 18 отбасының 112 мүшесі бар. Олардың 84-і – балалар. Мамыр айының соңына қарай тағы 22 отбасы қоныс аударады деп күтілуде.

Пилоттық жоба тұрғындары тығыз орналасқан өңірлерден еңбек күші тапшы аймақтарға көшіруді көздейді. Пәтерлер қоныс аударушыларға бес жылға жалға беріледі. Содан кейін олар бұл пәтерлерді сатып алуға құқылы болмақ.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz