Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі кездесуге 2018-2019 оқу жылында халықаралық және республикалық олимпиадалардан олжалы оралған 61 шәкірт пен оларды дайындаған 12 мұғалім қатысты.

Салтанатты шараға жиналғандар назарына облыстың абыройын асқақтатып жүрген жасөспірімдердің жетістігі жөнінде арнайы әзірленген «Нұрлы елдің дарынды жастары» атты бейнекөрсетілім ұсынылды. Бұдан соң облыс әкімі сөз алып, талантты да талапты жастарды жетістігімен құттықтады.

- Соңғы жылдары білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жетті. Оған сіздердің ғылым жолындағы табыстарыңыз, білім сайыстарындағы жемісті еңбектеріңіз дәлел. Сіздер киелі Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, қазақ елінің абыройын асқақтатып, әлемге таныта білдіңіздер. Әрине, бұл - ең алдымен үлкен ізденістің, мол еңбектің нәтижесі.

Жас достар, әрқайсыңыз халқымыздың мерейін асырып, еліміздің мақтанышына айналады деп сенемін! Баршаңызға зор табыс, баянды бақыт, жарқын болашақ тілеймін, - деді Болат Жұмабекұлы өз сөзінде.

Шара барысында дарынды балалардың әрқайсысы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттарға ие болды. Мұндай құрметке оқуда озат, білімде алғыр шәкірт тәрбиелеген 12 ұстаз да бөленді.

Атап өтерлігі, павлодарлық оқушылар биыл облыс қоржынына 191 медаль салған. Соның ішінде Ресей, Оңтүстік Африка, Австралия, басқа да шетелдерде өткен халықаралық олимпиадалардан 29 медаль, ал республикалық деңгейдегі түрлі зияткерлік шараларынан 162 медальға қол жеткізген. Сондай-ақ, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша І орын иеленген жерлестеріміз «Ең үздік олимпиадалық команда-2019» сертификатымен марапатталды. Команда қоржынында 48 медаль (14 - алтын, 9 – күміс, 25 – қола) бар екенін айта кеткен жөн.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz