Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме дүниежүзілік биологиялық алуан түрлілік күніне орай ашылған.

Айта кетерлігі, 1992 жылы 22 мамырда Біріккен ұлттар ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының конференциясы қабылданған. Оған 168 мемлекет қол қойған. Солардың қатарында Қазақстан Респуб-ликасы да бар. Сол үшін бұл күн біздің елімізде де кеңінен аталып өтуде. Осыған орай ұйымдастырылып отырған көрмеге Умар Семенов, Евгений Полонский, Юрий Шибенов, Виктор Яшнов, Леонид Круглов, Денис Будков, Андрей Степанов және өзге де ресейлік фото- суретшілердің ең таңдаулы 46 еңбегі қойылған. Мұнда құстар, жануарлар, жыртқыш аңдар мен жәндіктер тіршілігінен сыр шертетін қызықты суреттер бар.

- Жасыратыны жоқ, қазіргі адамдардың көбі табиғатты қорғау ісіне немқұрайлы қарайды. Ал биологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы өсімдіктер мен жануарлар үшін ғана емес, адамзат үшін де қауіпті. Көрмені тамашалауға келген көпшілік осыны түсінеді деген ойдамыз. Сонымен қатар, көрермендер жабайы табиғаттың сұлулығын, арктикалық аралдарда, тау шыңдарында, өзен-көлдерде тіршілік ететін ерекше жәндіктер мен жануарлар жайлы көп мағлұмат алады, - дейді облыстық көркемсурет музейінің қызметкері Әйгерім Ибраева.

Ресейлік фотосуретшілердің еңбегіне павлодарлықтар жоғары баға беруде. Көрмеге қатысты өз ойын білдірген «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Татьяна Кузина:

- Мен көрмеден үлкен әсер алдым. Біз көрмені жай ғана тамашаламай, түсіне білуіміз керек. Анықтап зер салсақ, мұндағы әр сурет сөйлеп тұрғандай. Оларға қарап, жануарлардың, жәндіктердің мінез-құлқын, табиғатын түсінуге болады, - дейді. Ал облысымыздағы кәсіби фотосуретші Александр Пархоменко аталмыш көрме бұған дейін Ресейдің 60-қа жуық қаласында ұйымдастырылғанын айтып, бұл – фотосуретшілер үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол ресейлік әріптестерінің фотосуреттерінің қай-қайсысы да асқан шеберлікпен түсірілгенін айтты.

Аталмыш көрме маусым айының ортасына дейін жалғасатын болады.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz