Мәдениет және спорт министрлігі осымен екінші рет Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында республикалық «Рухани қазына - 2019» байқауын ұйымдастырып отыр. Фестивальге еліміздің әр өңірінен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген 300-ге жуық қызметкер қатысқан. Ал байқауға Қазақстанның 14 өңірінен 250-ге жуық өтінім келіп түскен.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов шараның маңыздылығын атап өтті.

Павлодар облыстық Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі байқаудың «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымында Гран-приді еншілеп, арнайы диплом мен 1 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Ал «Кітапхана ісі бойынша» аталымында «Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың» басшысының орынбасары Ләззат Қуантаева марапатталса, «Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері» сыйлығына «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының бөлім меңгерушісі Алмагүл Бұзаубаева ие болды. Ол 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Дәл осы күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Шахметова «Мәдениет саласының үздігі» медаліне ие болды.


Гүлнәр НҰРАХМЕТОВА, Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бұл байқауға біздің ұжым биыл алғаш рет қатысып отыр. Біз жұмысымыздың өзгелерден ерекшеленетін тұстарын алып баруға тырыстық. Мәселен, біздің музейде 2 жылдан бері жарық көретін «Алтын тамыр» және «Музей альманахы» деген екі журналымыз бар. Дәл осындай музей тарихынан сыр шертетін, қордағы жәдігерлер топтастырылған журнал еліміздің өзге музейлерінде әлі жоқ. Сондай-ақ байқауға 3D принтермен жасалатын құнды жәдігерлеріміздің бейнесі салынған кәдесыйларды да алып бардық.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz