Аталмыш фестивальдің аймақтық кезеңінде қалалар мен аудандардағы іріктеу турынан өткен 1791 балғын өз өнерлерін көрсетті. Олардың барлығы - балабақшалар, шағын орталықтар және жалпы білім беру мектептеріндегі даярлық сыныптарының тәрбиеленушілері.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – мектепалды мекемелерде тәлім алып жатқан өнерлі балаларға қолдау көрсетіп, хас таланттарды анықтау. Сондай-ақ, балабақшалар мен шағын орталықтардағы эстетикалық тәрбие жұмысын жетілдіруге ықпал жасау көзделуде.

Фестиваль бағдарламасына вокалдық орындау (хор, жеке ән айту, халық және эстрадалық ән айту), хореография (ұлттық, эстрадалық, спорттық билер), балалар оркестрі, көркемсөз (проза, поэзия, сахналау) және балалардың шығармашылық қабілеттерін танытатын басқа да жанрлар кіреді. Фестиваль қатысушыларының өнерін тамашалаған көпшілік жоғары баға берді.

Шара соңында фестивальдің лауреаттары арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Балғындар шығармашылығын қорытындылаған кеш гала-концертпен аяқталды. Мұнда көрермендер назарына Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты және Аққулы, Тереңкөл аудандарындағы мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілерінің ең үздік нөмірлері ұсынылды.

Әмина САРТОВА, Ақсу қаласындағы «Балапан» бөбектер бақшасының директоры:

- Бұл фестивальдің балалар үшін берері мол. Талантты бүлдіршіндердің талабын шыңдайтын шара талайдың бағын ашады деп сенемін. Фестивальге біздің бақшадан алдын ала іріктеу турынан өткен 2 команда қатысты. Олардың бірі мың бұралып би билесе, екіншісі оркестр болып өнер көрсетті. Жалпы, мұнда қатысқан тәрбиеленушілердің барлығы шеттерінен дарынды, өнерлі екенін көріп, таң қалдық. Осындай шаралар алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол арқылы тасада жүрген талантты балғындарды анықтап, қолдау көрсетеміз.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz