Естен кетпес екі аға

Солардың қатарында баянауылдық ағайындылар Рахымжан мен Басар Ыбыраевтар да бар еді. Редакцияға осы ағалары туралы мәлімет әкелген ұстаз ҚР Білім беру ісінің үздігі Исмағұлова Ботагөз Баязитқызы: «Әкемнің әкесі – атам Смағұлдың інісі Нұғыман Баяндин – белгілі ғалым, педагог, КСРО география қоғамының мүшесі болды. Сол ағамыз естелікті бізге аманат етіп қалдырып кеткен еді. Бұл ұмытылмауы тиіс тарих» деген болатын... Рахымжан мен Басар - Нұғыманның (1912-1992) туған ағалары. Бір отбасынан қудалауға түскен екі азаматтың екеуі де өз заманының оқыған зиялысы, ел алдында жүрген жандар екен. Олардың тек өздері ғана емес, артында қалған ұрпақтары да көп жылдар қудалауға түскен.

Ботагөз Баязитқызы былай дейді:

- Ұлы атамыз Ыбырай өте қарулы, мінезді адам болған дейді. 1918 жылдың күзінде қызылдар келіп, ақтар қашқанда жолындағы елді тонап, әйелдерді қорқытып, ұрып-соғып, бағалы заттарын тартып алып жатады. Бір солдат үйден ақ киізді алып шыққанда иесі киізге жармасып, «бұл үйімнен келген еді» дегенде, солдат итеріп жіберіп, әйелдің басы іргеге соғылып, қан бұрқ етеді. Бұған шыдай алмаған Ыбырай ата ат үстінде отырған ақтың офицерін қайың бақанмен соққанда, ол аттан мұрттай ұшып құлайды. Мұны көрген ауыл азаматтары солдаттарды қуа жөнеледі. Осы атамыздың бес ұлы, бір қызы болған. Үлкені - менің атам Смағұл, Ұрқия, Рахымжан, Басар, Нұғыман, Шаймардан. Ауылдағы алғашқы мектепте Бекжан дейтін мұғалімнен Рахымжан мен Басар ағалар оқып, хат таниды. Кейін Рахымжан аға Семейден бір қыс есепшілер курсын оқып келеді. Басар аға Семейдегі малдәрігерлік техникумге түседі. Рахымжан ағай бұрын Баянауылда жеті жылдық орыс-қазақ мектебінде оқыған сауатты, жазуы да өте әдемі болыпты, сондықтан ол Ақкеліндегі атқару комитетінің хатшылық қызметіне алынады. Ал Басар ағай техникумның 2-ші курсын бітірген соң, оны партия қызметіне ауыстырады. Ол 1928 жылы кәмпескеге қатысады. Одан кейін облыстық банктің меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады. Осы кезде Басар ағаны Қарқаралыға мемлекеттік банктің меңгерушісі қызметіне жібереді. Оған Баянауылдан шешесі қайтыс болған соң, Рахымжан ағаның қызы Маһинұр (Мәйкеш) келеді. Мәйкеш апамыз Қарқаралыға келгенде Басар ағайдың отбасы банктің ескі бөлмесінде тұрады екен. Біраз уақыттан кейін осында әйгілі балуан Қажымұқан келіп, Басардың үйінде 10 күн жатып, ойын-сауық көрсетеді. Балаларды жүк машинасына мінгізіп, өзі тақтайдың астына жатып, үстінен машина өткізді. Екі түйені екі жаққа жіберіп оларды арқанмен тартып тоқтатыпты, басқа да өнер көрсетіпті. «Қарқаралыда екі жылдай тұрдық. Белгісіз себептермен бір адамдар ағаны газетке жазып, сол кездегі белсенділер округтің біраз адамдарын партиядан шығарыпты. Бірақ Басар аға 1935 жылы Москваға барып, арыз беріп, партбилетін қайтарып алып келді, - деп еске алатын Маһинұр (Мәйкеш) апай. Ал Нұғыман ағай Орта Азия университетіне түседі. Оқу басталғанша, інісі Шаймардан екеуі Басар ағайдың үйіне келеді. Шаймардан аға сол кезде Алматыдағы политехникалық институтта окитын. Сол үйде тамыздың 20-на дейін болады. Үйге обком партияның уәкілі деп бір орта жастағы еңгезердей жуан қара қазақ келіп бір жұмадай жатады. Әлгі адам машинамен ҚарЛАГ-қа, оның Долинка дейтін бөлімшесіне барып, әркіммен сөйлесіп жүріпті. Кешікпей газетке Ыбыраев Басарды жамандаған мақала шығады. Іле ағай үйге келіп, Шаймардан мен Нұғыман ағай екеуіне 500 сомнан ақша беріп, оқуларыңа барыңдар, - деп екеуін аттандырады. Әлденеден қауіптенген ғой. Жоғарыда айтылған партбилетінен айырылған себеп осы болса керек - деп еске алатын Нұғыман ағай.

Іле Қарағандыда облыстық партия комитетінің конференциясы өтеді. Күн тәртібінде бір ғана мәселе екен, оған көп делегат қарсы болады. Сондықтан пленумды таратып, екінші рет өткізеді. Қарсы болған делегаттардың көпшілігін апарып НКВД абақтыға жабады. Екеуі де КарЛАГ-қа жабылады.

- Үй ішімізге, Басар ағайдың оқиғасы төбемізден түскен жайдың оғындай болды. Бәріміз еңіреп, ағайдың екі баласымен далада қалдық. Бірақ, жақсы адамдар бар екен, ағайдың қызметтесі, МТС-тың саяси бөлімінің бастығы ағаның отбасын түнде көшіріп, елге Ыбырай атамыздың үйіне әкеліп салды. Бұл 1937 жылдың сентябрінің 28-і еді. Қарағандыда Басар ағайды жапқаннан кейін Баянауылдың НКВД-нан 4-5 адам келіп тапа-тал түсте әкем Рахымжанды ұстап, арбаға байлап алып кетіпті. Сонда сорлы атам баласынан біржола айырылып тұрғанын біліп, есік алдына жатқызып, құбылаға қарап азан шақырып, тірідей жаназасын шығарып, жолға салыпты. Нұғыман аға осы сұмдық жылдары тегін өзгертіп, Ибраевты арғы атасы Баяндының есімін алып, Баяндин деп жазғызады.

Отбасындағы ауыртпалық

Кейін Баянауылдағы Талапкер колхозының орталығы «Көкдомбаққа» жаңадан үй салып, бәрін сонда көшіреді. Колхоз председателі Әмрин Сыздық «сенің екі балаң да халық жауы болған» деп, Смағұл қарияға қой баққызады, 12 жастағы Маһинұрға комбайн оқуын оқытып, комбайнға отырғызады. Інісі Сұлтанды да егін орып, шөп шабуға салады. Одан кейінгі кіші інісі - Шарапат пен Самат атасына жәрдемдесіп, қой бағады. Сыздық бастық ерте атқа мініп алып, оларды жеті атасынан сыпыртып, «халық жауының» балалары, деп балағаттап, ұрып жұмысқа салады екен. Аш-жалаңаш ауыр жұмысқа салынған балалардың көрмеген бейнеті қалмайды. Кейін Сұлтан Мара деген жылқышыға көмекші болып, қырға шығып кетіп, бейнеттен арылғандай болады.

- 1941 жылы оқу бітіріп Алматыға келсем, туған-туыстардың халдері осындай екен. Шаймардан екеуіміз ақылдасып, ақыры Рахымжан ағаның балалары – Маһинұр, Сұлтан, Шарапатты мен қарамағыма алып, оқытып, тәрбиеледім. Ал Басар ағайдың балалары - Самат пен Болатты Шаймардан қарамағына алды, оқытты. Өз отбасыларымыз болса да, біртіндеп елден Алматыға әкеліп, қатардан қалдырмай, тәрбиелеп өсірдік, - дейді Нұғыман аға.

Ат тұяғын тай басар

Ағаның өзі түнде шамның жарығымен диссертация жазып, күндіз Академияда қызмет істеп, кейін КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандағы бөлімінде ғылыми қызметкер болды. Бұл бөлім 1946 жылдан бастап Қазақстан Ғылым Академиясы болды. Қаныш Имантайұлының ұйғаруымен Шығыс Қазақстанды, оның ішінде Ертіс өңірін зерттеп, 1945 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Шаймардан да 1946 жылы кандидаттық қорғады. Ол алдымен Найзатас, Майқайың кен орындарында жұмыс істеп, тау-кен өндірісіне елеулі жаңалық енгізді, Қазақстан, тіпті сол кездегі одақ бойынша білімді тау-кен маманы ретінде танылған екен. Алайда, ағайындыларға Академияда да оңай болмаған. «Халық жауының» туыстары деп, соңдарына тыңшы салды, ісқағаздарын қайта-қайта тексеріп, қате тапқан болып, кемсітіп отырды. Жазған еңбектерін жарияламайды, балаларын жоғары оқу орындарына қабылдатпайды. Ақыры комиссия құрып, сендерге Академияда істеуге болмайды, «екі ағаң халық жауы» деп екеуін де қызметтен шығарды.

Ағаларының жазықсыз айдалып, атылып, отбасы мен туыстарының да қудалауға түскеніне наразы болған «алмас қылыш» Шаймардан: «мен Ұлы Отаным – Советтік Россияның қай жеріне болса да қызмет ете аламын» деп, Кривой Рогқа барып, ғылыми зертхана басқарады, білімімен көзге түседі. Әріптес ғалыммен бірлесіп, техникалық жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды Москвадан басып шығарады, ғылыми жұмыстары үшін бірнеше диплом алады. Ол жайлы сол кезде «Казахстанская правда» газетінде «Талантты қазақ ғалымдары республикамызда ғана емес, басқа да жерлерде қызмет атқара алады», делінген мақала да шығады. Кейін, Қазақ КСР ғылым академиясы Ибраев Шаймарданды Кривой Рогтан арнайы шақырып алып, тау-кен институтына қызметке жібереді. Одан кейін Қазақ политтехникалық институтына ауысып, оқытушы болады, зейнеткерлікке шығады. «Кезінде мен де, Шаймардан да докторлық қорғадық. Бірақ «халық жауының» тұқымдары деп арыз жазып, сол кездегі жандайшаптар бекіткізбеді» дейтін Нұғыман ағай. Ол кісінің өзі 1950 жылдан бастап Семей, Өскеменнің пединституттарында жаратылыстану-география факультетінде кафедра меңгерушісі болады, 1953 жылы конкурспен Қазақстанның ауылшаруашылық институтына қабылданып, қызмет етіп, 1979 жылы зейнеткерлікке шығады. Қандай қиыншылыққа тап болса да, студенттерге арнап 300-ден астам оқу құралдарын шығарады. Ал Рахымжанның қызы Маһинұр Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, көп жылдар ұстаздық жолда болып, зейнеткерлікке шығады. Мұрат жездеміз екеуі 7-8 бала тәрбиелеп, өсірді. Сұлтан аға Алматыдағы сол кездегі Киров атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиет факультетін бітіріп, Павлодарға келіп, Б.Ахметов атындағы педагогикалық училищеде 1972 жылға дейін сабақ береді. Кандидаттық диссертация қорғаған соң, министрліктің жолдамасымен Қарағанды университетінде кафедра меңгерушісі, доцент қызметіне ауыстырады, осы жерде ұзақ еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ал Шарапат ағай 1950 жылы жастай дүниеден озды. Басар ағайдың үлкен ұлы Самат 1949 жылы емтиханды жақсы тапсырса да, «халық жауының» баласы деп оқуға алмайды, келесі жылы «әкем 1937 жылы өліп еді» деп ҚазМУ-дің геология факультетіне түсіп, оны 1955 жылы жақсы бітіріп, Гурьев, Марқакөл, Қарқаралы экспедицияларында геолог болып жұмыс істеп, кейін көп жылдар Қазақстандағы Тау-кен техникалық бақылау басқармасында істеп, зейнеткерлікке шығады. Басар ағайдың екінші ұлы Болат Кривой Рог тау-кен институтын бітіреді. Донбаста, Текеліде, кейін геология министрлігінде қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.

Олар ақталды

«Сөйтіп, 1937 жылғы халыққа келген апатқа ілініп кеткен екі ағайынды інілері мен балаларының жүрегіне ұмытылмас шер болып байланды. Рахымжан ағаның әйелі ерте қайтыс болады, ол кісі өте әдемі болған екен. Ал Басар ағаның әйелі Семейде ұзақ жылдар тұрып, 90-нан асқан соң қайтты. Шаймардан екеуіміз қолымыздан келгенше, жоғарыда айтылған 5 жетімді тәрбиелеп, оқытып, жұрт қатарына қостық. Өмір бойы кемсіту, сенімсіздік болды көргеніміз. Рахымжанды Баянауыл НКВД-сы апарып жер астындағы абақтыға жапқан соң, Смағұл дейтін үлкен ағамыз оған біраз уақыт тамақ апарып тұрыпты. Сонда абақтының азабын көрген ол өлеңмен зарын сыртына шығарып хат жазады екен. Оны Смағұл аға жолда оқып, жыртып тастап отырған, қайғылы хатты ата-анасына көрсетіп, көңілдерін бұзбайын дегені ғой. Тек 1937 жылы қазан айында өлеңмен жазған бір ғана хаты сақталыпты.

...Кейін, 1956 жылдың 16 тамызында Павлодар облыстық сот президиумының шешімімен Рахымжан аға ақталса, 1957 жылдың 25 желтоқсанында Ыбыраев Басар КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясы шешімімен ақталды. Рахымжан аға туралы Павлодар облыстық мұрағат басқармасының 1999 жылы шығарған «Книга скорби» атты кітабынан атылғандардың тізімінен тауып алдық. Онда: «Ибраев Рахимжан родился в 1898 году в Баянаульском районе, казах. Арестован 13 октября 1937 г., на день ареста являлся председателем колхоза «Талапкер» Баянаульского района. Осужден тройкой УНКВД по Карагандинской области 3 декабря 1937 г. Расстрелян 27 декабря 1937 г. Реабилитирован постановлением президиума Павлодарского суда от 16 августа 1956г.» делінген.

Жазықсыз атылып кеткен екі ағамыздың балалары бәрі оқып, білім алды, ғылым жолына түсті, елдің көркеюіне үлес қосты. Олар Баянауылға отбасыларымен жиі келіп тұратын. Бәріміз жиналғанда естеліктерімізді ортаға салып, сағынышымызды басқандай болатынбыз, - деп аяқтады әңгімесін Ботагөз Баязитқызы.

Түйін:

Өз қатарынан озып шығып, ғылым-білімге ұмтылған екі азамат – Рахымжан мен Басар Ыбыраевтардың тағдыры осындай болғанда, балалары да қуғын-сүргіннен көз ашпаған екен. Текті әулеттің ұрпақтары жұдырықтай жұмылып, қиындыққа қарсы тұра білді. Мойыған болар, морт сынған жоқ, бәрі де ел мақтан етерлік деңгейге көтерілді. Әрқайсысы өздері таңдаған мамандықты меңгеріп, жемісті еңбек етті. Бұл әулеттің екі ағасының тағдыры қазақтың тағдыры еді ғой...

 

Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz