Жалпы, облыста халық саны көбеймей тұрған бір аудан болса, ол – Шарбақты. Сондықтан алдағы уақытта ауданның демографиялық ахуалына көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 4 айының көрсеткіші бойынша инвестиция тарту жұмысы 30 пайызға, құрылыс саласы 51 пайызға төмендеген. Бұдан аудандағы инвестиция тарту жұмысы өте сылбыр екенін аңғаруға болады. Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты. Аймақ басшысы ауданда алға жылжымай тұрған кейбір саланың жұмысын сынға алып, халықты таза ауызсумен қамту мәселесіне көңіл бөлді.

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылға дейін бүкіл ауылдардың ауызсу мәселесін шешуді тапсырды. Егер сіздерде дайын жоба болса аудандық бюджеттен ақша бөліп, конкурс жариялаңыздар. Көңіл бөлетін тағы бір шаруа – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Осы бағдарлама арқылы ауылдың біраз мәселесін шешуге болады. Бұған жергілікті кәсіпкерлерді тарту керек. Мәселен, осы аудандағы Есілбай ауылын алайық. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында көп жұмыс атқаруда. Ауылдағы ең басты проблема – тұрғындардың мемлекеттік бағдар-ламаларды пайдалана алмауы. Мемлекеттің жеке кәсіпкерлерді қолдау мақсатында беріп жатқан көмегін халыққа жеткізу керек. Ол үшін барлық ауыл әкімдерін осы бизнес бағытындағы тренингтерге жіберіп, басқа өңірлермен тәжірибе алмасу қажет, - деді Болат Жұмабекұлы.

Аудан әкімі Әзілхан Әбеуовтің сөзінше, 2018 жылы Маралды демалыс аймағына еліміздің түкпір-түкпірінен 60 мың адам келген. Ал биылғы жылы мұнда демалушылар санын одан да көбейтеміз деп жоспарлап отыр. Мәселен, Маралды көлінің жағасы мен Шалдай ормандарында жаңа туристік жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, жаңадан инвесторлар тартылып, аталған демалыс аймақтарында бұрын-соңды болмаған 11 түрлі іс-шаралар кешені әзірленген.

- Биыл Шалдай демалыс аймағында ат спорты туризмін дамытуды көздеп отырмыз. Мысалы, Садық-Ащы ауылындағы оңтайландырылған бастауыш мектеп ғимараты Шалдай орман резерватына берілді. Мұнда «Қарағай алаңы» деп аталатын отбасылық демалыс үйін ашамыз. Бұл жерде балалар ойын алаңы, қонақ үй бөлмелері, душ қабылдау орындары болады. Сонымен қатар, кесене басына зиярат етуге барушыларды тасымалдау маршруты іске қосылады, - деді Әзілхан Кәріғұлұлы.

Биыл мұнда аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлген қаражат көлемі 949 млн. теңгені құрады. Оның 644 миллионы бюджеттен қарастырылса, қалғаны жеке инвесторлардың есебінен бөлінді. Мысалы, Павлодар-Шарбақты-Құлынды бағыттарындағы жолға орта деңгейдегі жөндеу жүргізілсе, Маралды-Жылыбұлақ, Галкин-Жаңаауыл-Алексеевка бағыттарындағы тас жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал Шақат-Восточное-Шалдай бағыттарындағы автожолға реконструкция жасалмақ. Бұдан бөлек, мұнда бірнеше ауылға ауызсу құбыры тартылады деп жоспарлануда.

- Ағымдағы жылдың соңына дейін міндетті түрде шешілуі тиіс болған мәселелердің тізімін жасадық. Оның кейбіреуі аудандық бюджеттің қаржыландыруымен шешіледі. Мысалы, аудан орталығына салынатын стадион мен тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның және Есілбай ауылдық клубының құрылысын жүргізу. Бұдан бөлек, Хмельницкое ауылындағы мәдениет үйіне жөндеу жүргізу мәселесі де күн тәртібінде тұр, - деді Ә.Әбеуов.

Аймақ басшысы сондай-ақ бұл күні Шарбақты ауданына қарасты Сосновка ауылындағы қарақұмық өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

 

Тілеуберді САХАБА

Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz