Мектеп оқушыларын музыка өнеріне баулу және қазақ ұлттық аспаптарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға 7 мыңға жуық оқушы қатысты. Облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Ибраеваның сөзінше, мерекелік шеру осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биыл шараға облыс орталығындағы 40 оқу орнының оқушылары жұмылдырылған. Олардың арасында жалпы орта білім беру және музыкалық мектептер мен колледждер бар. Жалпы, биылғы шеру өзгеше өтті.

Шеруді жас өнерпаздардан құрылған қазақ ұлттық домбырашылар ансамблі ашып, Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Аталған ансамбльдің құрамында Ертіс-Баян өңіріндегі түрлі мектептерден 250 бала бар. Әртүрлі бағыттағы оркестрлер мен ансамбльдердің көшін қазақтың қара домбырасының бастауы ұлттық өнердің өз биігінде екенін көрсетті.

- Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының түп тамыры – ұлттық құндылықтарды дәріптеу екені белгілі. Міне, осындай ұлттық бағыттағы бастамаларға өз үлесімізді қосу мақсатында биылғы шерудің шымылдығын күймен ашып отырмыз. Мақсатымыз – әр баланың санасына домбыра үнін сіңіріп, ұлттық аспаптарымызды көрсету. Сонымен қатар, мектептер мен колледждердің өнер саласындағы жетістіктерін насихаттау, - дейді Гүлнәр Рахымжанқызы.

Мерекелік шеруде ұлттық аспаптар ансамбльдерімен қатар орыс халықтарының оркестрлері, шекті аспаптар ансамбльдері, барабаншылар, маржореттер, сондай-ақ, би және хор ұжымдары болды.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz