Атаулы күнді аймағымыздың жастары жыл сайын кеңінен насихаттап келеді. Атап айтқанда, қала тұрғындары арасында рәміздердің рухын асқақтатып, ұлттық бітім-болмысын айшықтайтын түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда. Мемлекеттік рәміздер - елдігіміздің ерен белгісі. Рәміздер тамыры тым тереңде жатыр. Бабалар тарихына үңілсеңіз, Керей мен Жәнібек хандар заманында Асан қайғы қазақтың басты деген қырық руына Нұраның бойында таңба үлестірген деседі. Бұл қырық таңба сол күннен бастап Нұраның таңбалылығы деп аталыпты. Содан бері әрбір рудың төл таңбасы, ұрыста салған ұраны болған. Бірақ жеке-жеке жалау тігіп, жырымдалуға жол берілмепті. Ел басына күн туса, бар қазақ бір тудың астынан табылыпты. Желбіреген тудың жығылмауы үшін жан алып, жан берісіпті деседі. Иә, осынау мемлекетіміздің айшықты нышандары жайында айтылар аңыз аз емес. Өйткені, елдіктің үш тағаны саналатын мемлекеттік рәміздерде таңбалы тарих жатыр.

Бүгінде тәуелсіз еліміздің басты нышаны болып табылатын Мемлекеттік рәміздердің мемлекет тұтастығы мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда атқаратын рөлі орасан. Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Төлеген Айтбаевтың айтуынша, мұны аймағымыздың жастары да жақсы біледі. Өйткені, жыл сайын өңір жастары бұл күнді асыға күтіп, асқақтата атап өтеді.

- Әнұранның әр тармағында азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы, Елтаңбадағы қос қанатты пырақта бабалар ерлігі жатыр. Көк Туымызда байтақ елден бақыт тапқан жұрттың жан тебіренісі жатқаны анық. Ал оны құрметтеуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деп жеткізген болатын. Біздің өңіріміздің жастары мұны жүрекпен қабылдап, жете түсіне білді. Бүгінгі күнге дейін аймақ жастары елдігіміздің нышанына айналған рәміздеріміздің рухын асқақтату мақсатында көптеген іс-шараларды атқарып келді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шаралар легі жалғаса береді. Бұл ретте жастар бастамаларын дамыту орталығы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді, - дейді Т.Айтбаев.

Т.Айтбаевтың айтуынша, жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен рәміздерді ұлықтауға арналған шара жыл сайын жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы егемендігіміздің берік негізінің бірі Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақыру, отансүйгіштік сезімін күшейту мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырылған. Оған қатысқан студенттер елдік пен ерлікті арқау еткен патриоттық әндерді әуелетіп, домбыра шанағынан күмбірлете күй төккен. Қала тұрғындарына арнайы сый әзірлеп, мереке қарсаңында көпшілікке жалаушалар таратқан. Бұдан бөлек, жастар арасында интеллектуалды ойындар, флеш-мобтар ұйымдастырылған. Осылайша, азат елдің арманшыл ұрпағы барша жұртты тұғыры биік рәміздерімізді қастерлеуге шақырған.

- Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. «Жастар жылы» аясында рәміздерімізді кеңінен насихаттасақ дейміз. Осы мақсатта арнайы акция ұйымдастырудамыз. Дәл қазіргі уақытта облыс жастары арасында «Тумен бірге селфиге түсу» эстафетасы басталды. Оған қатысушылардың қатары да өте көп. Бұл өз кезегінде ел-жерін құрметтеп, қастерлейтін жастардың аз емес екенін көрсетеді. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Рәміздер алаңында айтулы мерекеге орай үлкен іс-шаралар өткізіледі. Биыл да жастар қала тұрғындарын тағы бір тамаша тарту жасап, қуантатын болады, - деді Т.Айтбаев.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz