Емдік қасиетімен танылған әйгілі Маралды көлі болашақта танымал туристік аймаққа айналары анық. Небары 3 жылдың ішінде көздің жауын алар-лықтай келбетке ие болған демалыс аймағы жаңа маусымды ашып, туристерді қабылдауға сақадай сай. Тіпті, көптен бері уәде ретінде айтылып келе жатқан марал мүйізімен емдеу орталығы да биыл ашылмақ. Марал мүйізімен емдейтін шипажайды ашу үшін 2017 жылы 50-ден астам жануар Шарбақты өңіріне жеткізілген болатын. Бүгінде оның саны 60-қа жуықтаған.

Маралды демалыс аймағындағы биылғы өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов былай дейді:

- Емдік қасиетке ие, суы дәрі, батпағы көптеген дертке шипа бола алатын демалыс аймағы келушілерді қарсы алуға әзір. Мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Жыл сайын кемшін тұстарымызды ретке келтіріп, тұтынушыларымызға барынша қолайлы жағдай туғызуды көздеп келеміз. Биыл Алла сәтін салса, маралдың мүйізінің қанымен емдеуді іске қосамыз. Инвес-торлар күз айында маралдың мүйізін қағып алып, оның емдік қасиеті жойылып кетпес үшін арнайы мұздатқышта сақтап отыр. Сонымен қатар, жаңа маусымда қызмет көрсету жүйесін толықтай электронды жүйеге көшіреміз. Мұнда әр келген демалушы кіре берістен арнайы карточка алып, соған өзінің жағдайына сай қаржы салады. Сол арқылы демалыс аймағында өзіне қажетті кез келген қызметті ала алады. Яғни, әйгілі Алтай өлкесіндегі «Яровое» курорттық қалашығындағы жүйені өзімізге енгізіп отырмыз, - деді Ә.Әбеуов.

Сонымен қатар, Маралды көлінің кіре берісіне және шомылу аймағына келушілерге арналған билбордтар орнатылған. Мұнда тұзды судың емдік қасиеті, көлге түскенде сақталатын қатаң тәртіптер мен батпақтардың қандай ауруларға ем болатыны көрсетілген. Өйткені бүйрегі не жүрегі ауыратын адамдар денесіне балшық жағып, кейіннен көлге түскенде сырқаты сыр беруі әбден мүмкін екен. Осындай келеңсіздікті болдырмас үшін жауапты адамдар ескерту тақталарын орнатуды жөн көріпті.

Бұдан бөлек, мұнда 10 киіз үй құрылып, демалушылардың көңіл көтеруі үшін би және ойын-сауыққа арналған орталықтар ашылмақ. Алғашқы 2 жылда осында келген демалушылардың санын ескерген инвесторлар биыл автотұрақты 1000 орынға дейін кеңейткен.

Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында қолға алынған жобалар саны мұнымен шек- телмек емес. Мәселен, былтыр құны 150 млн. теңгені құрайтын алып аквапарк салынғаны есімізде. Биыл көл жағасына демалушыларға арналған ағаш және контейнер үйлер жетізілген. Сонымен қатар, 10 млн. теңгеге демалыс аймағындағы тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, дәл осындай қаржыға тағы бір пирс салынып, қосымша шлюздер тазартылып, жағажайда арнайы демалуға арналған орындықтар орнатылған екен. Енді көл жағасында жатып қыздырынуға арналған жалпы саны 2500 орындық бар.

Өткен жылы демалыс аймағын толықтай электр жүйесімен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 28 млн. теңге бөлініп, Маралды көлі жарықтандырылған болатын. Ал Маралды-Көлбұлақ арасын жалғап тұрған жолдың 4,7 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, оған облыстық бюджеттен 350 млн. теңге жұмсалған еді. Алдағы уақытта осы екі аралықтағы қалған 3 км жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін арнайы құжаттар әзірленіп, облыс әкіміне ұсынылмақ.

Шарбақты ауданында ішкі туризмді дамыту бойынша аймақтағы тұзды көлдер, қарағайлы ормандар мен қасиетті жерлерге туристерді тарту мақсатында 250 шақырымды құрайтын туристік бағыт ашылғаны белгілі. Бұл сапар арқылы тынығушылар Маралды көлінен Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне зиярат етіп, қарағайлы алқапта демалуға мүмкіндік алады.

29 маусым күні Маралды демалыс аймағы салтанатты түрде ашылады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz