ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деген болатын. Содан бері қазақ жазуын латын графикасына көшірудің көптеген сатысынан өтіп, жаңа алфавит құрастырдық. Қазір елімізде осы жаңа нұсқаға көз үйретіп, халыққа насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Кейбір оқуға және жазуға қолайсыздау болған белгілерді ғалымдарымыз қайта талқылап, ыңғайлы нұсқаларын ұсынатындарын алға тартуда. Дегенмен, елімізде Латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиін түсіндіру және оқып, жазуды үйрету жұмыстары басталып кетті.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Дәулет Темірболаттың сөзінше, қазіргі таңда әрбір ауданда латын әліпбиін оқытатын курстар ашылып, семинарлар ұйымдастырылуда. Көшпелі семинар төмендегідей екі тақырыпқа бөлінген. Бірінші бөлімде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін оқыту мәселелері және қазақ тілін оқыту жөніндегі типтік бағдарлама мен стандарт талаптарын іске асыру мәселесі айтылады. Екінші бөлімде латын әліпбиін енгізудің тиімді әдістері, терминология және ресми құжаттарда қолдану, аудармадағы жиі кездесетін орфографиялық, пунктуациялық ережелерді ескеру мәселелері талқыланады.

- Бірінші көшпелі семинар Екібастұз қаласында және Май ауданында ұйымдастырылды. Көшпелі семинардың екінші кезеңі Павлодар мен Баянауыл ауданында өтпек. Жалпы, жыл соңына дейін 200 адамды қамту жоспарланған. Негізінен, әр аудандардағы тіл мамандары мен іс жүргізу қызметкерлері қатысуда. Бұған облыстық «Ана тілі» орталығының мамандары жауапты. Мұғалімдер латын әліпбиінде сауатты жазу, оқу, іс жүргізу және грамматикалық ережелерін түсіндіру бойынша сабақтар өтеді. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы ғалымдар мен тіл мамандарының онлайн семинарын біздің мамандар тікелей тыңдай алады. Бұған дейін Ақсу қаласы мен Железин және Аққулы аудандарының мамандары онлайн режиміне қосылған. Онлайн семинарға жыл соңына дейін 250 адамды қатыстыру жоспарланған, - дейді Дәулет Темірболат.

Жақында елімізде латын алфавитін кішкентай балалардың меңгеруін жеңілдету мақсатында «Әліппе» оқу кешені құрастырылғаны мәлім. Бұл - мектепке әлі бармаған балаларға арналған оқу құралы. Біздің өңірде мектепке дейінгі мекемелерге дәл осындай 200 «Әліппе» кешені таратылды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелер мен жеке қызмет көрсету орындарының маңдайша жазуларын, елді мекендердің стеллаларын латын әліпбиінде жазу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, көше атаулары да латынша жазылуда. Бұған біздің облыста ағымдағы жылдың қаңтар айында рұқсат берілген. Ертіс аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Толғанай Рахметованың сөзінше, аудандағы үш ауылға кіреберістегі стелланың жазуы латыншаға ауыстырылған. Сондай-ақ, тағы төрт ауылға тапсырыс берілген. Қалған ауылдар бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал, аудан орталығындағы үш мекеменің маңдайша жазуы мен еңбек ері және батырлар алаңының мекенжайы латын әліпбиіне ауыстырылған.

- Алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маңдайша жазуын латын қарпімен жазып ілдік. Кейін бұл үрдісті басқа мекемелер де іліп әкетіп, ауыстыруда. Сонымен қатар, Голубовка ауылының кейбір көшелерінің тақтайшалары латын графикасы бойынша жазылуда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Біздің бөлім мамандары қажетті әдістемелік көмек көрсетуде. Шығындар жергілікті бюджет есебінен төленіп жатыр, - дейді бас маман.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz