Мамыр айының басынан бастап іске қосылған бұл жоба - Елордадан баспана таба алмаған көпбалалы отбасыларға арналған тың жоба. Екібастұзға келіп, үйлі болған көпбалалы отбасылардың тұрғын үйді жалдау құны бір шаршы метрге 99 теңгені құрайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында қоныс аударушылардың барлығы Екібастұз қаласында бой көтерген 4 подъезді, 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге қоныстанған.

- Көшіп келушілер үш бөлмелі пәтерге айына небары 7300-ден 8000 теңге аралығында ақша төлейді. Барлық жанұяның 6 жастан асқан балалары мектепке алынса, кішкентайлары балабақшамен қам- тылды. Ал қоғамдық көлікте балалар мен аналар тегін қатынайды. Қоныс аударушыларға қойылатын басты талап – жанұяда кемі бір адамның мамандығы болуы керек. Ал егер біліктілігі бар болып тұрып, оларға бос жұмыс орнын тауып бере алмаған жағдайда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқыту курстарына жібереміз. Онда өзімізге қажетті жұмысқа орналастыру үшін 3 айлық курста оқытып алуымызға болады, - дейді Х.Кәшкенова.

Бүгінде кеншілер қаласында аса қажетті салаларда арнайы мамандардың жетіспеуі жиі байқалады. Міне, «Нұрлы Ертiс» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырып, шаһарға қажетті мамандарды көптеп тартуға септiгiн тигiзіп отыр дейді мамандар. Ал өңiрге қоныс аударған отбасы-лардың әр мүшесiне бiрреттiк 35 АЕК көлемiнде көмек берілсе, бiр жылға дейiн коммуналдық қызмет тегiн көрсетiлмек.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz