Бұл күні Ертіс өзенінің жағалауына жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Адам саулығы деген абзал іске айрықша үлесін қосып келе жатқан дәрігерлерді төл мерекесімен облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов құттықтады. Ол соңғы жылдары аймағымыздың медицина саласы бірқатар табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Осы орайда, бас сахнада аймағымыздың денсаулық сақтау саласының дамуынан сыр шертетін арнайы бейнефильм көрсетілді.

Кәсіби мереке күні өз ісіне адал дәрігерлер «Еңбек ардагері» медалімен, «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар дәрігер облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ, медицина саласының үш үздік қызметкері дәрігерлер арасындағы ең сыйлы марапатқа лайық деп танылды. Атап айтсақ, облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тельман Әлғожин «Жылдың үздік дәрігері» атанды. Павлодар қалалық №3 емханасының бас дәрігері Қайырлы Қабулов «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» атағына ие болса, «Үздік ІТ қызметкер» атағы сол емхананың цифрландыру бойынша менеджері Сұлтан Рүстемхановқа бұйырды.

- Бұл - барша дәрігерлер қауымына көрсетілген зор құрмет. Еңбегіміздің еленгені деп білемін. Соңғы жылдары аймағымыздың денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, медицина мекеме-лерінің заманға сай техникалық жабдықталу деңгейіне көңіл толады. Онымен қоса биыл жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Мұның барлығы - саланы дамытуға зор қолдау, - деді Т.Әлғожин.

Дәрігерлердің төл мерекесінде өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккен Александр Жұмабаевқа да ерекше құрмет көрсетілді. Облыс орталығының тұрғыны өткен жылдың күзінде тұрғын үйдің алтыншы қабатының терезесінен құлаған бес жасар қызды құтқарып қалған болатын. Бұл батырлығы үшін ол «Өмірлік ерлігі үшін» номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар, Ертіс аудандық ауруханасының хирургі Зинаида Раздорская «Павлодар облысының Алтын скальпелі» атанса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас невропатологы Сәуле Мұқатова «Павлодар облысының Алтын фонендоскопы» номинациясына ие болды. Ана мен бала өміріне жауапты Екібастұз перзентханасының акушер-гинекологы Любовь Даллакян «Өмір сыйлаған алтын қол» номинациясына лайық деп танылды.

Мұндай сый-құрмет өңір дәрігерлерінің еңбегін ұлықтатып, қоғамдағы беделін асыруға ықпал етері сөзсіз. Салтанатты шара елімізге кеңінен танымал эстрада жұлдызы Дильназ Ахмадиева мен жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.


Зинаида РАЗДОРСКАЯ, «Павлодар облысының Алтын скальпелі» номинациясының иегері:

- Бұл марапат - адал еңбегімнің жемісі. Ертіс аудандық ауруханасында қызмет етіп келе жатқаныма 50 жыл толды. 30 жыл хирургия бөлімшесін басқардым. Алғашқы еңбек жолымды Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде медбике қызметінен бастаған болатынмын. 1969 жылы медициналық университетті тәмамдаған соң, жолдама бойынша Ертіс аудандық ауруханасына қызметке орналастым. Қазіргі уақытта адамдарды емдеу жолында қызмет етіп келемін. Ертіс ауданынан бөлек, Железин, Ақтоғай аудандарына шұғыл жағдайда ота жасауға шығып тұрамын. Еңбегімізді бағалағаны үшін басшылыққа алғысымды білдіремін. Барлық әріптестеріме зор денсаулық, табыс тілеймін.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz