Енді мұнда латын әліпбиін және оның емле ережелерін оқыту курстары ұйымдастырылады. Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Нығман Жүсіпов, бөлім басшылары және аудандағы мектептер мен колледждердің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері қатысты. Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары жөнінде бейнематериал көрсетіліп, осы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Толғанай Рахметованың сөзінше, енді бұл орталықта ересектерге арналған тегін оқу курстары ұйымдастырылады. Қазіргі күні латын әліпбиі курсының алғашқы тобы жинақталуда. Бір топқа шамамен 25-30 адам қабылданады. Жыл соңына дейін әртүрлі санаттағы 200-ден астам адамды оқыту жоспарланған. Сонымен қатар, жазғы уақытта латын графикасын оқытатын тренерлермен бірге елді мекендерді аралап, көшпелі семинарлар ұйымдастыру көзделген.

- Бұдан былай қазақ жазуын латын графикасына көшіруге бағытталған іс-шаралардың барлығы осы орталықта атқарылады. Мысалы, әдістемелік материалдарды дайындау, латын қарпінде жазылатын көрнекі ақпараттарды тексеру жұмыстары жүргізілді. Себебі қазір аудандағы бірқатар мемлекеттік мекеме мен жеке кәсіпорындардың маңдайша жазулары латын әрпінде жазылуда. Осыларды бір жүйеге түсіру – біздің міндетіміз. Жалпы, латын әліпбиін талқылау, насихаттау – бүгінгі күндегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Осы салада болып жатқан жаңалықтардың көбі ғылыми ортада қалып қояды да, қарапайым халыққа жетпей жатады. Міне, солардың барлығын жарыққа шығарып, көпшілікпен бөлісу, пікір алмасу маңызды. Латын әліпбиіне көшу жұмысы соны құрастырып жатқан мамандарға ғана емес, әрбір қоғам мүшесіне қатысы бар деп ойлаймын, - дейді Толғанай Рахметова.

Орталықта курс маусым айының 19-ы күні басталды. Сабақты жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» орталығында білім алып келген қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Айсұлу Оразқызы жүргізеді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz