Дүбірлі думан Екібастұз қаласындағы «Шахтер» саябағында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға шаһардың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері мен олардың өнегелі ісін жалғастырушы жас ұрпақ, сондай-ақ, қала жұртшылығы мен қонақтары көптеп жиналды. Шаһар тұрғындарын Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

- Екібастұз қаласы - еңбекшіл қоғамның тұрақты шаһары. Қаламыз жыл сайын көркейіп келеді. Әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан істер аз емес. Тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда. Бұдан бөлек, қаламызға қарасты ауылдарда да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта барлық дерлік ауылдық округте су тарту жұмыстары сәтті жүргізілуде. Өткен жылы Шиқылдақ ауылы сумен қамтылса, биыл мұндай жұмыстар 9 ауылдық округте жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды. Биыл тек Екібастұз-Бесқауға бағытындағы жолға 2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осы іспетті ілгерінді істер алдағы уақытта да жалғасын табады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін, - деді Н.Әшімбетов.

Аталмыш шарада шаһар басшысы қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Сонымен қатар, бұл кеште алты бала тәрбиелеп отырған екі көпбалалы анаға «Күміс алқа», Екібастұз қаласы күнінде дүниеге келген 6 баланың ата-анасына балаларының туу туралы куәліктері мен арнайы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Бұдан бөлек, қала күні қарсаңында шаңырақ көтерген екі отбасыға неке қию туралы куәліктері берілді.

Бұл күні жиналғандар мерекелік шараларға куә болды. Ел назарына ұсынылған ерекше көрмелер көптің қызығушылығын тудырды. Думан сән- салтанаты жарасқан концерттік бағдар-ламамен жалғасты. Театрландырылған көріністер көптің көңілінен шықты. Жиналған қауымды жергілікті өнерпаздардан бөлек, «Азия», «Бақай» топтары мен «ВИАAmericanoBand» ұжымы құттықтады. Думанды шара соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Мерекелік шаралар легі мұнымен толастаған жоқ. Қала күніне орай ипподромда бәйге ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты сыйлықтарға ие болды.


Нұрлан РАМАЗАНОВ, Астана қаласының тұрғыны:

- Екібастұз – менің туған қалам. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрамын. Қала күні тойланады дегенді естіп, арнайы келдім. Бұл қала менің балалық шағымның куәсіне айналған. Сан түрлі арман-қиялдарымды жүзеге асырып, балалық асқақ арманымды орындауға мүмкіндік берген қала. Қаламыз жыл санап жаңарып, жасарып келеді. Жаңа жобалар жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қала аумағы кеңейіп, сәулеті келісті ғимараттар бой көтеруде. Мұның барлығы кеудемізге қуаныш ұялатады. Алдағы уақытта қайтадан туған жеріме келіп, көркейтуге өз үлесімді қосқым келеді. Қаламыздың болашағы жарқын болсын.

 

Мереке АМАНТАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz