Дәл осы сұрақ барлық ата-ананы толғандыратыны сөзсіз. Шыны керек, он бір жыл бойы оқып, мектеп бітірген түлектердің бәрі бірдей мемлекеттік білім грантының иегері атана бермейді. Тіпті, кейбір оқуда озат оқушылардың да «асыл арманына» қол жеткізуі үшін өзі қалаған мамандығын ақылы түрде оқуына тура келеді. Себебі, заңгер, қаржыгер, экономист сынды мамандықтарға грант өте аз бөлінетіндіктен, кей жылдары мүлдем бөлінбейтіндіктен, бұл саланы таңдағандардың өз қаржысына жоғары білім алудан басқа амалы жоқ екені анық. Сондай-ақ, кейбір түлектер шетелде оқығанды армандайды. Алайда ақылы оқудың бағасы да қымбатқа түсетінін ескерсек, ата-ананың қиналып қалатыны шындық. Бұл жағдай көптеген адамдарды банктен несие алуға мәжбүрлейді. Статистикалық деректерге жүгінсек, қазіргі таңда кейбір жоғары оқу орындарында білім алу құны жылына 2 млн. теңгені құрайды екен. Мұндай қомақты қаражатты несиеге алып, кейін оны еселеп төлеу – үлкен шығын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы осы мәселені шешудің оңтайлы жолын ұсынып отырғанын атап өткен жөн.

Сонымен, бұл қандай тәсіл? Елімізде соңғы 6 жылдан бері мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қызмет етуде. Ата-аналар осы жүйенің көмегімен «AQYL» білім беру депозитін ашып, баласының оқуына ақша жинай алады. Бұл депозиттің артықшылығы - салымға жыл сайын мемлекеттен ақшалай сыйақы түсіп тұрады. Жүйе іске қосылғалы бері салымшыларға төленген мемлекет сыйақысының жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеден асқан. Депозиттің бұл түріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді, дейді қаржы орталығының мамандары.

Қаржы орталығы өкілдерінің айтуынша, «AQYL» білім беру депозитін ашу өте оңай. Оның өз тұтынушыларына ұсынатын бірқатар бонустары да бар. Біріншіден, депозитке 10% мөлшеріндегі банк сыйақысынан бөлек, мемлекеттен 5%-дан басталатын ақшалай сыйақы төленеді. Соның нәтижесінде, салымның табыстылығы жылына 15%-дан артады. Екіншіден, мұндағы жиналған қаражат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген. Ал бұл оның толық сақталуын қамтамасыз етпек. Үшіншіден, депозит үшінші тұлға тарапынан қандай да бір тыйым салулардан және өзге де шектеулерден қорғалған. Төртіншіден, табыс түрі ретінде мемлекет сыйақысына салық салынбайды. Бесіншіден, мемлекет сыйақысы 20 жыл бойы үздіксіз есепке жазылып тұрады.

Қазақстанда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске қосу идеясы білім жинақтарының халықаралық тәжірибесін зерттеудің нәтижесінде пайда болған. Мәселен, АҚШ-та балаларының оқуына ақша жинақтап жүрген америкалықтар үшін өте жоғары болып табылатын салықтардан босатылады. Қазақстанда салық салынбаудан бөлек, салымшыларға мемлекеттен бонустар беріледі. Әйтсе де, мұндай жүйе Малайзия, Сингапур, Еуропа елдері сияқты бірқатар мемлекеттерде сәтті іске асуда. Қазақстан - ТМД аумағында осындай тетікті енгізген жалғыз мемлекет. Бірақ, қалай болғанда да, ол білім алуға кететін шығынды 30-дан 70%-ға дейін және одан да көп үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бастапқыда атап өткеніміздей, «AQYL» білім беру депозитін ашу оңай. Ол үшін жеке куәлік немесе ата-ананың төлқұжаттары мен баланың туу туралы куәлігі болса жеткілікті. Салымшы депозитін өзіне қолайлы болатын кез келген уақытта және қалаған сомада толтыра алады. Депозитті ата-анасы ғана емес, сондай-ақ, үшінші тұлғаларға да толтыруға болады. Ол үшін банктің филиалына бару міндетті емес, терминалдар мен интернет-банкинг арқылы да толтыруға болады. Бұл өте ыңғайлы.

Жоғары оқу орындарына немесе колледжге түскеннен кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен жасалған шартты ұсынады, содан соң банк салымшының шотынан тікелей білім беру ұйымына оқудың ақысын аударады. Егер жинақталған қаражат оқудың ақысын төлеуге жеткіліксіз болса, бірақ оқудың толық құнынан 50%-ды құраған жағдайда клиент мемлекеттің кепілдігімен білім беру несиесін ресімдей алады.

Айта кетерлігі, бұл депозиттің нысаналы мақсатына ғана шектеу қойылады. Яғни, жинақталған қаражат Қазақстанда және шетелде оқудың ақысын төлеуге жұмсалуы тиіс. Егер салымшы жинақталған қаражатты басқа мақсаттарға жұмсайтын болса, есепке жазылған мемлекет сыйақысы қайтарылып алынады. Ал салынған жеке қаражат пен оған және мемлекет сыйақысына есептелген банктің сыйақысы салымшыда қалады.

Мұндай білім депозиттері шетелде әлдеқашан танымал болған және әлемнің жетекші ЖОО-на оқу ақысын жинақтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда жоғары білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін үкімет білім беру жинақтау депозиттері бойынша мемлекет сыйақысын төлеуді ұсынып отыр. Сол үшін қазіргі таңда білім грантын толық иеленуге ешкім кепілдік бермейтіндіктен, әр ата-ана өз баласының оқуына қажетті қаражатты алдын ала жинақтау туралы ойланғаны жөн.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz